Украина – Швеция - 2:1
Голдар: Ибрагимович 52, Шевченко 55, 62
Украина: Пятов, Коноплянка (Девич 90), Назаренко, Михалик, Ярмоленко, Воронин (Ротань 85), Гусев, Шевченко (Милевский 81), Тимощук, Хачериди, Селин
Швеция: Исакссон, Розенберг (Эльмандер 71), Тойвонен (Свенссон 62), Ибрагимович, Челльстрём, Ларссон (Вильхелмсон 68), Эльм, Ольссон, Гранквист, Мелльберг, Лустиг
Ескертулер: Шельстрем 11, Мельберг 83
Бас төреші: ЖҮНЕЙТ ШАКЫР (Түркия, 35 жаста)
Бүкіл Украина жұртының қуанышына айналған күн. Шеваның өз сөзінде тұрып, екі бірдей голдың авторы болған сәт. Туған жердің төсіндегі үлкен жеңіс! Ағыл-тегіл қуаныш... Сонымен Украина мен Швеция құрамалары арасындағы ойын.
Бұл күн бүкіл Украина жұртының есінен бір сәт шықпайтын шығар. Мақтаулы Блохин бапкердің командасы өз сөзінде тұра алды. Айдай әлемге танымал Златан бастаған швед командасын тізе бүктіріп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Ойын бастала салысымен-ақ алаң ортасында қызу талас басталып кетті. Екі команда алаң ішіндегі әр метр сайын жан алысып, жан берісіп, тартысты бастады. 5-минутта Шельстрем алаң ортасынан ойқастап барып, Пятов тұрған қақпаға 30 метр аралықтан доп бағыттады. Доп мүлт кетті. Іле Шева өзінің айбарына мініп, Мельбергті алдап барып доп бағыттағысы келгенмен, жолына қорғаушылар тосқауыл бола білді. Сондай қарама-қарсы шабуылдардың бірінде Шельстрем Гусевттің тамаша гол соғуына бөгет болды. Қақпаға қарай сытылып бара жатқан ойыншыны сұлата салды. Сөйтіп қарымта шабуыл аяқсыз қалды. Нәтижесінде, уақыт өте Ибрагимович те кезекті шабуылдардың бірінде қақпаға доп бағыттап көрді. Алайда, доп ыңғайсыз келгендіктен, Златан бар өнерін сала алмай қалды...
52-минуттарда алаң ортасында Селин жарақат алып, жатып қалды. Төреші ойынды жалғастыра берді. Әріптесіне алаңдаймын деп жүріп Ярмоленко жаза басты. Допты Чельстрем қағып алып, Златанға берді. Ал ол болса, өз кезегінде қақпаға бағыттай салды. Гол! Бірақ, шведтердің қуанышы ұзаққа созылмады. 55-минуттарда Ярмоленко Шеваға жоғарыдан пас тастады. Әуелеп келген допты Шева ойланбастан қақпаға бағыттады. Исакссон қақпаны қорғай алмай дәрменсіз қалды. Сол бір дәрменсіздігі тағы бір жолы қайталанды. 62-минуттарда Воронин бұрыштама добын орындауға мүмкіндік алды. Бүкіл швед қорғаушыларымен қосылып, Златан да қақпаның жақын маңын қорғауға келді. Ал не керек, бұрыштама добы орындалып, айналып ұшқан доп жақын маңға бара жатқан. Ол жерде ұзын бойлы Златанның тұрғанын көріп, бәрі үмітін үзгендей еді.. Жоқ, талантты Шева бірінші болып барып допты қақпаның жақын маңына тоғыта салды. Гол! Гол! Гол!
Бүкіл стадионда тұрған жанкүйерлер орындарынан ұшып кеткендей болды. Шева сыйлаған қуаныш стадион ішіне сыймай, жарып шығатындай әсер қалдырды. Ысқырық естіліп, ойын қайта жалғасты. Бұл жолы шведтер намысқа тырысып, барын салып көрді. Алайда, бірде-бір соққылары қақпа ішінен табылмады. Осы ойында Златанды қырсық шалғандай, тепкен добы кірмей-ақ қойды. Оның үстіне Пятовтың шеберлігін баса назарға алған жөн. Әупірімдеп жүріп, қақпаны екінші голдан аман сақтады... Ақыры ойын да бітті. Украин жұртының қуаныштан төбесі көкке бір елі жетпей қалды.
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/1GDe0epGAI4?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"256"});
Суреттер: sport-express.ua
Дайындаған: Фараби Бақыт
Видео: You Tube