"Неміс машинасы" жартылай финалда

Германия – Грекия – 4:2 (1:0).

Голдар: 1:0 – Лам (39), 1:1 – Самарас (55), 2:1 – Хедира (61), 3:1 – Клозе (68), 4:1 – Ройс (74), 4:2– Салпингидис (90, пен.).

ГЕРМАНИЯ: Нойер, Боатенг, Хуммельс, Бадштубер, Лам, Хедира, Швайнштайгер, Озил, Шюррле (Мюллер, 68), Ройс (Гетце, 80), Клозе (Гомес, 80)

ГРЕКИЯ:
Сифакис, Маниатис, Цавеллас (Фотакис, 46), К. Пападопулос, Торосидис, Папастатопулос, Макос (Либеропулос, 72), Кацуранис, Нинис (Гекас, 46), Самарас, Салпингидис   

Еуропа чемпионатының ширек финалдық ойынында Германия құрамасы Грекияны 4-2 есебімен ойсырата жеңді. Жалпы, турнирде қай командамен ойнамасын Германия құрамасы фаворит болып саналады. Өз кезегінде фаворит екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сонымен ойынға оралсақ, бірінші минуттардан-ақ басымдық немістерде болды. Алаң ортасындағы әрбір тартыста жеңімпаз болып шыға келетін немістер, ойын өрнегін өз қалауларынша жүргізуге тырысты. Мәселен, осы ойында немістер тарапынан орын алған шабуылдар тасқынында шек болмады. Алайда, гректің қорғанысы жолдарына көлденең жатып алды. Бірақ, сапында "сен тұр-мен тебейін" деген ойыншылары бар Германия құрамасы бірінші ойын бөлігінің орта тұсында қарсы қақпадан саңылау тапты. Бұл жолы команда капитаны Лам орта шептен айып алаңына өтіп барып, Сифакис қорғаған қақпаны сансыратып кетті. Гол! Есеп:1-0.

Бір айта кетерлігі, бұл ойынға негізгі құрамның бірнеше ойыншылары шықпады. Мәселен, Гомес, Подольски және Мюллердің орнына алаңға Шюррле, Клозе мен Ройс секілді шабуылшылар бірінші минуттардан шықты. Осы шабуылшылар легімен-ақ немістер ойларына келген мақсат-мүддені іске асырды...

Гректерге де қарап қалуға болмады. Жоғалтатын ешнәрсе қалмаған соң олар да қарымта шабуылдармен гол соғуға тырысты. Ойынның орта бөлігі таяғанда алаңға Теофаннис Гекас шығып, команданың шабуыл шебіне тың бір леп қоса түсті. Немістер команда болып шабуылдап жүргенде доп байқаусызда гректердің аяғынан табылып, бір жақ қапталдан сытылып өтіп барған Салпингидис айып алаңына допты кесіп тұрып пас тастады. Бірақ, көпшіліктің күткені болмады. Нойер бір сәтке грек шабуылшысын назардан тыс қалдырып, қақпасын голдан құтқарып қала алмады. Ұзын бойлы Самарас өз мәнерінде допты қақпаға тоғыта салды. Есеп:1-1.

Гректердің қуанышы ұзаққа созылмады. Немістер енді тайлы-таяғымен қалмай шабуылға көшті. Арада алты минут өтпей жатып-ақ Сами Хедираның шірене тепкен құйтырқы соққысы қақпа бағанасының астынан өтіп барып, немістердің жеңісіне жол ашып берді. Гол! Немістер 2-1 есебімен алға шықты.

Осыдан кейін ойында кімнің жеңіске жететіні белгілі еді. Немістер өз ойын мәнерінде екі қапталмен қайта-қайта шабуыл ұйымдастыра жүріп, кезекті голдарын соқты. Мирослав Клозе әуелеп келген допқа бірінші жетіп, нәтижесінде баспен гол соқты. Содан соң Марко Ройс та бір голдың авторы атанды. Грек айып алаңындағы Клозенің қақпаға бағыттаған соққысынан соң жас шабуылшы допқа бірінші жетіп, бірде-бір мүмкіндік қалдырмастан, есепке өзгеріс енгізді.

Ойын біткенше гректердің пайдасына  11 метрлік айып добы берілді. Нойермен бетпе-бет қалған Салпингидис мүлт кетпеді. Есеп: 4-2.

Енді Германия құрамасы Италия мен Англияның қай ұтқанымен ойнайтын болады. 

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/ukxqa6Ktm3E?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"256"});

Суреттер: news.online.ua;glavred.info;2012.tochka.net

Дайындаған: Фараби Бақыт