EXPO-2017 ресми түрде ашылды. Ауқымды шараны ашқан Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Қонақжай Қазақстанның елордасы - әсем Астанаға қош келдіңіздер! Бүгін біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Қазір көптен күткен халықаралық EXPO-2017 көрмесінің шымылдығы ашылды. Осы салтанатты мерекемен баршаңызды шын жүрегімнен құттықтаймын. Біз EXPO көрмесін ТМД және Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп, қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35-қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналады. Тәуелсіз ел символы - Астана нағыз ХХІ ғасыр қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады", - деді. Күллі әлем көз тіккен айтулы шараға 17 елден арнайы шақырылған мемлекет басшылары келіп жеткеннен кейін Конгресс-холлда таңғажайып шоу көрермен назарына ұсынылды. Мерекелік концерттен соң, алып отшашу болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай отшашу Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Отшашу амфитеатрда өткен мерекелік концертке ұласты.