Футболдан Еуропа чемпионатының екінші күніндегі ойындар мәресіне жетті. Фаворит саналған ағылшындар Ресей құрамасымен тең ойнаса, Швейцария Албанияны, Уэльс құрамасы Словакияны ұтты.
Албания құрамасы Еуропа чемпионатындағы алғашқы ойынын сәтсіз бастады. 36 минутта капитан Цананың алаңнан қуылуы – албандардың еңсесін түсірді. Ал ойын тағдырын шешкен голды 5 минутта Фер соқты.
«В» тобында Уэльс құрамасы көш бастады. Крис Коулман жаттықтыратын команда Словакияны 2:1 есебімен ұтты. Ойындағы есепті 10 минутта Гарет Бэйл ашса, 61 минутта Дуда таразы басын теңестірді. Ал 81 минутта Робсон-Кану Уэльс құрамасына жеңіс сыйлаған голды соқты.
Англия мен Ресей арасындағы ойын тартысқа толы болды. Ағылшындар шабуылда көп ойнағанмен, өз мүмкіндіктерін пайдалана алған жоқ. Айқын фаворит саналған команда ресейліктерді жеңе алмады. 73 минутта Эрик Дайер айып соққысынан кейін Англия құрамасын алға шығарғанмен, негізгі кезеңге қосылған қосымша уақытта Леонид Слуцкий жаттықтыратын құрама есепті теңестіріп кетті. Ресейліктерді жеңілістен құтқарған голды капитан Василий Березуцкий соқты. Ал қақпашы Игорь акинфеев командасын көп тұста құтқарып қала білді.
Айта кетейік, Франция жерінде өтіп жатқан Еуропа чемпионаты 10 шілдеге дейін созылады.