Андрес Иньеста - Еуро-2012 турнирінің ең үздік ойыншысы

Еуропа чемпионатының алтын тәжін испандар тағы да сақтап қала алды. Иә, қатарынан үш бірдей чемпионатта топ жару деген екінің бірінің қолынан келе беретін ерлік емес. Әйтсе де, испандар бұл жолы да көпшілікті бір таңғалдырды. Кезінде жарты әлемнің билеушісі болған Шыңғыс ханның өзі де "Мәңгіліктің билігі - таңғалдырып ұстауда" -  деп ақыл айтып кеткен-міс. Сол қағиданы испандар жете меңгерсе керек, соңғы ойынға дейін ат басын тартып келіпті...

Бүкіл Испания жұртшылығының арман-қуанышын арқалап жүрген екі ойыншы болса, соның бірі - Андрес Иньеста. Әр ойын сайын командасының кез келген шабуылының басы-қасында жүретін кіп-кішкентай ғана ойыншының ерік-жігеріне таңғаласыз. Бір өзі бүкіл командаға татитын жартылай қорғаушы Еуропа чемпионатының ең үздік ойыншысы болып танылып жатса, онда өте әділетті шешім болған. 

Осы қатарда Андрей Пирлоны атап айтуға болады. Тоғыз баланың әкесі деп (командадағы ойыншыларды айтады. Буффоннан басқалары) танылып кеткен тәжірибелі ойыншы турнир барысында Италия құрамасының  қозғаушы күші бола білді. Жеңіске бастап баратын тура жолды финалда ғана таппады демесеңіз, былайынан алғанда үздік ойыншы атануға бірден-бір лайықты үміткер еді. Тіпті, Италия чемпиондық тәжді қайта кигенде үздік ойыншы атанар ма еді. 

Әкесі үшін финалда төрт гол соғамын деп бар әлемге жар салған Марио Балотеллидің де үміткерлер қатарында болғаны таңғалдыра қоймас. Осы бір ойыншының болмыс-бітімі үшін де арнайы жүлде берілсе де артықтық етпес еді. Финалдық ойында испандардың шеберлігіне қарсы еш қайран қыла алмаған шабуылшының бар ашуы ішінде кеткені көрініп тұрды. Сонда да Балотелли демалыс күндері ойнай алмайтын болып шықты...

Ендігі кезекте Хави туралы бір-екі ауыз сөз қылмасақ, әділетсіздік болар еді. Меніңше, соңғы ойында ең үздік ойыншы атағына "Барселонаның" осы бір жартылай қорғаушысы әбден лайықты еді. Сәл-пәл жылдамдықты азайтқан демесеңіз, сол баяғы күйінен бір пәс те төмендемеген. Керісінше, күннен күнге толысып, Испания футболының философиясын шырқау биікке көтеру үстінде.

Сурет:bloggang.com

Дайындаған: Фараби Бақыт