Тәтті ұйқының алдында...

Тәтті ұйқының алдында...

Түн шымылдығын түріп, тағы бір күн соңына таяп келеді. Ұйықтар алдында кішкентай бауырыңызға немесе балаңызға (қызыңызға) ертегі айтып беруге бірер уақытыңызды қиыңыз. Мына бір арыстан мен тышқанның достығы жайындағы ертегінің берер тәлімі мол.

Ерте заманда бір арыстан тоғайдың қалың беделінде ұйықтап жатады. Үстінен бір тышқанның жорғалап бара жатқанын сезеді. 

Ұйқысынан оянады да, тышқанды ұстап алып, қысып өлтірмекші болады. Тышқан:

-Иә, тақсыр, арызым бар, мені өлтірмеңіз, бір жолға кешіріңіз, білмеген екенмін, тірі жүрсем мен де бір қызметіңізге жарармын, - деп, арызын айтады.

Арыстан күліп:

- Мен - арыстан, сен тышқансың, қалжыңыңды қой, сен маған қызметке жарамайсың, бірақ бір жолға босатайын, бар енді, көрерміз, - деп тышқанды қоя береді. Тышқан пақыр қуанып, "арыстан досым" деп, жүгіріп ойнап кете береді.

Күндердің бір күнінде арыстан жортып ойнап жүріп, мойнынан аспа тұзаққа түсіп, шарқ ұрып жылай беріпті.

Тышқан келіп қараса, баяғы өзінің досы арыстан екен. Қасына келіп қарап тұрады, сонда арыстан тышқанға қарап:

- Лажың бар ма бұған қылар? - деп, тышқаннан көмек сұрайды.

Тышқан жүгіріп келіп, тұзақты қажап, қиып кеп жібереді. Арыстан тышқан досына қиын күнінде іске жарағанына разы болып, "Рақмет, досым", - деп қуанып, ажалдан айырғанына шат болады. 

Осындай себептер біреу-біреудің арасынан өтпей қалған емес. Тарихта халық аузында мынадай мақалдар бар:

Ханның ісі қараға түсер,

Батырдың ісі балаға түсер,

Байдың ісі кедейге түсер,

Бәйбішенің ісі тоқалға түсер,

Арыстанның ісі тышқанға түсер,

Ердің ісі баз-базында дұшпанға түсер.

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Ертегі "Балаларға арналған ертегілердің аудиожинағынан" алынды

Сурет: cobrinhabjj.com

Р. Роза