Бүгін Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатынның топтық кезеңінде соңғы ойындар өтеді. Плэй-оффқа жолдама алу мәселесін әлі толық шешпеген "Е" және "F" топтарындағы ойындар тартысқа толы болмақ. Ендеше әр кездесуге жеке тоқтала кетсек.
Португалия – Мажарстан
Осыған дейін Австрияны жеңіп, Исландиямен тең ойнаған Мажарстан құрамасы 4 ұпаймен "F" тобында көш бастап тұр. Ал додада әлі жеңіске жетпеген Роналду бастаған Португалия жігіттерінің қанжығасында тек 2 ұпай бар. Оларға жеңіс ауадай қажет, алайда жағымды нәтижеге қол жеткізу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Өйткені Бернд Шторк шәкірттері соңына дейін күресетін ұжым екенін өткен ойындарда дәлелдеген болатын. Бүгін жеңілген не тең ойнаған жағдайда, португалдықтар Еуропа чемпионатымен қош айтысуы мүмкін. Ал мадиярларға плэй-оффқа өту үшін тең нәтиже де жеткілікті.
Букмекерлік орталықтар ойында Мажарстан құрамасының жеңісіне – 10, тең ойынға – 4.34, Португалияның жеңісіне – 1.44 коэффициент беріп отыр.
Исландия – Австрия
"F" тобындағы екінші ойын Исландия мен Австрия арасында болмақ. 2 ұпайы бар исландиялықтар топтағы екінші орында тұр, алайда келесі кезеңнің жолдамасын әлі иемденген жоқ. Бір қызығы бұл топта 1 ұпаймен соңғы орында тұрған Австрияның да плэй-оффқа өту мүмкіндігі бар. Егер Португалия мен Мажарстан тең ойнап, австриялықтар исландиялықтарды жеңер болса, онда 2 орынға жайғасады. Үйге қайтқысы келмейтін қос құраманың кездесуі тартысты болмақ.
Букмекерлік орталықтар Исландияның жеңісіне – 3.79, тең ойынға – 3.2, Австрияның жеңісіне – 2.25 коэффициент беріп отыр.
Италия – Ирландия
Плэй-офф мәселесін шешіп қойған Италия бүгін жеңіске құштар Ирландия құрамасымен кездеседі. Бірі "Е" тобының басында, екіншісі соңында тұрған құрамалардың арасындағы ойын қызық болары анық. Бұл матчта тәжірибелі Италияндықтар өздерінің мінсіз көрсеткішін бұзбауға тырысса, ирландиялықтар үшінші орынға ілігуге ұмтылары анық.
Букмекерлік орталықтар Италияның жеңісіне – 2.45, тең ойынға – 3.18, Ирландияның жеңісіне – 3.33 коэффициент беріп отыр.
Швеция – Бельгия
Нағыз тартыс Ницца қаласында болатын сыңайлы. Мұнда Бельгия мен Швеция құрамаларының арасындағы ойын өтпек. Қос құрама да келесі кезеңге өту жоспарын толық орындамады. Жас әрі дарынды ойыншылардан құралған Бельгия командасы 3 ұпаймен топтағы екінші орында тұр, десе де Златан Ибрагимович бастаған жігіттер бүгін жеңіске жеткен жағдайда оларды басып озуы мүмкін.
Букмекерлік орталықтар Швецияның жеңісіне – 5.03, тең ойынға – 3.54, Ирландияның жеңісіне – 1.86 коэффициент беріп отыр.