- Негізгі бет
- Еуро-2012
- Украина Франциядан жеңіліп...
Украина Франциядан жеңіліп қалды
Украина - Франция - 0:2
Голдар: Менез, 53 (1:0). Кабай, 56 (2:0).
Украина, Донецк, Донбасс Арена стадионы
Күні: 15.06.2012
Бас төреші: Бьорн Куйперс (Голландия)
Украина: Пятов - Гусев, Хачериди, Михалик, Селин - Тимощук, Назаренко - Ярмоленко, Коноплянка, Шевченко, Воронин
Бапкер: Олег Блохин
Франция: Льорис - Дебюши, Мексес, Рами, Клиши - Диарра, Кабай - Насри, Рибери, Менез - Бензема
Бапкер: Лоран Блан
Көптен күткен ойын да келді. Украина мен Франция құрамасы алаң ортасына шықты. Туған жердің төсінде жеңсек деген украиндар мен финалдық кезеңнен көрінгісі келетін француздар әнұран орындалып болған соң ойынға тас-түйін дайын екендіктерін аңғартты. Бірақ, жайымен басталған жауын арты толастамас нөсерге айналып келе жатты. Соған қарамастан Куйперс ойынды бастап жіберді. Алғашқы минуттардан-ақ француздар қарсы қақпаға лап қойды. Шева да өз кезегінде белсенділік танытып, қақпаға қатер туғызуға тырысты. Сонда да әдемі ойынға қарамай табиғат өз мінезінен таймады. Толассыз жауған нөсердің кесірінен 4-минутта ойын тоқтатылды. Ал су-су болған ойыншылар ішке кіргізілді.
Алаңнан су кетіп, нөсер толастаған соң ойын қайта басталды. Екі жақ команда да алаң ортасындағы басымдылық үшін сәт сайын кішігірім ойын ережелерін бұзып жатты. Қақпашыларға төнген айрықша қатер болмады. Сөйтіп бірінші ойын бөлігі бітті де. Француздардың бағыттаған жеті соққысының алтауы қақпаға дәл бағытталса, украиндар тарапынан орын алған соққылардың біреуі ғана қатер туғыза алған. Шеваның қаптал шетінен келіп тепкен добы болатын.
Екінші ойын бөлігінде француздар ойынды қарқынды бастады. Нәтижесі жаман болмады, кезекті шабуылдардың бірінде, яғни 53-минутта Менез шеберлігінің арқасында ойындағы есепті ашты. Сөйтіп француздар алға шықты. Қуаныштың егіз болуы заңдылық қой, 56-минутта қорғаушыларды да, қақпашыны да қапы қалдырған Кабай екінші голды соғып, ойындағы есепті еселей түсті.
Одан кейінгі уақытта ойын өте тартысты өтті. Алайда, осы бір алаңда-ақ жолдары бір болмайтын украиндар қанша шабуылдап тырысса да, ешнәрсе өндіре алмады. Ал француздар болса, шабуыл артынан шабуыл ұйымдастырып, Пятов қақпашыға тыным тапқызбады.
Туған жердің төсінде жеңіске жетеміз деген украиндердің арманы көкке ұшты. Ендігі ойындары ағылшындармен болатынын ескерсек, онда тағы да бір қиын ойынның күтіп тұрғаны анық. Оның үстіне ойын Донбасс Аренада өтеді.
Суреттер:evro-2012.org:live-cs.ru
Дайындаған: Фараби Бақыт
Л. Лига