Әні-міні дегенше тарихтың талай бетіне өзгерту енгізген Еуро-2012 турнирі де соңына таяп қалды. Бірақ, жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен арман-тілегі Польша мен Украинаның қалаларын тастап кетпек емес. Иә, осы турнир барысында талай қызықтар мен естен кетпес жарқын сәттердің куәсі болдық...
Сонымен сіздің ойыңызша Еуро-2012 турнирінде қай елдің жанкүйерлері ерекше белсенділік көрсетті? Әрине, Ирландия құрамасының жанкүйерлері. Бұны УЕФА-ның өзі де растап отыр.
Біріншіден, ирландықтар әр ойынға ерекше дайындықпен келді. Командаластарын қолдау мақсатында ұйымдасқан түрде бүкіл алаңды бастарына көтеріп ән салып тұрды.
Ирландықтардың фантазиясы қызығушылық тудырады. Әр жанкүйер қиял әлемінен жол тартып келгендей.
"Біздер Польшадағы ирландықтардың көрсеткен өнеріне таң-тамаша қалдық. Олар өз командасын ойын біткенше ыстық қолдап отырды" - деп Киевте өткен пресс-конференцияда УЕФА-ның белгілі маманы Джанни Инфантино ағынан жарылды.
Және УЕФА-ның президенті Мишель Платини ирландық жанкүйерлерге арнайы сыйлық тапсыратынын хабарлады. Қандай сыйлық екені құпия сақталуда.
Оған қоса Мишель Платини турнир барысында ерекше қолдау көрсеткен шведтерге, нидерландықтарға, украиндықтарға деген айтар алғысының шексіз екенін білдірді.
Сурет:tochka.net
Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков