Қазақстандық магистранттар мен докторанттарға Францияда оқуға мүмкіндік бар

Қазақстандық магистранттар мен докторанттарға Францияда оқуға мүмкіндік бар

"Абай-Верн" ұтқырлық білім беру бағдарламасына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды. Бағдарлама бойынша 30-дан астам қазақстандық магистрант пен докторант Францияда тегін білім ала алады. Ұтқырлық бағдарламасы пандемияға байланысты мораторий енгізілгеннен кейін бір жыл өткен соң қайта жүзеге асырыла бастады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Францияның Қазақстандағы Елшісі Дидье Канесс франция-қазақстандық стипендия туралы Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

2021-2022 оқу жылында екінші курстың 30 магистранты және Қазақстан мен Франциядағы ғылыми жетекшілермен бірлесіп диссертация дайындайтын 5 докторант "Абай-Верн" стипендиясын ала алады.

"Абай-Верн" стипендиясы магистранттар мен докторанттарға француз және ағылшын тілдерінде Франция университеттерінде оқу үшін беріледі. Үміткерлердің француз жоғары оқу орнына немесе ғылыми-зерттеу орталығына магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша оқуға алдын ала қабылданғаны туралы растау хаты болуы тиіс", - деді ҚР БҒМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының м.а. Эльмира Асан.
"Абай-Верн" стипендиясын жеңіп алған магистранттарға Ұлттық банк бағамы бойынша ай сайын 800 еуро, докторанттарға 1200 еуро мөлшерінде стипендия төленеді. Стипендиаттар Франциядағы университет жатақханасында орын алуға құқы бар, ұзақ мерзімді студенттік виза және франциялық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тегін тіркеле алады.

"Абай-Верн" академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша құжат қабылдау 2021 жылы 4 шілдеге дейін жалғасады. Кандидаттарды іріктеуді франция-қазақстандық тәуелсіз комиссия жүргізеді.

"Абай-Верн" - ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің бірлескен стипендиялық бағдарламасы. Келісімге қол қойылған кезден бастап 158 қазақстандық магистрант пен докторант беделді "Абай-Верн" халықаралық стипендиясының иегері атанған.

gov.kz

Г. Берік