Беларусь электробусы 5-7 минутта қуатталады

Беларусь электробусы 5-7 минутта қуатталады
Фото: onliner.by

Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінде Беларусь елінің өкілдері бірқатар инновациялық жобаларын алып келген. Олардың ең негізгісі - электробус.

Беларусь Республикасындағы Белкоммунмаш компаниясы жақында толығымен электр энергиясы негізінде қозғалатын қоғамдық транспорт түрін жалпыға таныстырды. Қазіргі таңда, E433 атауына ие электробус Минск және Мәскеу көшелерінде халыққа қызмет көрсетіп жүр.

Беларусь елінің Ғылым және Технология бойынша комитетінің жетекшісі Александр Шумилиннің айтуынша, электробустар толығымен автономды және қоршаған ортаға зиянсыз.

"Электробус троллейбус пен автобустың біріккен моделі негізінде жасалған. Оның артықшылығы қуаттау уақытында болып отыр. Электробустың батареясы небәрі 5-7 минутта қуатталады. Бұл энергия 20 шақырым қашықтыққа дейін жетеді. Сонымен қатар, электробустар әр аялдамада тоқтаған сайын қосымша қуаттау мүмкіндігін алып отырады", - дейді Шумилин мырза.

Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне барсаңыз, электробустың коммерциялық нұсқасымен толық таныса аласыз.  Ол бастапқыда Беларусь елі павильонының алдында тұрған. Ал қазір Mega Silkway көлік тұрағы аймағында тұр.

Электробустың троллейбус пен автобустан өзге де артықшылықтары бар. Айта кетсек, электробустың қозғалысы үшін ол үнемі электр көзіне қосулы тұруы міндетті емес. Сонымен қатар, литий-ионды батареяларының қаптауы –40 пен +40 градусқа дейінгі температурада тоқтаусыз қызмет көрсете алады.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Беларусь елі электробустан бөлек, 46 түрлі жобасын алып келген. Егер қызығушылығыңыз артқан болса, Беларусь Республикасының павильонына баруды ұмытпаңыз.

Ж. Өрісбай