Футболдан Еуропа чемпионатының «Е» тобындағы Италия мен Швеция құрамалары арасындағы ойын аяқталды. Доданы сәтті бастаған «скаудра адзурра» Скандинавия түбегінің өкілдерін соңғы минутта сан соқтырып кетті.
Антонио Конте жаттықтыратын Италия құрамасы топтағы бірінші ойында Бельгияны 2:0 есебімен ұтқан болатын. Екінші ойында шведтерді 1:0 есебімен ұтып, плей-офф кезеңіне шықты. Ойында италиялықтарға жеңіс сыйлаған голды 88 минутта Эдер соқты. Златан Ибрагимович бастаған жігіттер шабуылда ширақ өнер көрсеткенмен, тас қамал қақпашы Джанлуиджи Буффон қорғаған қақпаның саңылауын таба алмады.
Италия құрамасы топта 6 ұпаймен көш бастап тұр. Швеция мен Ирландияда 1 ұпайдан бар. Ал Бельгия құрамасында әзірге ұпай жоқ. Топтағы Ирландия мен Бельгия арасындағы ойын ертең өтеді.
Айта кетейік, бүгін Италия мен Швеция құрамаларынан өзге «D» тобында Хорватия мен Чехия (22:00), Испания мен Түркия (01:00) кездеседі. Екі ойынды да «Қазақстан» ұлттық арнасы тікелей эфирде көрсететін болады.