Чемпионат жақындаған сайын жергілікті министріліктердің жұмысы қыза түсуде. Осы орайда Украинаның ішкі істер министрлігі сайыс кезінде елге қонақ болып келетін жанкүйерлерге арнап хабарлама таратты.
Олардың айтуынша, шет ел адамдары ең алдымен ұрылар мен жалған полиция қызметкерлерінің алаяқтығынан сақ болғаны жөн. ЕУРО-2012 қонақтарына қауіп-қатер осы тұстан көп болуы мүмкін екендігі туралы бұл ақпарат құқық қорғау органдарының жасап шығарған арнайы буклетінде жарияланды.
200 мың тиражбен басылып шыққан бұл брошюралар чемпионат кезінде кедендерде, аэропорттарда, вокзалдарда, сонымен қатар, қала көшелерінде таратылатын болады. Және ведомстваның ресми сайтында да жарияланады.
Осы тұста ІІМ баспасөз қызметіннің басшысы Владимир Полищук: "Еліміздің қонақтарына қауіп-қатер ең алдымен адам көп жиналатын орындарда төнеді. Халықтың көптігін пайдаланып сөмкелерге түсіп, ұрлық қылатындардың қатары әлбетте, өседі. Және сигнализация орнатылмаған автокөліктердің де иелері барынша абай болғаны жөн. Жалған МАИ инспекторларынан да сақ болу керек", - деп буклетте жазылған ескертуді нақтылай түсті. Осы себепті өзін құқық қорғау органынанмын деп таныстырған кез келген адамның құжатын сұрап, алаяқтық әрекеттерден сақ болу керектігі туралы айтты.
сурет: idsas.ru