Бұл адамдар – тағдырдың тәлкегіне мойымай, жарқын болашақ үшін күрескен рухы мықты жандар. Олар дене мүшесінің кемістігіне қарамай дүниені танып, оқу-білім игеріп, мағыналы ғұмыр кешсем дейді. Үш кейіпкеріміз де Ауғанстанның тумалары. Олар ертеңгі күндерінің нұрлы болуы үшін ешқандай қиындыққа қарамастан, шалғайдағы өзге бір мемлекетке келіп, білім алып жатыр.
Біз бүгін Түркияның Анкара қаласында білім алып жатқан бұл студенттердің өмірі турасында сыр шертеміз.
Салахаддин Сафи
- Менің аты-жөнім - Салахаддин Сафи. Ауғанстан астанасы Кабул қаласында тудым. Үйде жеті ағайындымыз. Кабул қаласындағы он екі жылдық мектепті тәмәмдадым. Әкем инженер болып жұмыс істейді. Ауғанстандағы арнайы бағдарлама бойынша Түркияда оқу мүмкіндігіне ие болдым. Бүгінде Анкара қаласында ТӨМЕР-де (Түркия Елшілігі жанындағы тіл үйрету орталығы) түрік тілін үйреніп жатырмын. Келесі жылы Анкара университетінде Фармацевтика мамандығы бойынша оқитын боламын. Түркияға алғаш келгенде қиындықтар болды. Басқа мемлекет, өзге тіл дегендей. Бірақ екі айдан кейін үйреніп кеттім. Қазір шүкір, тегін жатақханада тұрамын, 500 лира көлемінде шәкіртақым бар.
Он бес жасымда аяғымнан айырылдым. Балалармен бірге үлкен бір бақшада ойнап жүргенбіз. Ол жерде мина жасырынған екен. Жанымдағы досым байқаусызда минаны басып кетті. Жарылыс болып, досым дүние салды. Ал менің аяғыма ауыр зақым келді. Ұзақ емделдім. Дәрігерлер сүйегімнің қарайып кеткенін айтып, бір аяғымды кесу керек деді. Мұндай қасіретке шыдай алмадым. Үмітімді үзбей Пәкістан, Үндістан елдеріне барып емделдім. Бірақ еш нәтиже болмады. Ақыры бір аяғымды кесіп тастады. Өмір сүруге ықыласым қалмай, қатты қайғырдым. Сап-сау жүріп аяқтан айырылу деген оңай дейсіз бе?! Бір жыл түк те істемей, үйде жаттым. Ештеңе істемей жата бергесін қатты семіріп кеттім. Бұлай жата беруге болмайтынын ойлап, аман қалғаныма шүкіршілік айттым. Сол күннен бастап өзіме сөз бердім. Содан бері міне, білімге ұмтылдым, тұрақты түрде спортпен айналысамын.
Қазір жағдайым жақсы. Шетелде білім алып жатырмын. Түркияда білім жүйесі өте жақсы жолға қойылған. Сол себепті осы жақта оқуды жөн деп таптым. Оқуды бітірген соң, Ауғанстанға қайтып, еліме қызмет етсем деймін.
Исматулла Амери
- Мен, Исматулла Амери, Ауғанстанның Хайратон қаласында дүниеге келдім. Жиырма үш жастамын. Отбасында тоғыз ағайындымыз. Бес жыл бұрын әкем, бір жыл бұрын анам қайтыс болды. Бәрімізге қамқор болып отырған ең үлкен ағам 35 жаста. Мамандығы – дәрігер. Түркияға мемлекетім жіберді. Ағылшын тілінен сынақ тапсырып, арнайы білім грантын жеңіп алдым. Бүгінде Анкара қаласында ТӨМЕР-де (Түркия Елшілігі жанындағы тіл үйрету орталығы) оқып жатырмын. Құдай қаласа, келесі жылы Ыстамбұл қаласындағы Ыстамбұл университетінде Фармацевтика мамандығы бойынша оқуымды жалғастырамын.
Үш жасымда аяғым сынды. Есімде еш нәрсе жоқ. Ол кезде біздің елдің медицинасы нашар болатын. Сол себепті аяғымды емдейтін білікті дәрігер болмады. Сынған аяғым өспеген күйі қалып кетті... Содан бері міне, таяқ ұстап жүремін. Кішкентай кезімде өте қиын болды. Бала болып ойнай да алмадым. Сол кездерді еске алсам, көңілге өксік тығылады.
Біздің Ауғанстанда білім жүйесі жақсы дамымаған. Сондықтан қиын болса да Түркияға келіп оқудамын. Түркия өте жақсы мемлекет. Шетелдік студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Алғаш келгендегідей емес, қазір бәрі жақсы. Университетті бітірген соң еліме қайтамын. Сол жақтан үйленемін. Жақсы көретін қызым да бар.
Абдулахмат Нури
- Мен, Абдулахмат Нури, 1992 жылы Ауғанстанда тудым. Ұлтым – өзбек. Аталарымыз Ауғанстанға Бұқара жақтан көшіп келген. Ауғанстанда орта мектепті аяқтап, университетке оқуға тапсырдым. Әдебиет факультетіне грантқа түстім. Алайда әдебиетті оқығым келмеді. Өз еркіммен оқудан шығып кетім де, бір жыл бойы үйде бос жаттым. Сосын Түркия және Үндістан елдеріне білім гранттары бар екенін естідім. Бәріміздің де түбіміз түркі болғасын, ойланбастан Түркияға оқуға тапсыруға шешім қабылдадым. Мамандығым – Фармацевтика. Қазір Анкара қаласында ТӨМЕР-де (Түркия Елшілігі жанындағы тіл үйрету орталығы) түрік тілін үйреніп жатырмын. Келесі жылы Ыстамбұл қаласындағы Ыстамбұл университетінде оқуымды жалғастырамын.
Төрт жасымда біздің ауылға бір дәрігер келді. Білімсіз дәрігер екен. Мен сол кезде сырқаттанып жатқанмын, шешем сырқатымды емдеймін деп сол дәрігерге апарыпты. Дәрігер болса, ештеңенің байыбына бармай, аяғыма ине салады. Не болғанын білмеймін, содан міне, бір аяғым осындай жағдайға түсті. Сол кезден бастап оң аяғымның жетілуі баяулады. Өте қиын болды. Менімен жасты балалар жүгіріп жүргенде, мен үйде жататынмын. Бірақ осы өміріме тәубе.
Түркияға тез бауыр басып кеттім. Түрік бауырларымыз өте жақсы. Қоғамдық көліктерде орын беріп, әркез көмегін аямайды. Шетелдіктерге көзқарасы түзу. Құшағы ашық, пейілі ақ.
Арнайы Massaget.kz үшін: Түркиядан Шерхан Талапұлы
Суреттерді түсірген: Шерхан Талапұлы