Грекия-Чехия ойыны (Болжам)

Грекия-Чехия ойыны (Болжам)

Ойын: 12 маусым, 2012, 22:00 Астана уақыты. Сәрсенбі. Вроцлав (Польша). Стадион: Қалалық стадион (орын саны 42 000). Бас төреші: Стефан Ланнуа (Франция).

Бүгін, 12 маусым күні, Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де гректер мен чехтар өз арасында шешуші кездесу өткізеді. Чехия футболшыларының жеңілісі автоматты түрде олардың ширекфиналға шығу мүмкіндіктерінен айырады. Чехия құрамасы мен Грекия футболшылары арасында болған соңғы үш кездесуде тек бір ғана гол соғылды, нәтижесінде "эллиндер" Еуро-2004 финалына шыққан еді. Командалар екі рет жолдастық кездесу өткізіп, екі ойында да ұпай бөліскен. Аталған командалардың қатысуымен өткен ең маңызды матч - Еуро-2004 чемпионатының жартылай финалы. Портуда өткен жартылай финалда негізгі ойынның 90 минутында есеп ашылмаған еді. Матч тағдырын Траянос Деллас шешті. Ол қосымша таймның аяғында баспен гол соқты. Сондай-ақ гректермен Чехословакия құрамасы 1980 жылы Италияда өткен ӘМ-да кездесті. Сол кезде Чехословакия командасы 3:1 есебімен басым түскен болатын. Жалпы Чехословакия құрамасы гректермен өткізген 5 ойынның бесеуінде де жеңіске жетті. Бірақ, бұл мүлдем басқа заман... 

Жалпы А тобында бәрі айдан анық, топтың екі аутсайдерлері кездеседі және дәл осы ойын командалардың Еуро-2012 біріншілігіндегі тағдырларын шешеді.Сондықтан екі құрамаға да бүгін жеңіске жету қажет. Ұпай бөлісу ешкімге қажет емес, Чехия қоржынындағы 1 ұпай оларға ештеңе бермейді деуге болады және де соңғы кездесуді олар чемпионат қожайындары поляктармен өткізеді. Сондықтан чехтарға қалай болса да ойынды ұту керек. Ал гректерге келетін болсақ, әдеттегідей олардан ешкім ештеңе күтпейді. Дегенмен, олар әзірге 1 ұпайға ие, егер бүгін гректер тағы 1 ұпай алса, ширекфиналға шығуға әбден үміттенуге болады әсіресе егер ресейліктер Польшадан басым түссе, онда топтық кезеңнің 3-турында гректер топ жеңімпазы Ресеймен бақ сынасады.  

Қортындылай келе, бүгін Грекия мен Чехия арасында өтетін ойында 1 гол ойын тағдырын шешеді және сол голды чехтар соқпайды дегенге сену қиын.Дегенмен, гректердің қорғаныс футболын ойнайтынын да ұмытпаған абзал. Чехиялықтар ойын барсында голға қол жеткізе алмаса, бүкіл командамен шабуылға шығуы мүмкін. Сондықтан гректер қарымта шабуылды дұрыс пайдалануға тырысуы әбден мүмкін. 

Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков

сурет: redbets.ru, redbets.ru, eurosport.ru

 


Ж. FM