- Негізгі бет
- Ертегі
- Тәтті ботқа (неміс...
Тәтті ботқа (неміс ертегісі)
Балаңызға күнделікті ертегі айтып беруді дағдыға айналдырыңыз. Не ұққанын сұрап, онымен бірге талқылап отырыңыз. Бүгін неміс ертегісін ұсынамыз.
Тәтті ботқа
Ерте заманда бір кішкентай қыз болыпты. Оның жалғыз шешесі бар екен. Екеуінің тұрмыстары өте нашар көрінеді. Кейде тіпті үйлерінде ішерге ас табылмай қалатын болса керек.
Бірде қыз орманда серуендеп жүріп, қарт әжейді жолықтырады. Әжей қыздың басындағы ауыр жағдайды естігесін, оған түбі жалпақ, ауызы кең құмыра береді.
Міне, қызық! Құмыра ғажайып ыдыс екен. Оған тек: «Құмыра, ас пісір!» - десең болғаны, сол сәтте-ақ бүлк-бүлк қайнатып, дәмі тіл үйірген бидай ботқасын дайындай бастайды. Ал тамақ әбден піскен кезде: «Құмыра, тоқтай ғой!» - десең, қайнағанын кілт тоқтата қояды.
Қыз қатты қуанып, ғажайып құмыраны үйге әкеледі. Сөйтіп, сол күннен бастап шешесі екеуі аштық пен кедейшіліктің не екенін ұмытады. Олар қарындары сәл аша бастаса болғаны, құмыра дайындаған тәтті ботқаға тойып алады.
Күндердің күнінде қыз тағы да орманға серуендеуге шығады. Үйдегі шешесі оның оралуын ұзақ тосады. Ақырында қарны ашып, ботқа жегісі келеді. Ол ғажайып ыдысты пештің үстіне қойып:
– Құмыра, ас пісір! – дейді.
Сол-ақ екен ғажайып құмыра бүлкілдей қайнап, бидай ботқасын пісіре бастайды. Әжей тамсана отырып, дәмді ботқаны мақтай-мақтай жеп алады. Тек енді тоқтатайын десе, қандай сөз айту керек екенін ұмытып қалыпты. Ал құмыра болса, пісіріп жатыр, пісіріп жатыр... Бір кезде ботқа ыдыстың ернеуінен асып, жерге төгіле бастайды. Сәлден соң ас үйдің іші ботқаға толады. Одан кейін бүкіл бөлмелерге жайылады. Алайда құмыра шаршайтын емес. Біраздан соң ботқа көрші үйлерді, ары қарай бүкіл көшені басып қалады. Енді не істеу керек? Бір адам да оны тоқтатудың жолын білмейді екен.
Бір уақытта ботқа тасып-тасып, көшенің бойындағы ең соңғы үйге жеткен кезде, қыз да оралады. Ол:
– Құмыра, тоқтай ғой! – дейді қатты дауыстап. Құмыра сол замат басыла қалады.
Міне, осы оқиғадан соң қалаға қыдырып келген әрбір адам жолай ботқа жеп, қарнын тойдырып алатын болыпты.
Аударған: Әлижан Тауұлы
Ұқсас жазбалар:
Еркіндікті көксеген кемпір (парсы ертегісі)
@. @assel_assanova