«Қазақстаным-Ғажапстаным» мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Сәкен Сейфуллин мұражайының ұйымдастыруымен биыл жетінші мәрте өткізіліп отырған республикалық жыр мүшәйрасы ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне арналды.
«Қазақстаным-Ғажапстаным» айдарымен жарияланған мүшәйраға еліміздің түкпір-түкпірінен үлкенді-кішілі 50-ге тарта ақын қатысты. Ақындар аталмыш тақырыпты әр қырынан ашып, кеңінен толғауға құлаш ұрғанымен, көпшілігі діттеген жерден көріне алмады.
Қазылар алқасы дәмелі жырларды сараптай, саралай келе, 12 ақынды жүлдеге лайық деп тапты. Сонымен, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғара төрағалық еткен қазылардың шешімімен:
Бас бәйгені (2 миллион теңге) Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай «Қазақстан», «Рух жыры», «Қаратау» топтамасымен қанжығасына байлады.
Бірінші орын (1миллион теңге) – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының тумасы Ықтияр Мырзақұловқа бұйырды. Қазақстанның басты-басты 21 қаласын жырға қосып, еліміздің келісті келбетін жарқырата аша білген, оқырманға көп таныла қоймаған жас ақын мүшәйраның жаңалығы болды.
Екі екінші орын (500 мың теңгеден) қызылордалық белгілі ақын Толыбай Абылаевқа «Жерұйық» толғауы, астаналық жас ақын Арман Шеризатқа «Астана» өлеңі үшін берілді.
Алматылық Ғалым Қалибекұлы «Қазақстан мәңгілік махаббатым» топтамасымен, елордалық Олжас Қасым «Ебіней көрген ЭКСПО», аягөздік Ақаш Көксегенов «Менің алтын тірегім» толғауларымен (250 мың теңгеден) үшінші орыннан көрінді.
Ал, Достық Тілеубергенов (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы) «Көк туды сүйем», астаналық жас ақындар: Ұларбек Дәлей «Есіл бойын жағалата үй тіктім», Балтабек Нұрғали «Ел бақыты − Елбасы», Қуат Рахатұлы «Арман қала – Астана», Мұқият Қойшыбай «Гүл көмкерген Сарыарқа» өлеңдері үшін (150 мың теңгеден) ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Ақындарды марапаттау рәсімі 3 шілде күні «Жастар» театрында өтеді.