Жыл сайын Түркияға әлемнің әр түкпірінен білім іздеген жас жеткіншектер ағылып келіп жатады. Осы жастардың өзге мемлекет емес, дәл осы түрік елін таңдауында не мән жатыр? Жастардың көздеген мақсаты қандай? Көптің көңілінен шыққан Түркия елінің білім беру жүйесінде қандай ерекшеліктер бар? Бұл жастар оқу бітірген соң туған еліне оралғысы келе ме? Дәл осындай сауалдар төңірегінде Анкара қаласындағы жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан шетелдік жастарды сауалнамаға тартқан едік. Төменде әртүрлі елден келген жастар аталған сұрақтар турасында сыр шертеді...
Мұса. 20 жаста. Конго.
Мен Конгоның Кисангани қаласында тудым. Шешем сауда-cаттықпен айналысады. Әкем қайтыс болған. Отбасыда төрт ағайындымыз. Орта мектепті Конгода оқып, соңғы үш жылын Түркияның Кайсери қаласында жалғастырдым. Бүгінгі таңда ТӨМЕР-де (Түркия Елшілігі жанындағы тіл үйрету орталығы) оқып жатырмын. Алла қаласа, келесі жылы Анкара қаласындағы Башкент университетінің саясаттану факультетінде оқуымды жалғастыратын боламын. Бұл мамандыққа «Түркия бурслары» бағдарламасы бойынша білім грантын жеңіп алдым.
Шыны керек, Конгода білім беру сапасы төмен. Сол себепті, Түркия еліне білімімді жетілдіру үшін келдім. Бұл жерден жоғары білім алып, Отаныма оралсам деймін. Туған елден мамандығыма сай қызмет тауып, өз ісімді жалғастыруды көздеймін. Менің дінім – мұсылман. Түркия сынды зайырлы мұсылман мемлекетіне келгеніме де мұсылман болғанымның әсері көп. Әрине, алғаш келгенде тіл білмей қатты қиналдым. Уақыт өте келе үйреніп кеттім. Қазір Түркияны қатты жақсы көремін.
Түркия – білім алу үшін өте ыңғайлы мемлекет. Қаншама елден студенттер келіп оқып жатыр. Шетелдік деп шеттетпейді. Бүгінге дейін ешқандай қиындыққа тап болмадым. Құдайға шүкір, бәрі жақсы.
Хаким. 22 жаста. Ауғанстан.
Ауғанстанның тумасымын. Біздің елде шет елде оқу үшін арнайы бағдарламалар қарастырылған. Метеп бітірген жылы сынаққа қатысып, жоғары балл жинадым. Түркия, Малайзия, Үндістан елдерінің бірінде оқу мүмкіндігіне ие болдым. Содан Түркияда оқуды ұйғардым. Түркияға өткен жылы біздің елден 2500 студент келді. Қазір әртүрлі қалалардағы ТӨМЕР-де (Түркия Елшілігі жанындағы тіл үйрету орталығы) түрік тілін үйренудеміз. Бұл мемлекетте оқып жатқаннан кейін, міндетті түрде осы елдің тілін үйренуге тиіспіз. Биыл тіл үйреніп болғасын, медицина мамандығы бойынша оқуымды жалғастырамын.
Оқуымды бітіргеннен кейін елге қайтамын. Туған елге қызмет ету бәріміздің парызымыз. Біздің ел жастардың жоғары білім алуы үшін жыл сайын арнайы бағдарламалар ұйымдастырып, шетелге оқуға жіберуде. Өзге мемлекеттермен келісе отырып қаражат мәселесін де оңтайлы шешуге тырысады. Қазір мен 500 лира көлемінде шәкіртақы аламын. Өмір сүру үшін жеткілікті. Түркияға бауыр басып кеттім. Шетелдіктерге жылы шыраймен қарайды. Адамдары сыпайы, көмек көрсеткісі келіп тұрады. Ешкімді бөле жармайды. Басында тіл білмей, біраз қиындау болды. Бәрі де адамның өзіне байланысты ғой. Үйреніп кеттік.
Ыдырыс. 21 жаста. Конго.
Мен Конго астанасы Браззавиль қаласында дүниеге келдім. Үлкен отбасыдан шықтым. Алты бауырым бар. Мектепті сол жерде оқыдым. Әкем мемлекеттік қызметте, ал анам үй ханымы. Түркияда өз қаржыммен білім алып жатырмын. Яғни, әкем оқу, жатақханаға секілді қажетті нәрселерге қаражаттарды өз мойнына алды. Бүгінде Гази университетінің ТӨМЕР-інде (Түркия Елшілігі жанындағы тіл үйрету орталығы) оқып жатырмын. Келесі жылы осы университеттің экономика факультетінде білімімді жалғастырамын. Одан кейін магистратура, сосын докторантура оқығым келеді. Бітірген соң Конгоға қайтып, елімде қызмет етсем деймін. Ағылшын, француз, түрік тілдерінде еркін сөйлеймін. Біздің Конгода 200-ден астам тіл бар, соның үшеуін білемін. Бос уақытымда футбол ойнаймын, спортпен айналысамын.
Түркияның экономикасы өте жақсы дамыған. Білім алу үшін барлық жағдай қамтамасыз етілген. Шетелдіктерге жақсы қарайды. Өзің де білесің, Түркия мұсылман мемлекеті. Сол себепті, осы мемлекетте оқуды жөн деп таптым. Конгода халықтың 80%-ы христиан, мұсылмандар тек 10% ғана. Сол аз мұсылмандардың бірі менмін. Түркияға алғаш келген кезде қазақ достарым болған. Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын, астанасының Астана екенін білемін.
Жейхун. 20 жаста. Әзірбайжан.
Мен негізі Әзірбайжанның Баку-славян университетінің студентімін. Түркияға Мевлана алмасу бағдарламасы бойынша келдім. Бүгінде Гази университеті Әдебиет факультетінің 2-курсында оқимын. Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бірінші семестрде Мевлана алмасу бағдарламасы бойынша тегін оқыған едім. Екінші семестрде өз қалауыммен, яғни өз қаражатыммен қайта келдім. Қайта келгенімнен де байқап отырған боларсыз, Түркияны қатты ұнаттым. Білім жүйесі жақсы құрылған. Студенттік жылдарымды Түркиямен байланыстырып отырмын. Жақында ғана «Түркия бурслары» бағдарламасына өтініш тапсырып қойдым. Егер өтіп жатсам бірінші курсты қайта бастаймын. Оқуымды жалғастыратын мамандығымды да таңдап қойдым. Радио, телевидение және киностудия саласында білім алғым келеді.
Түркияда оқуды қатты қалаймын. Біздің елде әлі күнге дейін кеңес заманының білім беру жүйесімен оқытылады. Бұл жақтағы оқу жүйесі Еуропаға қарап бой түзеген. Сондықтан Түркияда білім алу мен үшін жетістік. Оқуды бітірген соң, магистратураны басқа бір шет елде оқысам деймін. Өз ана тілімді қоспағанда ағылшын, түрік, орыс тілдерін білемін. Біраз қазақшам да бар. Менің бір туысқаным Астанада тұрады. Сіздің ел туралы жақсы білемін. Қазақ халқына деген құрметім бөлек. Түркияға келгенде Гүлжанат ұстаздың «Қазақ тілінде сөйлесу» сабағына қатысып тұрдым.
Оқуымды бітірген соң Әзірбайжанға міндетті түрде ораламын. Еліме барғасын журналистика саласында қызмет еткім келеді. Бұрындары телеарна мен радиода тілші болып жұмыс жасағанмын.
Арнайы Массагет үшін Түркиядан Шерхан Талапұлы
Суреттерді түсірген: Шерхан Талапұлы
Ұқсас жазбалар:
Таяқ ұстаған тағдырлар
Түркияда оқығыңыз келсе...
Нұркен Аралбеков: "Шетелде білім алу үлкен жауапкершілік артады"