Бүгін Донецк қаласында әлемнің ең үздік екі командасы кездеседі. Алдағы жартылай финалға өту үшін Испания құрамасы мен Франция құрамасы өзара мықтыны анықтайтын болады.
Лоран Блан баптаған команда алдынғы ойында Швеция құрамасына есе жіберіп алғаны болмаса, турнирді жап-жақсы бастады. Иә, ендігі қарсыласы оңай болайын деп тұрған жоқ. "Қызыл фурия" деп аталып кеткен Испания құрамасы. Осы бір команданы соңғы бес жылдықта тоқтату қиынға соғып келеді. Сан команданы артта қалдырған испаниялықтардың бүгінгі таңда шабуыл шегінде аз-кем кінәраттар бар демесеңіз, былайынан алғанда төрт көзі түгел, құбыласы тең.
Дель боске бастаған испаниялықтар турнирде аса қатты қиындық көре қоймады. Тек Италия құрамасымен ойнаған ойында аздап өз-өздерін жоғалтып алғаны бар. Ол ойындағы Испанияның хал жағдайын түсінуге де болады...
Бүгінгі ойын финал алдындағы финал есепті ойын. Екі команда да осы турнирге жұлдызды құраммен келді. Және екі команда да чемпион болуға әбден лайықты. Жай ғана француздардың ойын мәнерін алып көрсек, онда бір екі жыл бұрыңғы француздарды таппайсыз. Қазіргі француздардың ойнау мәнері мен ойлау жүйесі бөлекше құрылған. Оның үстіне команда сапына Насри секілді ойыншылар қайта оралғалы бері сүреңсіз ойындар артта қалған.
Бүгінгі ойында француздар ұтылатын болса орыстар көрген құқайдың астында қалуы мүмкін. Онда журналистер Швециямен болған ойыннан бастап бүгінгі ойынға дейінгі барлық мәселелер мен кінәраттарды тізе келіп, қатты сынның астына алуы кәдік. Сондықтан француздарға бұл жеңіс қаншаға түспесін, міндетті түрде ұтуы керек..
Ал испандарға жеңіс ауадай қажет. Олар да өздерінің жұлдызды құрамдарымен чемпиондық тәжді сақтап қалғысы келеді. Ол үшін француздардан өтуі тиіс.
Сонымен бүгінгі ойынды көруден қалыс қалып жүрмеңіздер. Ойын Астана уақытымен сағат 00:45-те басталады.
Сурет:eurosport.ru
Дайындаған: Фараби Бақыт