ЭКСПО-2017 көрмесінің 2 миллионыншы келушісі тіркелді

ЭКСПО-2017 көрмесінің 2 миллионыншы келушісі тіркелді
Фото: vlast.kz

Тамыздың 4-жұлдызында Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің екі миллионыншы келушісі тіркелді. Ол – Орал қаласының тұрғыны Ғайса Жұмалиев. Көменің 2 миллионыншы келушісін «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов арнайы келіп құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті. Ал сәтті билеттің иегері Ғайса Жұмалиев арнайы ұйымдастырылған баспасөз конференциясында журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Ғайса Жұмалиев Лондон бизнес мектебінінің түлегі. 34 жастағы азамат мұнай және газ секторында 5 жыл жұмыс атқарған. Бүгінде ол мұнай секторына арналған химреагенттерді өндіретін жеке компанияны басқарады. Астанаға іс-сапармен келген кәсіпкер ЭКСПО көрмесіне арнайы бас сұққан. Ол ЭКСПО-2017 көрмесіне осымен екінші рет келіп отыр екен. Оның айтуынша, өзі көрменің 2 миллионыншы келушісі боламын деп мүлде ойламаған, Ғайса үшін бұл күтпеген тосынсый болды.


Ғайса Жұмалиев: 

– Көрменің кіреберісінде маған екі миллионыншы келуші екенімді айтқанда тіпті не істерімді білмей қалдым. Мен өте қуаныштымын. Елімізде өтіп жатқан көлемді халықаралық шараға екі миллион адамның келуі өте қуанарлық жағдай. Мен ЭКСПО-2017 көрмесіне билетті осы Астана қаласындағы «Мега» сауда ойын-сауық кешенінен алдым. Мен бұған дейін де көрмеде отбасыммен бірге бір рет келгенмін. 7 жастағы егіз ұлдарыма көрме қатты ұнады. Негізінен чех, неміс павильондарын араладық. Осы жолы іс-сапармен Астанаға жол түскен соң күндіз жұмыстарымды бітіріп, кешке ЭКСПО кешенін тағы бір аралауды ұйғарған едім. Міне, осындай қуанышты жайттың куәгері әрі кейіпкері болып отырмын.

«ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов айтып өткендей, о баста көрмеге келушілер саны 2 миллион, ал көрме нысандары мен халықаралық павильондарға кірушілер саны 5 миллион адамға жетеді деп болжанған. Қазіргі таңда көрменің аяқталуына 37 күн қалғанда көрмеге 2 миилион адам келіп үлгерді, ал көрме нысандары мен халықаралық павильондарға кіру көрсеткіші 15 миллионнан асып жығылады, яғни белгіленген межеден үш есеге артық.

Ахметжат Есімов, ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы: 

– Бүгін біздің Ұлттық компания үшін айтулы күн. Көрмеге екі миллион адамның келгеніне бәріміз куә болып отырмыз. Негізі жалпы көрме аяқталғанға дейінгі келушілердің межесі 2 миллион деп болжанған еді. Өздеріңізге белгілі, көрменің аяқталуына әлі бір айдан астам уақыт бар. Сондықтан келушілер саны межеден әлдеқайда асатынына көзіміз жетті. Белгіленген межеге уақытынан бұрын жетуіміз Елбасымыздың ауқымды жобасының ойдағыдай іске асып жатқандығын білдіреді. Бұл халықаралық шараға қыруар қаржы мен күш жұмсалды. Көрменің тақырыбы көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Президентіміз айтқандай, ЭКСПО көрмесі мемлекетіміздің өркендеуіне жан-жақты әсер береді. Статистикалық мекемелердің дерегіне сүйенсек, айталық Астананың өзінде экономикалық салалардың барлығында көрсеткіштердің өскенін байқап отырмыз. Үйлердің өту көрсеткіші 30 пайызға, тауар айналымы 30 пайызға, сауда ойын-сауық кешендеріне адамдардың баруы екі есеге өскен. Туризм саласы жандана бастағаны байқалады. Авиарейстер саны көбейтілді, Күніне 7000 адам авирейспен қаламызға ұшып келуде. Бұл өте жақсы көрсеткіштер. Маусым айында қызмет көрсету саласынан түскен салық көлемі екі жарым есеге ұлғайған. Бұл дегеніміз экономиканың барынша жанданғанын көрсетеді.

Ахметжан Есімов мырза ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталғаннан кейін халыққа толыққанды есеп біріліп, нәтижелер шығарылатынын айтты. Бүгінде алға қойған мақсаттың үштен екісін орындадық дейді төраға. Оның айтуынша, әрбір қазақстандық азамат ЭКСПО көрмесінің жетістіктерімен мақтануы тиіс. Өйткені көрме Елбасы атап өткендей, мемлекет үшін осындай дағдарыс кезеңінде ұтымды жоба болды.

Р. Роза