Қазақстан мұнайдан арылып, баламалы энергияға өтуді Норвегиядан үйренуі тиіс

Қазақстан мұнайдан түскен табысты қайта қалпына келетін энергия көздерінің дамуына бағыттауы керек. Немістің Covestro AG компаниясының өкілі Ричард Норткоут осындай пікір білдірді.

"Меніңше, Қазақстан мұнай мен табиғи газға бай ел болғанына қарамастан, энергия өндірудің альтернативті жолдарын дамытуы керек. Мысалы, Норвегия да мұнайға бай ел. Дегенмен, мұнайды экспорттап, одан түскен қаржыға жел электр станцияларын салып жатыр. Норвегтер болашақтың энергиясы қайта қалпына келетін ресурстарда екенін біледі. Сондықтан оған бүгін инвестиция жасап отыр. Себебі мұнай бір күні таусылады. Ал жел мен күн энергиясы сарқылмайды",– дейді ол "Климаттың өзгеру проблемаларының энергетикалық шешімі" сессиясына орай ұйымдастырылған "Болашақ энергиясы" форумында жасаған мәлімдемесінде.

Ол мұнай ресурсы көп болса да, күн энергетикасын дамытып жатқан Сауд Арабиясын мысал ретінде айтып өтті.

"Табиғи ресурстардың бар болғаны жақсы, әрине. Бірақ оған қарамай, баламалы энергия көздерін дамыту керек. Ал мұнайды тек жылу алуға емес, оның қоспасынан жоғары сападағы өнім дайындап, оны мұнай химиясында пайдаланудың өзге жолдарын қарастырған жөн",– дейді Норткоут мырза.

Сонымен қатар, спикер Астанада өтіп жатқан халықаралық көрменің елдегі қайта қалпына келетін энергия көздерінің дамуына жасалған алғашқы қадам екенін ескеріп өтті. "Маған Қазақстан павильоны ұнады. Ол жердегі жобалар дәстүрмен сабақтаса ұсынылған. Менің ойымша, бұл үрдісті баламалы энергия көздерін қолдану кезінде де ұстанған жөн. Ақырындап электр энергиясын өндірудің өзге жолдарына ауысу керек",– деді Ричард Норткоу.

Дереккөзі: vlast.kz