Португалия Еуропа чемпионы атанды

Франция елінде өткен Еуропа чемпионатында Португалия мен Франция құрамасы финалда кездесіп, 1-0 есебімен Португалия жеңіске жетті.

Ойынның бірінші таймында қос команда да есепті аша алмады. Бірінші таймның басты оқиғасы Португалия құрамасының капитаны әрі шабуылшысы Криштиано Роналдоның жарақат алуы болды. Роналдо біраз уақыт бойы ойынды ары қарай жалғастырып көрді, алайда жарақатының ауыр болуына байланысты ойынның 25-минутында оны Рикардо Куарежма алмастырды.
 
Француздықтар белсенді өнер көрсетіп, ойын басымдылығын өздері ұстады. Олар Португалия қақпасына екі қауіпті соққы жасап, есепті ашу мүмкіндігін алды. Бірақ та қақпашы Руй Патрисиу дер кезінде әрекет етіп құраманы голдан аман сақтап қалды.
 
Ойынның екінші таймында Португалия құрамасы қорғана жүріп шабуыл жүргізді. Ал француздардың жасаған қауіпті соққылары еш нәтиже бермей ойынды қосалқы уақытқа созуға мәжбүр етті.
 
Қосалқы минутта Португалия құрамасы шабуылды үдетіп, матчтың тағдырын шешті. Яғни ойынның 109 минутында жалғыз голдың авторы Эдер болды.