ЭКСПО-2017: Оңтүстік Корея қазақстандықтарды несімен таңғалдырды?

ЭКСПО-2017: Оңтүстік Корея қазақстандықтарды несімен таңғалдырды?
Фото: baq.kz

Бүгін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Оңтүстік Корея павильоны салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі және аталмыш павильонның комиссары Ким Дэ Шик, КОТРА директоры Ким Дже Хонг және тағы басқа қонақтар қатысты.

 
Осы орайда Ким Дже Хонг Қазақстанның аумағы пайдалы қазба байлыққа толы болса да, жаңа энергетика саласын игеруге жасаған қадамын жоғары бағалады.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі ТМД аумағында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Көрменің тақырыбы да ерекше. Қазақстанның жері қазба байлыққа толы. Алайда 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жасыл технологиялар саласына баса мән беретіндігін мәлімдеді. Бұл қадам өте маңызды. Себебі, біз мұнайдың энергия көзі ретіндегі рөлі азайған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бізге баламалы энергияның жаңа көздерін табу өте өзекті. Мен «ЭКСПО-2017» көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтуі орынды деп ойлаймын», - деді ол.
 
 
Оңтүстік Корея «ЭКСПО» көрмесіне 19-рет қатысып отыр. Павильонның аумағы – 1 804 шаршы метр. Бұл көрмедегі ең үлкен павильонның қатарына кіреді. Павильон тақырыбы – «Болашақ энергиясы. Ақылды өмір». Корея Республикасы әлемнің 115 мемлекеті қатысып жатқан маңызды шараға тек үздік жобаларын алып келген. 

«Біздің павильонда сіздер жаңа энергия көздеріне саяхат жасай аласыздар. Сондай-ақ, біз күн, жел энергетикасы саласында соңғы үлгіде жасалған жобаларымызды алып келдік. Мұнда энергия көздерін тиімді сақтау технологиясы мен сандық технологиялар да бар», - деді ол.

Жалпы павильон 2 қабаттан тұрады. 1-ші қабатта көрменің маңызды бөлігі орналасқан. Ал 2-ші қабатта корей мейрамханасы, мұражай-дүкен бар.

Кореяның павильонына келген қонақтар, алдымен, оңтүстіккореялық танымал суретші Ким Джонг Ги туындысымен танысты. Кейін көрермендерге ерекше анимациялық шоу ұсынылды. Онда табиғатты құтқаруда жаңа баламалы қуат көздерінің маңызды екендігі көрсетіледі. Сахналанған көріністе Астан есімді жас жігіт Ара атты қыздың көмегімен жаңа энергияның қоршаған орта үшін өзекті екенін түсінеді. Бұл ерекше қойылым көрермендердің көңілінен шықты.
Келесі залда қазақстандықтар энергетикалық орманға кірді. Қонақтарға арнайы планшет берілді. Олар сол арқылы болашақ энергия көздеріне арналған арнайы ойындар ойнауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, бұл залда сумен жүретін машина, энергия көзінен қуат алатын ұшақтың макеті қойылған.
 
Дереккөзі: baq.kz
Ж. Жұмағұлов