Торрес Испанияны жеңіске жетеледі

Польша. Гданьск. Испания - Ирландия 4:0

Бас төреші: Педру Проэнса (Лиссабон)

Голдар: Торрес 4, Сильва 49, Торрес 70, Фабрегас 83

Испания: Касильяс, Пике, Иньеста (Касорла 80), Эрнандес, Торрес (Фабрегас 74), Алонсо (Мартинес 65), Рамос, Бускетс, Арбелоа, Альба, Сильва

Ирландия: Гивен, Cент-Леджер, Уорд, О'Ши, Данн, Уилан (Грин 80), Макгиди, Эндрюс, Кин, Дафф (Макклин 76), Кокс (Уолтерс 46)

Ескертулер: Алонсо 54, Мартинес 76 - Кин 36, Уилан 45+1, Cент-Леджер 84

Турнирдегі орналасу: 1. Испания — 4 ұпай; 2. Хорватия — 4; 3. Италия — 2; 4. Ирландия — 0.

Еуро-2012 чемпионатының 2-турында Испания құрамасы Гданськ қаласында Ирландия құрамасын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Аталған футбол спектаклін тамашалауға 50 мыңнан астам адам жиналды. Ойын басталмай жатып-ақ әндете жөнелген қос жақтың жанкүйерлері футбол тойының көркін қыздыра түсті.

Италиямен болған ойыннан сабақ алған Испания құрамасының бас бапкері Дель Боске алаңға бірінші минуттардан Фернандо Торресті шығарды. Әрине, жартылай қорғаушыға қарағанда толыққанды шабуылшы өз міндетін артығымен  орындауға тырысады емес пе?! Солай болды да. Көптен бері жолы болмай жүрген, негізгі құрамға іліне алмай жүрген Торрес ойын басталмай жатып-ақ гол соғып (4-минуттарда) көзге түсті. Қорғаушылардың бір сәтке қалт кеткенін көріп, айып алаңының бір шетімен допты алып барып, қақпашының төбесінен асыра салды. Гивен құйтырқы соққыны қайтара алмай қапы қалды. 

Ал Ирландия құрамасының ағылшындық мәнермен ойнайтыны белгілі еді. Жоғары қабатта кез келген сәтте қауіп тудыратын ирландықтар бірінші кезекте осы басымдылықтарына сенсе керек. Сосын қай жолғыдай қорғаныстың екі шебі арқылы испандарды өткізбеуге тырысты. Алайда, шептегі адамдардың саны болмаса испандар тарапынан сәт сайын орын алып жатқан шабуылдар есеңгіретпей қойсын ба?!

Сонымен ойын тартысты да тартымды өтті. Әрине, уақыттың басым бөлігін өз қолдарында ұстаған испандар ойларына келген мәнермен ойнауға тырысты. Тіпті, Пике бастаған қорғаушылар да өз бақыттарын шабуылдан іздеп көрді. Хави мен Иньеста бастаған орталық жартылай қорғаушылар бүкіл ойын тізгіндерін қолдарында ұстады. Ал ирландықтар екінші нөмірмен ойнауға лажсыз көнбеске амалы қалмады.

Осы ойында Торрестің бағы жанды десе де болады. Талай мамандар күйі кеттіге сайып жүрген "Челси" командасының шабуылшысы өз бабында жүргенін тағы бір дәлелдеді. Содан кейінгі жартылай қорғаушы Сильваның ойыны жүрді. Өткен жолғы ойында екі шеппен шабуылдауға тиіс ойыншы мардымды ешнәрсе істей алмап еді. Бұл жолы сол ызасы болар, екінші ойын бөлігінде есепті еселей түсті. Кезекті шабуылдардың бірінде айып алаңында допқа ие болып, қорғаушыны алдап барып, қақпашыны қапы қалдырып допты тебе салды. Гол! Есеп:2:0.

Испандықтардың өз дегені болды. 70-минутта Торрес өзінінің ұлттық құрама сапындағы 30-шы добын соқты. Бұл жолы қақпашымен бетпе-бет келген "қызыл фурия" шабуылшысы мүлт кетпеді. Негізгі екі голды соққан соң Дель Боске алаңға Фабрегасты шығарды. Италия құрамасына бір доп соққан ойыншы осы ойында да бір гол соғуға мүдделі еді. 83-минуттарда айып алаңының шеткі жиегімен өтіп барып шірене тепті. Құйтырқы соққы қақпа бағанасын қақыратып барып, тордың арғы жағынан бір-ақ шықты.

Испания құрамасының басымдылығымен өткен ойын тартымды болды. Жауынды күннің астында "қызыл фуриялықтар" өз дегендерін істеп бақты. Жанкүйерлерге ерекше көңіл-күй сыйлап, өздерінің әлем чемпиондары екенін тағы бір мойындатты.

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/ok3wIX0ctIs?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"256"});

Сурет: interfax.by; profi-forex.org

Дайындаған: Фараби Бақыт