Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының "D" тобында өнер көрсететін Түркия құрамасы Ланс қаласындағы "Болларт-Делелис" стадионында Чехия құрамасынан басым түсіп, доданың келесі кезеңіне өту мүмкіндігін сақтап қалды.
Ойындағы алғашқы гол 10-шы минутта соғылды. Бурак Йылмаз 18 жасар Эмре Мордың асырған пасын жақсы пайдалана біліп, түріктердің осы кездесудегі, сондай-ақ Еуропа чемпионатындағы алғашқы голын соқты. Араға жеті минут салып чехтар есепті теңестіру мүмкіндігіне ие болған. Бірақ Томаш Сивоктың соққысы бағанаға тиді. Ал екінші таймда жақсы ұйымдастырылған шабуылдың нәтижесінде Озан Туфан Түркия құрамасының екінші голын соқты. Чехтар алға ұмтылуға тырысса да, олардың жасаған соққылары еш нәтиже бермеді. Ойын 2-0 есебімен аяқталды. Сөйтіп үш кездесуден кейін 3 ұпай алған түріктер өз тобында үшінші орынға жайғасып, жарысты жалғастыру мүмкіндігін сақтап қалды. Олардың додадағы тағдыры барлық топтардың ойыны аяқталғаннан кейін шешіледі.
Бұл ойынмен қатар өткен кездесуде Хорватия құрамасы 2-1 есебімен Испанияны жеңіп, 7 ұпаймен топтағы бірінші орынға, ал испандар 6 ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Қанжығасында 1 ұпайы бар Чехия құрамасы болса жарысты аяқтады.
Сондай-ақ, айтылған кездесулерден ертерек өткен ойындардың нәтижесі бойынша "С" тобында үшінші орын алған Солтүстік Ирландия құрамасы да жарысты жалғастыруға үмітті. Олар соңғы кездесуін Германия құрамасына қарсы өткізіп, 1-0 есебімен жеңілсе де қоржынында бар үш ұпайдың арқасында мүлдем ұпайы жоқ Украина құрамасынан жоғары тұр. Айта кетерлігі, бұл топтан плэй-оффқа Германия мен Польша құрамалары жолдама алған болатын.