Бүкіл әлем көз тіккен ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне арнап ШҚО тұрғыны Болат Тағабай ұзындығы - 4 метр, биіктігі – 3 метр болатын алып асық жасады. Бұл туралы Астана әкімдігінің медиа орталығы хабрлады.
Автор алып асықты құрастыруға алты ай уақыт жұмсаған. Алдымен 50 мың асықты жуып кептіруге екі ай, одан сым темірмен конструктор мүсінін тоқуға тағы екі ай кеткен. Болат Тағабай алып асығын алдағы күндері жұмыс сапарымен Өскеменге барғалы отырған Елбасыға сыйға тартуды көздеп отыр.
"Өзімнің және отбасымның атымнан Елбасыға сыйға тартамын деп шештім. Алып асықты салтанатты түрде табыстаған соң Астанаға жеткізіледі. Әзірге оның нақты қай жерге орнатылаты белгісіз. Тек жабық ғимараттың ішіне қойылса игі. Сондай-ақ асықтың жанында суретке түсетін алаң мен асық ойнайтын шағын алаңқай болса деген тілегім бар", – дейді Болат Тағабай.
Шебердің айтуынша, Қазақстанға келген шетелдік туристерге қазақтың ұлттық құндылықтарын паш ететін осындай дүниелер көп болу керек.
"Алдағы үш айда дүйім жұрттың назары Астанаға ауады. Бұл қазақты әлемге танытудың бір жолы. Имидждік дүние деп атауға да болады. Алып асығым ЭКСПО-ға келген қонақтардың көзайымына айналады деп сенемін", – деді ол.
Айта кетейік, Болат Тағабайдың асық жинап бастағанына 16 жыл болған. Бүгінде оның қоржынында 100 мыңға жуық асық бар. Оның 50 мыңынан елордаға келгелі отырған алып асық құрастырылды. Бұл – 25 мың қоймен пара-пар.
Болат Тағабай – әлемдегі ең көп асық жинаған әрі ұлттық ойынды насихаттаушы ретінде әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына енген қазақ. Сондай-ақ ол Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай әулие мұражайының директоры.