- Негізгі бет
- Еуро-2012
- Италияның өз ...
Италияның өз Супер Мариосы бар
Германия - Италия - 1:2 (0:2)
Голдар: Балотелли 20, 36, Озил 90+2 (пенальтиден)
Германия: Нойер, Хуммельс, Бадштубер, Лам, Боатенг (Мюллер 71), Хедира, Озил, Швайнштайгер, Кроос, Подольски (Ройс 46), Гомес (Клозе 46)
Италия: Буффон, Бальдзаретти, Кьеллини, Барцальи, Бонуччи, Маркизио, Де Росси, Монтоливо (Мотта 63), Пирло, Кассано (Диаманти 58), Балотелли (Ди Натале 70)
Ескертулер: Балотелли 37, Бонуччи 60, Де Росси 84, Мотта 89, Хуммельс 90+3
Бас төреші: Стефан Ланнуа (Франция)
Футбол қайта тірілді. Мәңгілік өшпес есімдердің қатарына тағы бір есім қосылды. Миллиондаған жанкүйерлердің тілек-арманын арқалап кеген Германия құрамасы Италия құрамасынан жеңіліп қалды. Ендігі миллиондардың назары Италия құрамасына ауды.
Пранделли ойын басталмас бұрын-ақ өз командасының шабуылда ойнайтынын жасырмаған болатын. Ал Лёв болса, қарсыластың өз жарты алаңдарынан аттап бастыртпауға уәде берген-ді. Бірақ, екі бапкер де бірінші кезекте қорғанысқа мән берді. Немістердің сапында үйреншікті Хуммельс, Бадштубер, Лам, Боатенг секлді қорғаушылар қай кездегідей қатарда болатын. Ал Италия құрамасының тарапынан "Милан" командасының қорғаушысы Абатенің жарақатына байланысты Бальдзаретти шықты. Кьеллини болса, сол жақ қапталда, орталықта Бонуччи мен Барцальи екілігі қала берді.
Екі команданың шабуыл шебі де түсінікті болатын. Тек Германия құрамасында бірінші минуттардан Тони Кроос шықты. "Бавария" командасының ойыншысы орталық алаңда Озилдің орнын басып, қорғанысқа да, шабуылға да көмек көрсетуге тиіс болатын.
Сонымен ойынды бірінші минуттардан немістер қолдарына алуға тырысты. Және бірінші есеп ашатын мүмкіндікті де бос жіберді. Кезекті бұрыштама добы кезінде доп Буффон қорғаған қақпаға еніп кете жаздады. Қақпа шетінде тұрған Пирло көмекке келіп, итальялықтарды құтқарып қалды. Содан соң кезекті Италия құрамасы алды. Кассано сол жақ қапталда Хуммельсті алдап соғып, Бадштубердің тасасында тұрған Мариоға пас берді. Бұл жолы Германия құрамасының қорғаушысының не ойлағаны белгісіз, әуелеп бара жатқан допқа секірмеді де. "Сен секірмесең, мен секіреміннің" керін қылып Марио асқан сұңғылалықпен допқа бірінші жетіп, қамсыз тұрған Нойерді қапы қалдырды. Есеп ашылды. 1:0!!!
Ойынның 36-минута таяғанда есеп 2:0-ге жетті. Бұл жолы Монтоливо (шешесі неміс) өз айып алаңынан допты алып шыққан бойда шырқатып тұрып қарсы қақпаның айып алаңына тастады. Қорғаушылардың айла-қулықтарын пайдасына асырып кеткен Марио допты алған бойда, Нойер қорғаған қақпаға жақындап келіп, шірене тұрып тепті. Нойер тарапынан ешқандай қарсылық байқалмады. Енді қайтсын, турнирдің ең қитұрқы соққысы осы болса керек-ті.
Немістер тайлы-таяғы қалмай шабуылдауға тырысты. Бірақ, қорғанудың өзін өнер қылып қалыптастырған итальяндықтар бір де бір мүмкіндік бермеді. Керісінше, Германияны түпкілікті тұқыртып жіберетін мүмкіндіктерді іске асыра алмады.
Ойынның соңғы минутында немістердің пайдасына пенальти берілді. Буффон тұрған қақпаға айып добын сәті орындаған Озил арадағы айырмашылықты бір голға қысқарта түсті. Қалған екі минут бойына немістер екінші гол соғудың жолын қанша қарастырып көрсе де, италиялықтар қорғаныста сауатты ойын өрнегін көрсете білді.
Солай да солай турнирде тек пенальтиден гол жіберіп жүрген Буффонға екінші гол соғудың реті келмеді. Пранделли бапкер Лёв бапкерден өзінің әлдеқайда сауатты стратег екендігін дәлелдей алды. Ту жығар таланты мен талғамсыз бейберекетсіздігінің арқасында көпшілікке танымал болып жүрген Супер Марио өзін мүлде басқа қырынан танытты. Бананнан қорқатын қара нәсілді ойыншының жұлдызды сәті енді туғандай..
Сурет:abendzeitung-muenchen.de; tochka.net
Дайындаған: Фараби Бақыт
Л. Лига