- Негізгі бет
- Еуро-2012
- Еуропалық "бразилиялықтар"...
Еуропалық "бразилиялықтар"
Португалия 2 — 1 Голландия
Өтетін жері: Украина, Харьков, ОСК «Металлист» стадионы.
Бас төреші: Никола Риццоли (Италия).
Португалия: 12.Руй Патрисиу, 2.Бруну Алвеш, 3.Пепе, 4.Велозу, 5.Фабиу Коэнтрау, 7.Роналду (К), 8. Жоау Моутинью, 16.Раул Мейрелеш, 17.Нани, 21.Жоау Перейра, 23.Элдер Поштига.
Голландия: Стекеленбург, 2.ван дер Вил, 4.Матейсен,
6.ван Боммел(К), 8.Н. де Йонг, 10.Снейдер, 11.Роббен, 13.Влаар, 15.Виллемс, 16.ван Перси, 23.ван дер Ваарт (К).
Голдар: Роналду, 28, 74 — ван дер Ваарт, 11-минутта.
Айдай әлем мойындаған даңқы бар Голландия құрамасы мен "Еуропаның Бразилиясы" атанып кеткен Португалия құрамасы Еуро-2012 турнирінің топтық кезеңінде кездесті. Ине шаншар орын қалмаған жанкүйерлердің даңғаза-шуынан құлақ тұнып тұрды. Бұл ойында екі командаға да жеңіс ауадай қажет еді. Әсіресе, Португалияға. Әсіресе, Голландияға. Ендеше, Харьков қаласындағы «Металлист» стадионында кімнің айы оңынан туады екен?
Ойын ысқырығы естіле салысымен "қызғалдақтар елінің" ойыншылары қарсы қақпаға лап қойды. Бір атап кетерлігі, бүгін Голландия сапында Хунтелар мен Ван дер Варт ойынға бірінші минуттан араласып отыр. Екі шабуылшының да шебер ойыншылар екенін ескерсек, онда Пепе мен Коэнтрауға біршама қиын болатын еді. Сол сөзіміздің жаны бар, алғашқы минуттарда-ақ Хунтелер допты алып, қақпаға бағыттамақ болды. Алайда, жолына бөгет болған қорғаушылар дер кезінде тосқауыл болып, алғашқы қауіпті жоққа шығара алды. Содан іле қарымта шабуылдар орын алып, алаң ортасының шаңын шығарды. Бірде Роналду айып добынан мүлт кетіп жатса, енді бірде Снейдердің бағыттаған доптары қақпадан қиғаш кетіп жатты...
11-минутта Роббен өзіне үйреншікті әдіспен қаптал шетінен сытылып өтіп, Рафаэль ван дер Вартқа тамаша пас тастады. Голландиялық шабуылшы да шеберлікпен допты айналдырып қақпа шетіне асыра салды. Бұл жолы қақпашы шарасыз қалды. Гол! Есеп:1:0.
17-минутта Ван дер Вил қателік жасады. Португалдық ойыншы допты өз ыңғайына келтірем деп үлгергенше Стекеленбург бірінші жетіп, қақпаны болатын голдан қорғап қалды. Сөйтіп, голландықтардың жолы болды. Бірақ, ендігі қателікті қарсылас кешірмейді дегендей, 28-минутта Перейра қорғаушылардан айласын асырып, қақпа алдына кесіп пас тастады. Оған Роналду бірінші жетіп, қақпашыны алдай жатпай-ақ қақпаның жақын шетіне допты тоғыта салды. Гол! Ойындағы есеп теңесті:1:1.
Кейінірек 33 метрден Роналду өз бағын сынап көрді. Бұл жолы Стекленбург өз орнында болатын. Әйтпесе, "Реал" шабуылшысы тепкен доп қақпа шетіне ұшқанда, мүлде басқаша болар ма еді. Өстіп әні-міні дегенше бірінші ойын бөлігі аяқталды. Никола Риццоли негізгі уақытқа қосымша минут қоспады. Командалар ар жақтағы (Германи-Дания) ойын тағдырын ойлап, тынығуға кетті.
Ойын алдындағы пресс-конференцияда ван Марвейк командадағы біршама қызбалыққа тоқталып кеткен-ді. Бірақ, оны бөгесін көрудің қажеттігі жоғын, әлі де болса үйреншікті ойын жүйесін тауып, жеңіске жетудің жолын іздестіретіндерін айтқан. Ал Паула Пенту болса, әлі де мүмкіндік барын, команданың жақсы көңіл-күйде екенін атап өткен-ді. Шынымен, үш бірдей командаға мүмкіндік бар-ды. Егер Голландия екі гол басымдылықпен ұтатын болса (Германия өз кезегінде Данияны жеңсе) топтық кезеңге өте алатын. Егер де Португалия ұтатын болса, онда оларға да тамаша мүмкіндік бар етін-ді.
Сонымен екінші ойын бөлігі басталды. Жеңіс керек екенін қос команда да түсінсе керек, тартысты орталық алаңнан бастады. Әсіресе, португалдықтар сәт сайын белсеніп, қарсыластарының тыныстауына жол бермеуге тырысты. Айла-әдістің небір тамаша үлгісін көрсете жүріп, 74-минутта португалдықтар қарымта шабуыл ұйымдастырды. Нани әріптесіне тамаша пас тастады. Допты алған Роналду Ван дер Вилді қапы қалдырып, Стекленбург қорғаған қақпаға екінші голды бағыттай салды. Есеп:2:1.
Одан кейін тартыс қыза түсті. Голландықтар немістердің ұтып жатқанын есітсе керек, әлі де үміттерін тайдырмады. Роббен қақпадан саңылау іздеуге тырысты. Бірақ, онысынан түк шықпады. Бір жолы Ван дер Варттың бағыттаған тамаша соққысы қақпа бағанынан кері серпілді. Оған іле Роналду да үшінші голды соғатын тамаша мүмкіндікті жіберіп алды. Доп жақын бұрыштағы қақпа бағанынан кері қайтты.
Асыға күткен ойын ысқырығы да естілді. Португалдықтар топтық кезеңнен өтті. Голландықтар еліне қайтатын болды. Снейдер ашуын кімнен аларын білмей, ақыры тағдырға мойынсынды. Міндетсініп жүрген Хунтелер өз дегенін істей алмады. Роналду екі голдың авторы атанды. Бүкіл португалдықтар осы бір ойыншыға разы көңілмен үйді-үйлеріне тарасты.
Сурет: vk.com; colxoz.com
Дайындаған: Фараби Бақыт
Л. Лига