Еуропаның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Грекияның саяси-экономикалық жағдайы тұрақсыз болса да, өз халқына қажет энергия ресурсын өзі қамтамасыз етеді. Әзірге, Грекия үкіметінің баламалы энергияға байланысты іс-жүзінде қолданылып жатқан жобалары болмағанымен, жақын болашақта баламалы энергия ресурстары көздеріне сұраныс артатынына сеніммен қарайды екен.
Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Греция павильонына кіре берсеңіз "Welcome to Greece, energy is in the air ..." (Грекияға қош келдіңіздер, энергия ауада ... ) деген лозунгке көзіңіз түседі. Бір сәтте, сіз гректердің Никола Тесланың зерттеуіне сүйеніп, ауадан "еркін энергия" өндіру приципін дамытып жатыр деп ойлауыңыз мүмкін. Өкінішке орай, олай емес.
Гректер өз павильонында туристік орталықтарын жарнамалауға көбірек көңіл болген. Әрине, Грекия табиғаты – баламалы энергия көздері бола алады. Өкінішке орай, қазіргі таңда, бұл салада жасалып жатқан жобалары жоқ.
Бірақ, грек үкіметінің баламалы энергия ресурстарына қатысты жоспарлы даму үдерісі бар. Мысалы, Грекия 2020 жылға дейін баламалы энергия көздерінің жалпы электр энергиясын өндірудің 20 пайызын қамтуы тиіс. Оған су ресурстары жатқызылмайды. Тек Күн сәулесі мен желден алынатын электр энергиясы ескеріледі. Осылай Грекия Жерорта теңізінің климаттық қалыбын бұзбауға үлес қоспақ. Бұл жоспарды орындау бойынша Грекия Еуропада Франциядан кейінгі екінші орында тұр.