- Негізгі бет
- Еуро-2016
- Франция Еуропа чемпионатының...
Франция Еуропа чемпионатының жартылай финалына шықты
Бүгін Еуропа чемпионатының 1/4 финалдық кезеңінің төртінші ойыны өтті. "Стад де Франс" стадионында болған кездесуде Франция құрамасы Исландия құрамасынан 5-2 есебімен басым түсті.
Жартылай финал жолдамасын сарапқа салған матч тағдырын жылдам соғылған гол шешті деудің жөні бар. Кездесудегі есеп 12-минутта ашылды. Оливье Жиру командаласы асырған пасқа қорғаушылардан бұрын жетіп, қақпаға дәл соққы жасай білді. 1-0.
Қорғаныс арқылы ойнауды жөн санаған исландықтар гол жібергеннен кейін абдырып қалды. Олар естерін енді жиып, алға ұмтылған шақта қақпаларына екінші доп жіберіп алды. Поль Погба бұрыштамадан асырылған допты баспен ұрып, мүлт кетпеді. Есеп 2-0.
Бұдан кейін Исландия құрамасы есепті қысқартуға бірнеше мүмкіндік алған еді. Алайда олар тепкен доптың бірі қақпадан сәл биік кетсе, екіншісі қақпашының қолынан табылды. Одан кейін француздар ойындағы үшінші доптарын соқты. 42-минутта Димитри Пайе командаласы Антуан Гризманның берген пасын голға айналдырды.
Арға бірнеше минут салып Антуан Гризманның өзі де гол авторы атанды. "Атлетико" ойыншысы қақпашыдан допты әдемі асырып, есепті 4-0-ге дейін ұлғайтты.
Екінші таймда исландықтар ес жиып, алға ұмтылды. Нәтижесінде 56-минутта Колбейн Сигторссон есепті 4-1 етті. Бірақ бұл голдан кейін араға 3 минут салып, Оливье Жиру ойындағы екінші голын соғып, Исландия жанкүйерлерінің қуанышына су сепкендей болды. 5-1.
Ойын соңы қызу өтті. Команданың аңыз ойыншысы Эйдур Гудьонссен алаңға шыққаннан кейін, Исландия құрамасы жанданып, алға ұмтылды. Олардың ұмтылысы зая кетпеді. 84-минутта асырылған допқа бәрінен биік секірген Биркир Бьярнасон жетіп, Уго Льористі қапы қалдырды. Есеп 5-2. Дегенмен бұдан артыққа исландықтардың шамасы жетпей, ойын осы нәтижемен аяқталды.
Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып, көпшілікке соңына дейін күресетін мінезді құрама ретінде танылған Исландия жігіттері үйлеріне қайтады. Ал француздар жартылай финалда кеше ойын соңындағы пенальтиде Италия құрамасын ұтқан немістермен кездеспек.
Y. Almabek