Кеше еліміздің бас қаласы Астанада бүкіл әлем көз тіккен «EXPO-2017» Халықаралық көрмесінің жабылу салтанаты болып өтті. «EXPO-2017» көрмесінің жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрмені өткізу идеясын қолдағаны үшін Қазақстан халқына ризашылығын білдірді. Әлем назарын өзіне аударған көрменің көрсеткіштері қандай? Негізгі 10 көрсеткішті тізіп көрелік.
1. «EXPO-2017» Халықаралық көрмесінің басты символы «Нұр Әлемнің» құрылысына 13 000 тонна металл кеткен. Ал Эйфель мұнарасын салу үшін 9 мың тонна металл қажет болған. Шар жабындысы 2800 бірегей әйнектен тұрады.
2. «Нұр Әлемнің» үздік сәулет өнер туындылары қатарына енді.
3. «Нұр Әлем» сферасының жалпы аумағы - 22 000 шаршы метр. Бұл - төрт бірдей футбол алаңының көлемі.
4. Көрменің барлық нысандарының құрылысы үшін 56 мың тонна металл мен 500 мың тонна бетон жұмсалған. Бұл әлемдегі ең биік екі мұнараны тұрғызуға жетеді.
5. Көрмеде 4500 ерікті қызмет еткен.
6. Көрмеге үш айдың ішінде 178 елден 4 миллионға жуық адам келген. Бұл – жер шарындағы мемлекеттердің 90 пайызын құрайды.
7. Көрме кезінде 3500 мәдени іс-шара өткізілген.
8. Ғалымдар бүгінгі күні адамзат өмірін өзгертіп жатқан 153 ғылыми өнертабыс ұсынған.
9. 53 елдің мемлекет басшылары мен үкімет басшылары көрменің қадірлі қонағы мен қатысушысы болды.
10. Көрмеге келушілер 100 миллионнан аса суретке түскен.