- Негізгі бет
- Ертегі
- Тарақандар елден неге...
Тарақандар елден неге көшті?
Тарақандардың жолда топ-тобымен жортып келе жатқанын көрген қоңыздың екі көзі шарасынан шықты. Себебі өң-түссіз жәндіктер алды-артына қарамастан, үреймен шығысқа қарай жол тартып келеді. Таза ауада ерігіп әндетіп отырған қоңызға тарақандардың бұл әрекеті ерсі көрінді. Ол дереу не болғанын білгісі келді. Алайда ебін таппады. Егер сұрай қалсам, топырлап келе жатқан тарақандардың аяғының астына қалып жарақат алармын деп қауіптенді. Дегенмен сырттарынан бақылауын тоқтатпады. Жәндіктердің тоқтап демалатын сәтін аңдыды. Шаруасы түгел қоңыз тарақандардың жүдеу қалпын байқады, оларға жаны ашыды. Ол тарақандардың соңынан еріп, қалайша 3 сағат жүргенін байқамай қалды, қарны ашты. Тарақандар тынығып, азықтанып отырғанда жайлап басып жандарына келді.
– Әй, бұл кім тағы, жердің астынан шыға келген?– деді қарт тарақан жақтырмаған түрмен қарап.
– Қоңыз әулетіненмін, атым Жедел. Сіздердің туысқаныңыз боламын,– деп күмілжіді.
Қоңыз өзін толғандырған сұрағын қоя алмады. Өйткені ол қатты шаршаған еді. Бұл оның өмірінде бірінші рет тоқтаусыз ұзақ жүруі.
– Осы тұрған жеріңде күл-паршаңды шығарайын ба?– деп, манағы қарт тарақанмұртын әрлі-берлі қимылдатты.
– Бұл біздің бауырымыз ғой. Бізге жаны ашып тұрған шығар. Бірдеңе сұрағысы келгені түрінен көрініп тұр,– деді буыны бекімеген жас тарақан. Сөйтті де дорбасынан нан қалдығын алып асай бастады.
– Менің сіздерге қояйын деген сұрағым бар,– деді қоңыз. – Не себептен тобыңызбен көшіп барасыздар? Қайда барасыздар?
Қоңыздың ойлы көзбен қойған сұрағын байқаған қарт тарақанның жүзі жылыды. Ол қоңыздың қасына келіп, бауырына басты да, ашылып әңгімесін жалғады:
– Біз адамдарға өкпеліміз. Елде ұялы телефон деген пәле көбейді. Ал біз оның радиациялық сәулесін өте жақсы сезінеміз. Осы жерді мекендеген миллиондаған бауырымыз қиналды, азап көрді. Адам баласы оны сезбейді де.
Мақсатымыз Қытайға барып тұрақтап қалу емес. Ол жерде ұялы телефон біздің елден де көп екен. Шың елінің Юймынь деген қаласы маңына жеткен соң, оңтүстікке қарай жол тартамыз. Гонконг деген қалада кемеге отырып, Тынық мұхитындағы Тубуаи деген аралға барып қоныстануды армандаймыз.
– Неге дәл сол жерге барасыздар? Бұл дегеніңіз жердің түбі ғой.
– Баруымыз міндет. Ұлы қоңыр түсті Тарақан әулетін сақтап қалуымыз керек. Ол жерде ұялы телефон санаулы-ақ, адам аз қоныстанған.
– Мәссаған! Ал осының бәрін сіз қалай білесіз, қалайшы жоспарлап қойғансыз?
Осы кезде ұшып бара жатқан көгершін қарт тарақанның алдына сәлемдеме хатын тастап өтті. Тарақан құсқа алғысын айтты. Хатты Юймыньдегі көгершіндер эстафета арқылы жеткізіп беріпті. Конвертті ашып, қолына микрофон алды да, хаттағы жазуды дауыстап оқыды.
«Сәлеметсіз бе, Бәдір! Қалайсыздар?
Әлемдегі миллиардқа жуық қоңыр түсті бауырларыңыз сіздерді асыға күтіп отыр. Менің ұйымдастыруыммен Тубуаи, Молден, Уполу, Аваруа аталатын аралдарға миллиондаған бауырларымыз сәтті қоныстанды. Сіздерді алдымен Юймыньдегі Датунхэ өзеніндегі солтүстік-батыс мекенінде күтіп аламыз. Датунхэ өзенінде өзім қолмен жасаған алып кемеге отырамыз да, Хуанхэ, Дадухэ, Янцзы, Бейланьцзян, Сицзян өзендері арқылы Сянганға (Гонконг) жетеміз. Сянганда адам баласы құрастырған өте алып кемеге отырамыз. Ол кеме Автралияға қарай жүреді. Әрі қарай Австралиядан Понпей аралына өзіміздің кемемізбен барамыз.
Айтпақшы, Понпейге баруымыздың себебі – бұл жер Тубуаи, Молден, Уполу, Аваруаға қарағанда жақынырақ орналасқан. Әрі ол жерді қазір біздің қоңыр түсті әулетіміз мүлдем мекендемейді екен. Менің білуімше, осы жерде өмір сүруге барлық жағдай бар. Кеменің кестесін біліп алдым. Тура 12 күннен кейін Австралиядан Сянганға кеме келеді екен. Соған жету үшін алдымен сіздердің Юймынь маңындағы Датунхэ өзеніне 2 күннің ішінде келіп жетулеріңізді сұраймын. Азық-түлікке алаңдамаңыздар. Бәрін ойластырып қойдым. Сәлеммен, ініңіз Қараш».
Хатты оқып болған соң қарт тарақан азықтанып болған жәндіктердің басын шығысқа қарай жүгіре жөнелісті.
«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды аңсайтын тарақандарға қоңыз сәттілік тіледі.
Нұрлан Құмар
@. @assel_assanova