Оле-Лукойеге тең келетін ертегіші бұл дүниеде жоқ. Ертегіші деп соны айт, шіркін! Кешқұрым балалар үстел басында немесе орындықтарда тып-тыныш отырған кезде, Оле-Лукойе кіріп келеді. Аяғына ескі шұлық киген ол, басқышпен дыбыссыз басып көтеріліп, есікті ақырын ғана ашады да, қолындағы бүріккішімен балалардың көзіне тәтті сүт бүркіп кеп жібереді. Сол сәтте-ақ балалардың бәрінің де кірпіктері жұмыла бастайды, сөйтіп, олар Олені көре алмайды. Ал Оле болса, еппен басып балалардың арт жағына келеді де, желке тұсына ақырын ғана үрлейді. Үрлесе-ақ болғаны балалар бастары салбырап мүлги бастайды. Бірақ та олардың еш жері де ауырмайды. Несіне ауырсын, Оле-Лукойе еш жамандық ойламайды, оған тек балалардың тынышталып, төсекке жатулары қажет. Ал балалар қалай тынышталды, солай ол ертегі айтуға кіріседі. Сонымен балалардың көздері ілінеді, содан кейін Оле-Лукойе кереуеттің шетіне отырады. Өзі сәнді киінген үстінде жібектен тігілген жұп-жұқа шапаны бар, ал шапанының түсі пәлен деп айту қиын, өйткені Оленің қалай бұрылып қимылдағанына қарай ол біресе көгілдір, біресе қара көк, біресе қызыл түспен сан құлпырады. Оленің қолтығына қысып алған екі қол шатыры және бар. Сурет салынып әшекейленген қол шатырды ол жақсы балалардың үстіне ғана жаяды, сонда олардың түсіне түні бойы қызықты-қызықты ертегілер кіреді. Екінші шатыр мүлдем жұпыны, суреттен де, бәрінен де жұрдай. Оны Оле жаман балалардың үстіне жаяды; сонда олар кескен томарға ұқсап, түні бойы тұяқ серіппестен быр-быр ұйықтайды. Түс көрместен таңертең бір-ақ оянады. Кәнекей, біз Оле-Лукойенің Яльмар атты кішкентай балаға бүкіл апта бойы келіп, әр кеш сайын айтқан ертегісін тыңдайық. Ол бір емес, табаны күректей жеті ертегі айтып берді, өйткені аптада жеті күн бар ғой. ДҮЙСЕНБІ Хо-ош! деді Оле-Лукойе, Яльмарды төсекке жатқызып, енді бөлмені безендірейік! Құмыралардағы гүл атаулы сол сәтте-ақ бойлай өсіп, әп-сәтте үлкен-үлкен ағаштарға айналды да, ұзын-ұзын бұтақтарын төбе тақтайға дейін жайып жіберді, бөлме ғажап сая жайға айналып сала берді. Ағаштардың бұтақтары гүл жамылды, өзінің әдемілігі мен хош иісіне келгенде гүлдің бірде-бірі раушаннан кем емес еді, ал дәмі (егер де сіз оның дәмін татып көргіңіз келсе) вареньеден де тәтті; жемістері болса алтындай жарқырайды. Ағаштарда жүзім мол қосылған тоқаштар да самсап өсіп тұр. Тіпті ғажап! Яльмардың. кітаптары жатқан столдың суырмасынан кенет қатты ыңқылдап, ыңырсыған дыбыс шықты. Не болып қалды бұл? деді де Оле-Лукойе келіп столдың суырмасын ашты. Сөйтсе, сыбырлап, сықырлаған жазу тақтасы болып шықты: оған шығарылған есепте қате кетіпті де, барлық цифр атаулы бет-бетімен қаша жөнелуге шақ қалған екен; жіп тағылған грифель байлаулы күшікке ұқсап секіріп, қарғып жаны шығып барады, ондағы ойы қатені түзеп жіберуге көмектесу, әттең, не керек, қолынан келері жоқ. Яльмардың дәптерінен ыңырсыған аянышты дауыстар тынымсыз шығып жатты, тіпті естігенде төбе шашың тік тұрғандай. Бұл дәптердің әр бетінің, әр жолының басын иіп түйістіре үлкен және кіші әріптер тұр, бәрі де маржандай әп-әдемі-ақ. Бұлар әріптердің жазу үлгілері болатын. Олардың төңірегіне өздерін де дәл солардай әдеміге санаған басқа әріптер жайғасыпты. Бұларды Яльмардың өзі жазған екен, қарындашпен сызылған жолдардың үстіне түзу тұрудың орнына қиқы-жиқы болып қисайып-қисайып құлап жатыр. Міне, былай тұру керек! деп үйретеді жазу үлгісі! Міне, былай, сәл оңға қарай қисая! Ойпырмай, біз айтқаныңды қуана-қуана орындар едік, деп жауап берді Яльмардың әріптері. Бірақ қолымыздан келмейді! Біз сондай сорлы бейбақпыз! Олай болса сендерді ептеп жөнге келтіру керек екен! деді Оле-Лукойе. Жоға, ойбай, жоқ! деп у-шу болған әріптер жалма-жан маржандай тізіліп-тізіліп тұра қалысты, тіпті қарауға көз тоймайды. Е, енді сендерде ертегі естуге шама да жоқ! деді Оле-Лукойе. Кәнекей, дене қимылын жасап жіберейік! Бір, екі! Бір, екі! Сөйтіп оның Яльмардың әріптерін үйретіп шығарғаны сондай, енді олар жіптіктей түп-түзу боп тұрды, бұлайша тұра білу тек жазу үлгілерінің-ақ қолынан келер. Бірақ та Оле-Лукойе кетіп, Яльмар таңертең ұйқыдан оянған кезде, әріптер бұрынғысындай сорлы күйіне қайта түсті. СЕЙСЕНБІ Яльмардың төсекке жатқаны сол еді, Оле-Лукойе өзінің сиқырлы бүріккішін мебельге тигізе қойды да, бөлмедегі дүние-жиһаздар, түкіргіштен басқасының бәрі, бірімен-бірі сөйлесіп, уілдесе бастады, ал түкіргіш үн қатпай, өзге нәрселердің жеңілтектігіне ыза боп тұрды. Бұрышта елеусіз ғана жатып өзгелердің өзіне түкіруіне мүмкіндік берген нәрсені көрмей, өзім-өзім деуден басқаны білмегендеріне ренжіді. Текшенің жоғарғы жағында алтындатқан жақтаулы үлкен сурет ілулі тұр. Онда бір көрікті жер бейнеленіпті, зәулім кәрі ағаштар, көкорай шалғын, түрлі-түсті гүлдер, салтанатты сарайды дәл іргелей ағып, орманнан ары өтіп барып ту алыстағы шексіз теңізге құятын жайын өзен еріксіз көз тартады. Оле-Лукойе сиқырлы бүріккішін суретке тигізіп қап еді, онда салынған сурет-құстар сайрап қоя берді. Ағаштың бұтақтары қозғалып, аспанда бұлттар көше бастады. Тіпті бұлттардың көлеңкесі суретте қалай жылжығаны да ап-айқын көрінді. Бұдан соң, Оле Яльмарды раманың деңгейіне көтеріп еді, баланың аяғы биік шөпке тиді. Ағаш жапырақтарының арасынан сығалай түсіп тұрған күн сәулесіне бөленген Яльмар жүгіріп суға барды да, жағада теңселіп тұрған кішкентай қайыққа отырды. Қызыл және ақ түске боялған қайықтың желкендері күмістей жарқырайды. Бастарына алтын тәж киген, мойындарында жалтылдаған көгілдір жұлдыздары бар алты аққу қайықты көгілдір орманды қуалай сүйреп ала жөнелді. Бұл ормандағы ағаштар қарақшылар мен жалмауыз кемпірлер жайында, ал гүлдер кіп-кішкентай, тамаша періштелер туралы және өздерінің көбелектерден естіген-білгендерін сыбырласа айтып тұрды. Қайықтың соңынан күміс, алтын түсті ғажайып балықтар еріп отырды. Олар сүңгіп кетеді де, шоршып шығып, суға қайтадан шолп ете түседі. Қызылды-жасылды, үлкенді-кішілі құстар екі катар боп тізіліп, Яльмардың соңынан қалмай ұшып отырды; маса ызыңдап, зауза қоңыздар дың-дың ұшады. Олардың бәрі де Яльмардың қасына еріп, оған ертегі айтып беруге құштар. Иә, бұл бір айтарлықтай-ақ серуен болды. Орман біресе қалыңдап, қара көлеңке тартады, біресе күн нұрына бөленіп, гүлдерге толы тамаша бақшаға ұқсайды. Өзен жағасында үлкен-үлкен хрусталь, мәрмәр сарайлар көзге шалынады. Ал осы сарайлардың балкондарында ханшалар тұр, олардың бәрі де Яльмардың өзімен бірге ойнап жүрген таныс қыздар болғандықтан, Яльмар жаққа қолдарын созады. Әрқайсысының оң қолында қант қосып, тәтті наннан жасаған торай. Мұндай кереметті тіпті тәттімен сауда жасайтын әйелдердің өзінен де ұшыратпайсың. Яльмар тап жанынан жүзіп өте бергенде, қыздың қолындағы тәтті нанның бір шетінен шап беріп ұстай алды, бірақ ханша оны оңайлықпен бере салмайды да, тәтті нан ортасынан опырылып кетеді. Яльмарға үлкенірегі, ал ханшаға кішірек бөлігі тиеді. Сарайлардың сағаттарының үстінде тұрған құртақандай-құртақандай бекзадалар алтын қылыштарын жарқылдатып Яльмарға сәлем берді де, мейіз бен қола солдаттан шашу шашты. Міне, нағыз бекзадалар осындай болар? Ормандар да, қайдағы бір зәулім залдар мен шаһарлар да артта қалды. Сәби шағында өзін мәпелеп күткен, әрі жанындай жақсы көрген күтуші әйел тұратын шаһардан өтіп барады. Кенет Яльмардың көзіне өзін күтіп, тәрбиелеген әйел шалына кетті. Ол бұған қарап басын изеп, қолын бұлғайды. Бір кезде жанындай жақсы көретін Яльмарына арнап өзі шығарып, салып жіберген жүрек тебірентерлік өлеңін айтып тұр. Өзіңді ойлап таусылды әбден тағатым, Балапаным, ия, маржаным, қанатым. Сені құшып-сүйіп мейірім қанатып, Төбем көкке жеткендей боп қалатын. Бір естісем сенің тәтті үніңді, Тербетіп ем, үйретіп ем жүруді. Кімге барып шағам ауыр мұңымды? Кеңшілігі мол жаратқан жаббарым, Өзің жар боп, жебегейсің күнімді1. Құстар оған қосыла сайрап, гүлдер майыса би биледі, ал талдар да бейне Оле-Лукойе өздеріне де ертегі айтып тұрғандай бұтақтарын тербеп, басын шұлғи қалыпты. СӘРСЕНБІ Жаңбыр тынымсыз шелектеп төкті. Яльмар оның үрейлі сатырын тіпті түсінде де естіп жатыр. Оле-Лукойе терезені ашқан кезде, жаңбыр суы терезенің деңгейіне жетіп қалған екен. Айдын көлдің нақ өзі дерсің. Мұның есесіне бір тамаша кеме келіп үйге тұмсығын тірей тоқтады. Жол жүргің келе ме, Яльмар? деп сұрады Оле. Түні бойы жат елдерді аралайсың, ал таң алдында үйіңе қайтып ораласың! Сөйтіп Яльмар ойламаған жерден бір керемет кемеге тап болды. Ауа райы лезде ашылды. Кеме көшелерді аралап, шіркеудің тап жанынан жүзіп өтті, айнала ұшы-қиырсыз көл-дария. Ақырында кеменің алыстап кеткені соншалық, жер көз ұшынан ғайып болды. Аспанда қалықтап бір топ көкқұтан ұшып келе жатты, олар да туған жерін артта қалдырып, жылы жаққа бет алған еді. Көшкен керуендей бірінің соңынан бірі ұзыннан-ұзақ тізіле ұшады. Көкқұтандар жолға шыққалы көп күндер өткен еді, олардың біреуінің әбден шаршап қалжырағаны сондай, мүлдем талған канаттарын әрең сермейді. Ол өзгелерінің соның ала ұшып келе жатыр, біртіндеп кейін қалып та қойды, канаттарын жайып, барған сайын төмен құлдилай берді, құлдилай берді. Ол жан дәрмен қанатын тағы да бір-екі рет сермеп еді, бірақ онысынан ештеме өнбеді. Ол кеменің діңгегіне қақтығып, арқандардың бойымен төмен сырғанап барып, тұп-тура палубаға дүрс ете түсті. Оны жас теңізші көтеріп алды да, апарып күрке тауықтар, үйректер мен тауықтар қамалған үйшікке отырғыза салды. Байғұс көкқұтан жан-жағына мұңая қарап тұрды. Қарай гөр мұны! деп, қыт-қыттасты тауықтар. Күркетауық барынша күжірейіп алды да, көкқұтаннан жөн сұрады, ал үйректер шегіншектеп, біріне-бірі қақтыға бар-бар етісті: Ақ-қымақ! Ақ-қымақ! Көкқұтан оларға ми қайнаған Африка туралы, пирамидалар туралы және шөлде құландай құлдырап жүйткитін түйеқұстар жайында айтып берді. Бірақ үйректер түкке түсінсе бұйырмасын, олар бірін-бірі тағы да кимелеп бар-бар етісті: Рас, ақымақ өзі, ә? Әрине, ақымақ! деп қостады күркетауық, сөйтті де ашу кернеп дүрдиіп, бірдеме деп міңгір-міңгір етті. Осыдан кейін көкқұтан ләм демей, өзінің Африкасын ойға алды. Шіркін, сіздің аяғыңыз сүмбілдей-ау өзі! деді күркетауық. Бір кезіне қанша сұрайсыз? Барқ, барқ, барқ, деп барылдасты үйректер. Әйтсе де көкқұтан ештеме естімегенге ұқсады. Бізге қосылып сіз де көңіл көтерсеңізші! деді көкқұтанға күркетауықтың қоразы. Соны айтты да: Тіліп түскендей етіп айттым-ау өзі! деп қоқиланды ол. Бірақ мұның қалжың несін алған? Өзінің ұғымталдығы да шамалы болар! Қайтеміз, мұңсыз-ақ ермек табамыз да! деп ол тағы да бірдеме деп қырқылдады. Қыран-топан күлкіге батқан тауықтар қыт-қыттап, үйректер у-шу болысты. Яльмар келіп құс күркенің есігін ашып, көкқұтанды шақырды. Демалып, тыңайып қалған көкқұтан сол сәтте-ақ күркеден оның қасына секіріп түсті. Алғыс айтқандай Яльмардың алдында басын иді де, сала құлаш қанаттарын сермеп-сермеп жіберіп, жылы жаққа қарай ұша жөнелді. Тауықтар тағы да қыт-қыттады, үйректер бар-бар етісті, ал күркетауықтың ішіне қызғаныш толып дүрдигені соншалық, айдары қып-қызыл боп кетті. Ертең сендерден сорпа жасайды! деген Яльмар, өз даусынан оянып кетсе, кереуетінде жатыр екен. Оле-Лукойемен бірге ол бұл түні айта қалатындай-ақ серуендеді. БЕЙСЕНБІ Сен не білесің? деді Оле-Лукойе. Тек қорқушы болма. Мен қазір саған тышқан көрсетемін! Расында да оның қолында бір сүп-сүйкімді тышқан бар еді. Бұл сені үйлену тойына шақыра келіп.тұр: бүгін түнде екі тышқан қосылмақшы. Олар сенің анаңның азық қоятын шоланындағы еденнің астында тұрады. Айтуларына қарағанда, ол ғажайып мекен-жай болса керек! Тесіктен еденнің астына мен қалай түспекпін? деп сұрады Яльмар. Маған сене берсеңші! деп жауап берді оған Оле Лукойе. Мен сені құртымдай ете қоямын. Соны айтып өзінің сиқырлы бүріккішін Яльмарға тигізе қойып еді, ол кенет кішірейе берді, кішірейе берді. Ақыр аяғында әбден құртымдай болғаны сонша бармақтай баланың нақ өзі дейсің де қоясың. Мундирді қола солдаттан сұрап алып киюге болады, деді Оле-Лукойе. Ол саған құйып қойғандай болар деп ойлаймын, қонаққа мундир киіп бару келісті-ақ қой. Жарайды, деп келіскен Яльмар, киімін ауыстырып киген кезде өнегелі қола солдаттан аумай қалды. Сізге шешеңіздің оймағына отыру қолайлы болмас па екен? деді Яльмарға тышқан. Сізді жеткізіп салу құрметіне ие болар едім мен. Бұл сізге қиындыққа түсіп жүрмесе екен? деп сыпайылық білдірді Яльмар. Сөйтіп олар тышқандардың үйлену тойына жүріп те кетті. Еденнен тышқандар кеміріп тескен тесіктен түскен олар, әуелі ұзыннан-ұзақкоридорға тап болды, оның тарлығы сондай, одан тек оймақта отырып қана өтуге болатын еді. Коридор жарқырауық шірінділерден жап-жарық болып тұр. Бұл жердің иісі тамаша емес пе, ә? деді оймақ сүйреткен тышқан. Бүкіл коридорға тоң май жағып тастаған. Бұдан артық бұл дүниеде не болсын! Бір кезде олар той өтіп жатқан залға да жетті-ау, әйтеуір. Он жақта сыбырласып, сыңқылдасып бикеш тышқандар тұр, сол жақта, мұрттарын дамылсыз ширатқан жігіт тышқандар: дәл ортаға желінген сырдың қыртысы қойылған, онда күйеу мен қалындық отыр, самсаған жұрттың көз алдында екеуі бірін-бірі сүйіп-құшып өліп барады. Оның ерсілігі жоқ, олар сөз байласып қойған, қазір некелері қиылуға тиіс. Ал меймандар үсті-үстіне келіп жатыр, келіп жатыр; иін тірескен көпшілік бақытты жұбайларды дәл есіктің көзіне тықсырып апарып тастады. Демек, бұдан соң ешкім ішке де кіре алмайтын, сыртқа да шыға алмайтын болды. Зал да, коридор сияқты, маймен тұтас майланып тасталған екен; басқадай ас берілген жоқ. Ал ас басу үшін меймандардың алдына жас жұбайлардың бір туысы екеуінің аттарын, яғни әрқайсысының есімінің тек бірінші әрпін ғана кеміріп жазған бұршақ тартылды. Ғажап дерсің! Барлық тышқандар той айтарлықтай болды, уақыт өте көңілді өтті деп бағалады. Яльмар үйіне қайтты. Қола солдаттың мундирін киерде мүлдем бүрісіп бір уыс болды демесең, ол қандай айтулы жұрттың жиынына қатысты емес пе? ЖҰМА Қаншама карт адамдардың маған ие болуға құштар екеніне, тіпті сенгің де келмейді! деді Оле-Лукойе. Әсіресе бір жамандық іс істегендері маған құмар-ақ... Қайырымды, сүйкімді Оле, деседі олар маған, біз тіпті кірпік іле алмаймыз, түн баласын төсекте дөңбекшіп ұйқысыз өткіземіз. Бізді өзіміз істеген жамандығымыз қоршап алады да, бейне бір жексұрын албастыларға ұқсап кереуеттің шетіне апарып алып, үстімізге қайнаған суды бүркеді-ай кеп. Ең болмаса, Оле, сен келіп, оларды қуып жіберсең ғой, біз тәтті ұйқыға батар едік; біз сенің жақсылығыңды ешқашан ұмытпас едік, деп бірін-бірі қостайды олар ауыр күрсініп. Кәне, қайырлы түн, Оле! Ақша терезеде тұр, дейді. Бірақ та мен ақшаға сатылып, ешкімге де келмеймін, деп түйді сөзін Оле-Лукойе. Бүгін түнде не істемекпіз? деп сұрады одан Яльмар. Тағы да үйлену тойына баруға қалай қарайсың? Тек, әрине, кешегі болған жерде емес, басқа. Сенің тәтеңнің үлкен қуыршағы, анау, әлгі, еркек балаша киінгені бар ғой, оның өзінің аты Герман, сол қуыршақтың Бертамен некелесуге көңілі кетіпті. Оның үстіне, қуыршақтың туған күні, сол себепті де оған қисапсыз көп сыйлықтар әзірленіп жатыр. Білемін! Білемін! деді Яльмар. Қуыршақтарға қалай жаңа киім-кешек болды-ақ, солай тәтем де олардың туған күнін немесе үйлену тойын тойлай қояды. Ол кемінде жүз рет сөйткен шығар. Иә, ал бүгін түнде бұл жүз бірінші рет, демек, ақырғы рет болады. Сондықтан да өзгеше дайындық жасалуда. Қарасаңшы! Яльмар столға көз салды. Оның үстінде терезелерінен жарық жарқыраған картон үй тұр, қола солдаттардың бәрі де мылтықтарын көтере ұстап, сіресіп қалыпты. Қалыңдық, пен күйеу еденде, үстелдің сирағына сүйене ойға шомып отыр. Е, олардың ойға шоматын реті де бар-ау! Әжейдің қара етекшесіне малына оранып алған Оле-Лукойе олардың некесін қайта қиды. Содан кейін қарындаш шығарған күлдіргі өлеңді бөлмедегі барлық жиһаз марш әуеніне салып шырқап қоя берді: Қырық құрғақ киімдері жарасып, Нұp сипаты алтын күнмен таласып, Ақыл-көркі бір-біріне тең келіп, Отыр, әне, жас жұбайлар тебіреніп. Шалқып-тасып, жайраң қағып біз күліп, Уралаймиз той-думанды қыздырып. Бұдан соң жастар тарту-таралғы, сыйлықтар алды, бірақ ас ішуден бас тартысты. Өйткені олар өз махаббаттарына күпті болатын. Ал біз енді дачаға барамыз ба, немесе шетелге жол тартамыз ба? деп сауал берді жас күйеу. Ақылдасуға тәжірибелі саяхатшы қарлығаш пен бес рет балапан басып шығарған кәрі тауықты шақырды. Қарлығаш зілдей жүзім шоқтары өсіп тұратын, ауасы сондай жеңіл, ал баулары бұл жақтағылардың өңі түгіл түсіне де кірмейтін ғажап бояулармен құлпырған жылы жақ жайлы әңгімелеп берді. Сөйткенмен де ол жақта біздің жалбыршақ капустамыз өспейді, деді тауық. Бір жазда мен өзімнің балапандарыммен бірге деревняда тұрған едім, онда үлкен құм үйіндісі болатын, оны қанша қопарып, астан-кестенін шығарайық десек те ерік өзімізде тұғын. Оған қоса, капуста өскен бақшаға баруға да рұқсат етілуші еді. Шіркін, капустасы қандай көкпеңбек еді десеңші! Одан асқан әдемі не бар дейсің! Өй, капустаның бір түбі екінші түбіне егіз қозыдай ұқсас қой, тәйірі! дегенді айтты қарлығаш. Және де, мұнда ауа райы да жиі-жиі бұзыла береді. Өй, оған көндігуге болады ғой, деп салды тауық. Мұнда күн сондай суық, қатып қалуың оп-оңай! Капуста үшін бұл нағыз таптырмайтын жағдай, деп дес бермеді тауық. Иә, айтқандайын, бізде де күн жылы болып тұрады, мәселенки, осыдан төрт жыл бұрын бізде жаздың табандатқан бес аптаға созылғаны бар. Ойпырмай, сондағы аптап ыстықты-ай, тіпті дем алуға ауа жетпеді емес пе! Айтқандайын, жылы жақта өріп жүретін улы жәндіктер бізде атымен жоқ. Қарақшылар да құрыған. Тек сілімтіктер ғана біздің елімізді дүниедегі ең жақсы ел қатарына санамайды. Ондай керауыздар біздің елде тұрудан садаға кетсін! Осыны айтып тауық жылап жіберді. Мен де саяхаттап көргенмін, кеспекте қамаулы отырып табаны күректей он екі миль жер жүргенім бар, сонда жиһангерліктен еш мархабат тапқаным жоқ. Иә, біздің тауық ақылды, деді, қуыршақ Берта. Тау-тасты кезіп жүру маған да ұнамайды, біресе жоғары шығып, біресе төмен түсуден басқаны білмейсің! Жоқ, одан да біздің құмы мол деревняға барып, капуста өсіп тұрған бақшаға сайран салғанымыздан артығы жоқ. Осы сөзге бәрі ден қойысты. СЕНБІ Ал бүгін ертегі айтасың ба? деп сұрады Яльмар, өзін төсегіне Оле-Лукойе жатқызып салысымен-ақ. Бүгін уақыт жоқ, деп жауап берген Оле баланың үстіне өзінің әдемі қол шатырын жайды. Міне, мына қытайларға қарашы! Қол шатыр көгілдір ағаштардан және бастарын изеп кіп-кішкентай қытайлар тұрған, қылдырықтай тап-тар көпір өрнектер салынған үлкен қытай табағынан аумайтын еді. Бүгін ертеңгі күнге арнап бүкіл әлемді әдемілеп, жасандырып шығу керек! деп сөзін сабақтады Оле. Ертең күн жексенбі мейрам. Менің қоңырау мұнарасына шығып, қоңырауларды тазалайтын шіркеу перілерінің жұмысын тексеруім керек, әйтпесе қоңыраулардың даусы ертең нашар шығатын болады; одан соң далаға барып, желдің шөптер мен жапырақтардың шаңын қаққан, қақпағанын өз көзіммен көремін. Ал бұдан кейін ен қиын жұмыстың кезеңі келеді: барлық жұлдызды аспаннан алып, жарқырата тазарту қажет. Оларды алжапқышыма жинаймын, ол үшін әр жұлдызды және ол жұлдыз орналасқан тесікті белгілеп қоямын, бұл олардың бәрін де өз орын-орындарыңа орналастыру үшін қажет, әйтпесе олар дұрыстап орнықпайды да, бірінен соң бірі аспаннан домалап кетіп жүрер. Сөзге құлақ салыңызшы, Оле-Лукойе мырза! деп, қабырғада тұрған көне сурет кенет сөйлеп қоя берді. Мен Яльмардың ұлы атасымын, балақанға ертегі айтып бергеніңіз үшін сізге дән ризамын. Бірақ та сіз оның түсінігін керісінше бұрмаламауға тиіссіз. Аспаннан жұлдыздарды жұлып алып, тазарту мүмкін емес: жұлдыздар да біздің жер сияқты, сондықтан да жақсы олар. Рақмет саған, ұлы атай! деп тіл қатты Оле-Лукойе. Рақмет! Сен семья басының, біздің тұқымның арғы тегісің, әйтсе де менің жасым сенен үлкен. Мен пұтқа табынушылардың ең қартымын, ертедегі римдіктер мен гректер мені түс көру құдайы санаған болатын. Мен аса атақтылардың үйлерінде де болдым, қазір де өз үйімдей барып жүремін, және үлкенмен де, кішімен де тіл тауып үйлесе білемін. Ертегіні енді өзің-ақ айта бер. Сөйледі де Оле-Лукойе қол шатырын қолтығына қыстыра сап кетіп қалды. Япырай, өз пікіріңді айтуыңа да болмайды-ау өзі! деп күңкілдеді көне сурет. Сол сәтте Яльмар да оянып кетті. ЖЕКСЕНБІ Кеш жарық! деді Оле-Лукойе. Яльмар оған басын изеді де, атып тұрып, улы атасының суреті кешегідей тағы да сөзге килікпеуі үшін, бетін қабырғаға қарата айналдырып қойды. Ал енді, сен маған бір қауыздағы бес бұршақ туралы, тауықтың аяғын емдеген қораздың аяғы жайлы және өзін тігін иесіне балаған тебен ине жайлы ертегілер айтып бер, деді Яльмар. Пәлі деген, жақсыны ысырап етуге бола ма! деп жауап берді, Оле-Лукойе. Мен одан да саған бірдемелер көрсетейін. Мен саған өзімнің інімді көрсетейін, оның аты да Оле-Лукойе, бірақ ол ешкімге де жылына бір реттен артық көрінбейді. Ал егер де келе қалса, адамды атына мінгестіріп алады да, оған ертегі айтып береді. Өзінің білетіні бас-аяғы екі-ақ ертегі: оның бірінің тамашалығы сондай, айтуға тіл жетпейді, оның есесіне екіншісі... оның қандай қорқынышты екенін айтуға сөз таппайсың! Оле-Лукойе Яльмарды көтеріп алды да, терезенің алдына әкеліп былай деді: Қазір сен менің інімді, басқа Оле-Лукойені көресің. Адамдар оны Тажал деп атайды. Көрдің ғой, суретте адамның қаңқасы сияқты бейнеленген, оның ешқандай да қорқыныштылығы жоқ. Үстіндегі шапаны, гусар мундирі сияқты күміспен кестеленіп тігілген, иығында қара барқыт желеңі желбірейді... Қарашы, оның қалай құйғытып келе жатқанын! Сол сәтте басқа бір Оле-Лукойе астындағы атына қартты да, жасты да мінгестіріп алып, құйындатып келе жатқанын Яльмардың көзі бірден шалды. Біреулерді ол алдына, біреулерді артына мінгестіріп алып жатыр, бірақ әуелі әрқайсысынан: Сенің алған бағаларың қандай? деп сұрайды. Жақсы! деп жауап береді бәрі де. Көрсетші, кәне! дейді ол. Көрсетуге тура келеді, үздік немесе жақсы бағасы барларды ол алдына мінгізіп, оларға көңілді ертегі айтып береді, ал орта немесе жаман баға алғандарды артына мінгестіреді, олар қорқынышты ертегі тыңдауға тиіс. Олар үрейлері ұша қалшылдап, көз жастарын көлдей төгіп еңіреп жылайды. хаттан секіріп түсіп қалуға тырысады, бірақ олай ету қолдарынан келмейді. Өйткені ерге бірден-ақ жабысып қалған емес пе. Әйтсе де Тажал ғажап Оле-Лукойе! деді, Яльмар. Мен одан титтей де қорықпаймын! Иә, қорқудың қажеті жоқ! деді Оле. Тек байқағайсың, үнемі жақсы бағаң болсын сенің. Міне, бұл ғибратты сөз! деп күңк ете түсті ұлы атайдың суреті. Әйткенмен де, кейде өз пікіріңді айтқанның залалы да жоқ-ау. Ол дән риза еді. Мінекей, Оле-Лукойе жайындағы барлық хикая осындай. Ал кешке саған оның өзі бірдемелер айтып берсін. Ганс Христиан Андерсен Аударған:Естай Мырзахметов