Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы ойындар аяқталды. "F" тобында өнер көрсеткен Португалия мен Мажарстан құрамаларының арасындағы кездесуде жеңімпаз анықталмады.
Плэй-офф кезеңіне бірінші не екінші орыннан жолдама алу үшін бұл ойында Португалия құрамасына жеңіс қажет еді. Алайда мадиярлардың қарқынын көрген Криштиану Роналду бастаған жігіттер тең ойынның өзіне риза болған сыңайлы.
Ойын португалдықтардың қауіпті шабуылдарымен басталса да алғашқы голды Мажарстан құрамасы соқты. 19 минутта жартылай қорғаушы Золтан Гера өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жібермей, командасын алға шығарды. Соғылған голдан кейін абыржыған португалдықтардың ойыны жүрмей қойды. Десе де бірінші тайм аяқталар шақта Роналдудың берген пасын тиімді пайдалана алған Нани есепті теңестіріп кетті.
Екінші тайм бастала сала, 47 минутта, Балаш Джуджак мадиярларды тағы алға шығарды. Бірақ араға үш минут салып Роналду гол соғып, есепті теңестірді. Мажарстан құрамасы бұл нәтижемен тоқтап қалмады. 55 минутта тағы да сол Джуджак ойындағы бесінші голды соғып, командасын алға жетеледі. Роналдудың нәтижелі соққысы бұл жолы да көп күттірмеді. Бұрыштан асырылған допты баспен ұрған ол дубль авторы атанып, командасын жеңілістен құтқарып қалды. Есеп 3-3.
5 ұпайы бар Мажарстан құрамасы өз тобында бірінші орынға жайғасса, Португалия құрамасы 4 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді. Ал екінші орын бүгін Австрия құрамасын 2-1 есебімен жеңген Исландияға бұйырды. Австриялық жігіттер болса чемпионатты тәмәмдады.
Сондай-ақ бүгін өткен "Е" тобындағы ойындардың нәтижесі бойынша Швеция құрамасы да үйлеріне қайтты. Оларды 1-0 есебімен жеңген Бельгия өз тобында екінші орын алса, бүгін өзара кездескен Италия мен Ирландия құрамалары, тиісінше бірінші және үшінші орындарға ие болды.