Бүгін жанкүйерлер Еуропа чемпионатының "F" тобындағы – екі, "Е" тобындағы бір ойынын тамашалай алады. Сондай-ақ "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. Жүлделі орынға ілігуге әлі де мүмкіндік бар.
Венгрия – Франция
Венгрия мен Франция командалары арасындағы ойын 19 маусымда Будапештте өтеді ("Пушкаш Арена" стадионы). Ойын Нұр-Сұлтан уақытымен 19:00-де басталады. Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.
Венгрия
Португалдарға қарсы өткен матчта венгрлер бір ұпайға қол жеткізуге аз-ақ қалды. Бірақ 84 минуттан бастап 1 ұпай көзден бұл-бұл ұшты. Нәтижесінде алаң иелері 0:3 есебімен жеңіліп, топта соңғы орынға түсіп қалды.
Евро-2016-да Венгрия Португалиямен тең (3:3) ойнаған болатын.
Португалдардан жеңіліс Марко Росси командасы үшін осы жылдағы алғашқы ойын болды. Бұған дейін мадьярлар Андорраны (4:1) және Сан-Мариноны (3:0) жеңіп, әлем чемпионатына іріктеу аясында Польшамен тең (3:3) түскен болатын.
Ал жолдастық кездесулерде олар Кипрді ұтып(1:0), Ирландиямен (0:0) тең ойнады.
Франция
Француздар қазір топта екінші орында, бірақ топ басындағы португалдармен ұпайы тең. Олар бірінші ойында Германияны 1:0 есебімен ұтты. Франция үшін жеңіс сериясы жалғасып келе жатыр. Олар соңғы рет былтыр 11 қарашада Финляндия құрамасымен жолдастық кездесуде (0:2) ұтылған еді.
Француздар кейінгі кездесулерде немістерден бөлек, әлем чемпионатына іріктеу кезінде Босния және Герцеговинаны (1:0) және Қазақстанды (2:0) ұтқан. Еуроға дайындық кезінде Дидье Дешам командасы Уэльс пен Болгарияны ірі есеппен (3:0) ұтты.
Матчтың фавориты туралы айтпаса да түсінікті. 2018 жылғы әлем чемпионы топтың фавориттері ретінде өзін дәлелдеді. Олар португалдықтар сияқты венгр қорғанысын тас-талқан ете алар ма екен?
Германия – Португалия
Германия құрамасы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінің екінші турында Португалиямен ойнайды. Матч 19 маусымда Мюнхенде, Мәскеу уақытымен 22:00-де басталады. Ойынды отандастарымыз Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.
Португалия
Португалдар Еурода Венгрия құрамасын ойсырата (3:0) жеңді. Егер ойын емес нәтиже маңызды дейтін болсақ бұл жағдай қуантарлық. Бірақ ойынның 80 минутына дейін Сантуш командасы жақсы ойын өрнегін көрсете алған жоқ. Команда капитаны Роналдуға сәттілік жетіспесе, Бруно Фернандеш пас беруде жиі қателесті.
84 минуттағы Геррейро тепкен доп, Венгрия құрамасының футболшысының аяғына тиіп қақпа төрінен табылды. Осы сәттен бастап мадьярлардың еңсесі түскен болу керек, португалдардың ойыны жүре бастады.
Соңғы минуттарда Криштиану Роналду дубль жасады, соның арқасында ол Еуропа чемпионатының тарихындағы үздік сұрмерген атанды (11 гол - осы турнирдің рекордын орнатқан француз Мишель Платиниден ол екі гол озды).
Германия
Германия құрамасы өз тарихында алғаш рет Еуроның алғашқы кездесуін жеңіліспен бастады. Олар Франция құрамасынан 0:1 ұтылды.
Футбол парадоксы дегеніміз осы болар. Португалия нашар ойнап, үш ұпайға қол жеткізді, ал керісінше немістер 90 минут бойы шабуылдап ұпайсыз қалды.
Егер Матс Хуммельстің автоголы болмағанда командалар тең түсуі мүмкін еді. Бірақ Германияның Еуро-2020-ның ең қиын тобынан шығуға әлі де мүмкіндігі бар. Бірінші матчтағы жеңіліске қарамастан, Йоахим Левтің командасы өте мықты құрам.
Испания – Польша
Испания құрамасы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінің екінші турында Польша құрамасымен ойнайды. Матч 19 маусымда Севильяда, Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де басталады. Ойынды отандастарымыз Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.
Испания
Наурызда испандар әлем чемпионатының үш іріктеу матчын өткізіп, өз алаңында Грекиямен ұпай бөлісіп (1:1), Косовоны жеңді (3: 1), ал сырт алаңда Грузияны (2:1) ұтты.
Маусым айында испандар Португалиямен жолдасдық кездесу өткізді (0:0), содан кейін капитан Серхио Бускетске коронавирус диагнозы қойылып, командаға карантин жарияланды.
Бускетс пен қорғаушы Диего Льоренте Польшамен кездесуде алаңға шықпайды.
"Е" тобындағы Испания – Швеция арасындағы ойында есеп ашылмады. Севильядағы кездесу 0:0 есебімен аяқталды.
Бұл нәтиже таңқаларлық болды, өйткені испаниялықтар доптың 85 пайызына иелік етті және Швеция қақпасына 16 соққы жасады, бірақ гол соға алмады. Сонымен бірге, шведтер екі рет гол соғу мүмкіндігін жіберіп алды. Осылай екі команда да бірнеше мүмкіндікке ие болғанымен, қақпаны дәл көздейтін футболшы табылмаған еді.
Польша
Осы жылдың наурыз айында Паулу Соузаның командасы 2022 жылғы әлем чемпионатына 3 іріктеу матчтын өткізіп, Венгриямен тең ойнады (3: 3) және Англиядан жеңілді (1:2), Андорраны өз алаңында жеңді (3:0).
Маусым айында өз алаңында поляктар Ресей құрамасымен (1:1) және Исландиямен (2:2) тең ойнады.
Еуро-2020-да Польша Словакиядан жеңіліп қалды (1:2). Бұл матчта қақпашы Войцех Щенсный Еуро тарихындағы автогол соққан алғашқы қақпашы болды.
Жартылай қорғаушы Гжегорц Крыховяк қызыл қағаз алғандықтан Испаниямен ойнамайды.
Бұл командалар тарихта 10 рет кездескен, Испания 8 жеңіске жетіп, бір рет қана жеңілген. Соңғы рет қарсыластар жолы 2010 жылы түйіскен. Испандар жолдастық кездесуде поляктарды 6:0 есебімен жеңген болатын.
Екі команда да плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтау үшін ұпай алуы керек, ұпай әсіресе поляктарға қажет. Испания бұл ойында фаворит екені анық.
Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар.
Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады.
4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.
"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам ретінде пікір қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!