Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының 1/4 финалындағы алғашқы ойында Польша құрамасымен кездескен португалиялықтар ойын соңындағы пенальтиде қарсыластарынан басым түсіп, чемпионаттың жартылай финалына жолдама алды. Аталған командаға жартылай финалда қай команда қарсылас атанатыны бүгінгі ойынның есебі бойынша анықталмақ. Британдық Уельс командасы мен Бельгия құрамасы арасындағы теке-тірес қандай болатыны туралы сіздерге аз-кем құлағдар етеміз.
Уельс – Бельгия
Уельс пен Бельгия құрамалары ойын-өрнегі жағынан бір-біріне ұқсас. Көшбасшысы саналатын Гарет Бейл тұтас команданы алға сүйрер үлкен күші десек қателеспейміз. Қорғаныста да, шабуылда да барын салып жүрген футболшы командалық әріптестеріне де моральдық тұрғыдан рух беріп жүргені сезіледі. Ал, тұтас команда болып жұмыс істеп үйренген бельгиялықтар әр ойын сайын ұтымды амалымен елдің назарына ілігіп жүр.
Қос құрама да бұл чемпионатта аз гол жіберіп, қорғаныстарының мықты екенін дәлелдей білді. Астана уақыты бойынша сағат түнгі 1:00-де болатын ойынның фавориті деп Бельгия құрамасы есептелінді. Командасын жарысқа жіберіп, Отанында тақымын қысып отырған жанкүйерлеріне қай команда болмасын жеңістің ыстық лебіп сездіргісі келетіні белгілі. Сондықтан, бүгінгі кездесудің нағыз ерлерше шайқасқа толы қызықты болатынына дау жоқ.
Букмекерлік орталықтарда Уельс құрамасының жеңісіне – 5.11, тең ойынға – 3.52, Бельгияның жеңісіне – 1.85 коэффициент беріп отыр.