- Негізгі бет
- Еуро-2016
- Массагет бәйгесі. Өз...
Массагет бәйгесі. Өз бағыңды сынап көр!
Бүгін футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі үш ойын өтеді. «Е» тобында Бельгия мен Ирландия, «F» Исландия – Венгрия, Португалия – Австрия құрамаларының ойындары өтеді.
Бельгия – Ирландия
Топтағы бірінші ойында Италия құрамасына 2:0 есебімен ұтылған Бельгия құрамасы үшін бүгінгі ойынның маңызы жоғары. Кіл мықты ойыншылардан жасақталған құрама бірінші ойында италиялықтарға қарсы шабуылда ширақ ойнағанмен, ешбір нәтижеге қол жеткізе алмаған еді. Есесіне сол ойында «скуадра адзурраның» тәжірибесі басым екені байқалған-ды.
ФИФА рейтингінде екінші орында келе жатқан құрама бүгін Ирландияны жеңе алмаса үлкен сынға ұшырары даусыз. Бұл ойында тағы ұпай жоғалтса, плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен алыстайтын болады.
Ирландия құрамасына келер болсақ, бірінші ойында шведтермен тең ойнады. Есепте алға шығып тұрып, тең ойнап қалды. Жанкүйерлердің көпшілігі бұл ойында Швеция құрамасы жеңіске жетеді деп топшылаған еді. Бірақ ирландиялықтар өр мінез танытып, маңызды ұпайларын иеленді. Дәл бірінші ойындағы ойын жүйесін ұстанатын болса, оңайлықпен есе жібермесі анық.
Букмекерлік орталықтар Бельгия құрамасының жеңісіне 1,81, тең ойынға – 3,58, Ирландия құрамасының жеңісіне 5,28 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен кешкі сағат 19:00-де басталады. Тікелей эфирде «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар.
Исландия – Венгрия
Бұл екі құрама топтағы бірінші ойындарын өте сәтті өткізді. Исландия құрамасы Португалиямен тең ойнаса, мажар елінің өкілдері Австрия құрамасын сан соқтырған болатын. Енді өзара мықтыны анықтап көрмек.
Жеңіске жеткен құраманың плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі арта түсері анық. Cондықтан да қос құрама аса сақ ойнайтыны сөзсіз. Бір ойыншының қателігі ойын тағдырын шешіп кетуі мүмкін.
Құрамалардың ойынға шығуы мүмкін құрамы:
Исландия: Хальдоурссон, - Скуласон, Арнасон, Р.Сигурдссон, Севарссон,- Гудмундссон, Г.Сигурдссон, Гуннарссон, Бьярнасон, - Сигторссон,Бедварссон.
Венгрия: Кирай, - Кадар, Лонг, Гузмич, Фиоло, - Герп, - Джуджак, Кляйнхайслер, Нодь, Немет, - Салаи.
Ойында аз да болса Исландия құрамасы фаворит саналып отыр. Букмекерлік орталықтар исландиялықтардың жеңісіне 2,77, тең ойынға – 3,04, Венгрия құрамасының жеңісіне 3,02 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалай аласыздар.
Португалия – Австрия
«F» тобындағы тартысты ойындардың бірі осы Португалия мен Австрия арасында өтеді деп күтіліп жүр. О бастан осы екі құрама топтағы екі орынды өзара бөліседі деп болжанған-ды. Алайда австриялықтар алғашқы ойында Венгрия құрамасына ұтылып, жағдайын қиындатып алды.
Австрия құрамасы бүгін ұпай жоғалтар болса, топтан шығу мүмкіндігін (біржола болмаса да) жоғалтары анық. Ал Португалия құрамасы үшін де бүгінгі ойында ұпай алу маңызды. Әсіресе бірінші ойында австриялықтардың қорғанысы әлсіздеу екенін байқадық. Ал бірінші ойында алаңнан қуылған Александар Драговичтің орнын қосалқы құрам ойыншыларының бірі басатын болады. Тәжірибелі қорғаушының жоқтығы оларға тағы қиындай соғатыны анық.
Құрамалардың ойынға шығуы мүмкін құрамы:
Португалия: Патрисиу, - Гаррейро, Пепе, Карвалью, Виейринья, - Гомеш, Данилу, Жоау Моутиньо, Куарежма, - Нани, Роналду.
Австрия: Альмер, - Фукс, Хинтерреггер, Предль, Кляйн, - Алаба, Баумгартлингер, - Арнаутович, Забитцер, Харник, - Янко.
Букмекерлік орталықтар Португалия құрамасының жеңісіне 1,89, тең ойынға – 3,52, Австрия құрамасының жеңісіне 4,76 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалай аласыздар.
Айта кетейік, Массагет порталы ұйымдастырған болжамдар бәйгесі жалғасуда. Ескерту ретінде айта кетейік, ертеңнен бастап 5-тен аз ұпай жинаған қатысушылар рейтингке енбейді. Бірақ, оған дейінгі жинаған ұпайлары есептеу жүйесінде сақталып тұрады.
О. Сансызбай