Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының 1/4 финалында Бельгиямен кездескен Уэльс құрамасы қарсыластарынан басым түсті. "Пьер-Моруа" стадионында болған ойында уэльстіктердің пайдасына 3-1 есебі тіркелді.
Букмекерлер мен футболсүйер қауым кездесуге дейін Бельгия құрамасын фаворит санаған. Эден Азар бастаған жігіттер ойынның алғашқы минуттарынан-ақ ол ойдың рас екенін дәлелдегісі келді. 3-минутта бар күшімен алға ұмтылып, қақпаға қатарынан үш соққы жасаған бельгиялықтарды Уэльс қақпашысы мен қорғаушылары әрең тоқтатты. Дегенмен 13-минутта Раджа Наингголан алыстан соққы жасап, командасын алға шығарды.
Соғылған голдан кейін Бельгия құрамасы ойын тізгінін уэльстіктерге беріп қойды. Британ аралдарынан келген жігіттер шабуыл артынан шабуыл ұйымдастырып, өз дегендеріне 31-минутта жетті. Бұл жолы бұрыштама добын қақпаға баспен бағыттаған Эшли Уильямс мүлт кетпеді. Бірінші тайм 1-1 есебімен аяқталды.
Екінші таймның басын тағы да бельгиялықтар ширақ бастады. Олар допқа көбірек иелік етіп, қарсыластарын біраз састырған еді. Алайда 55-минутта күтпеген жерден гол жіберіп алды. Бұл жолы Хэл Робсон-Кану оң қанаттан әріптесі асырған пасты сәтті қабылдап, қорғаушыларды әдемі алдап өтіп, допты қақпаға дәл бағыттай алды. Есеп 2-1.
Жіберілген голдан кейін есеңгіреп қалған бельгиялықтар есепті теңестіруге асықты. Десе де сәтті қорғана алған уэльстіктер оларды қақпа маңына жолатпай, өздері қарымта шабуылдар ұйымдастырумен жүрді. Нәтижесінде 85-минутта Сэм Воукс Уэльс құрамасының ойындағы үшінші голын соғып, кездесу тағдырын шешіп кетті. Есеп 3-1.
Сөйтіп Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып жатқан Уэльс құрамасы жартылай финалға өтті. Ол жақта бұл құраманы кеше Польшаны ұтқан португалдықтар күтіп отыр.