Бүгін түнде футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы ойындар басталады. «А» тобында Швейцария Франциямен, Румыния құрамасы Албаниямен кездеседі.
Швейцария – Франция
Франция плей-офф кезеңіне шығып үлгерді. Ал Швейцария құрамасы да топта жеңіліс тапқан жоқ. Албандарды ұтып, румындармен тең түсті. Дегенмен соңғы турда Румыния құрамасының Албаниямен ойнайтынын ескеретін болсақ, Швейцария құрамасы үшін Франциямен өтетін ойынның маңызы жоғары.
Швейцария құрамасы Франциядан жеңілген күннің өзінде үшінші орынмен топтан шығу мүмкіндігі бар. Ол үшін алаң иелеріне ірі есеппен есе жібермеулері тиіс. Сондай-ақ румындар албандарды ірі есеппен ұтса ғана Швейцарияны екінші орыннан ысыра алады.
Құрамалардың алаңға шығуы мүмкін құрамы:
Швейцария: Зоммер, - Родригес, Джуру, Шер, Лихтштайнер, - Джака, Бехрами, - Махмеди, Джемайли, Шакири, - Сеферович.
Франция: Манданда, - Динь, Умтити, Мангаля, Жайе, - Матьюиди, Шнейдерлин, Сиссоко, - Марсьяль, Каман, Жиру.
Букмекерлік орталықтар Швейцария құрамасының жеңісіне 5,75, тең ойынға 3,02, француздардың жеңісіне 1,93 коэффициент беруде. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 01:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалай аласыздар.
Румыния – Албания
Румындардың топтан шығу үшін үлкен мүмкіндігі бар. Ол үшін бүгін Албания құрамасын ірі есеп айырмасымен ұтуы керек. Ал осыған дейінгі екі ойында да қарсыластарына есе жіберген Албания құрамасы өздерінің тарихындағы алғашқы Еуропа чемпионатын сүреңсіз аяқтағысы келмейді.
Румындардың осыған дейінгі өткізген екі ойыны жанкүйерлер көңілінен шыққан болатын. Қорғаныста да, шабуылда да ширақ ойнай алатын құрамалардың бірі. Ал албандардың шабуылдағы нәтижелері төмендеу. Еуропа чемпионатында әлі гол соққан жоқ.
Құрамалардың алаңға шығуы мүмкін құрамы:
Румыния: Тэтэрушану, - Рац, Григоре, Кирикеш, Сэпунару, - Пантилий, Хобан, - Кипчу, Станку, Торже, - Кешеру.
Албания: Бериша, - Аголли, Маврай, Цана, Хисай, - Кукели, Джака, Абраши, - Ленжани, Роши, Садику.
Букмекерлік орталықтар бұл ойында Румыния құрамасын фаворит санап отыр. Олардың жеңісіне 2,27, тең ойынға 3,28, Албания құрамасының жеңісіне 3,64 коэффициент беріп отыр. Бұл ойын да Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Тікелей эфирде «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар.