Осыған дейін біз сіздерге парсы, орыс ертегілерін ұсындық. Бүгін жапон ертегісін беріп отырмыз. Балаларыңызға оқып беріп, тұрақты тіркестердің, бейнелі сөздердің мағынасын түсіндіріп отырыңыз. Кішкене кезінде құлағына сіңген сөз есінде жақсы сақталатын болады әрі тіл байлығын арттырады. Ең бастысы ертегілер баланың ой-өрісін дамытып, таным-түсінігін қалыптастырады.
Мәнді талас
Бір күні үш адам жолда келе жатып, сөз таластырып қалады.
– Егер біреуіміз жолдан отыз сом тапсақ, - дейді бірі, – әрқайсымыз он сомнан тең бөліп алайық.
– Жоқ! – деп қарсыласа кетеді екіншісі. – Кім де кім бұрын тапса, көбін сол алсын.
– Бұл әділдік емес! – деп киліге кетеді үшіншісі. – Ешқайсымызға қиянат жасамай, тең бөліп алуымыз керек!
– Апырмау, бұғы аулауда мынадай дәстүр бар ғой: мысалы, кімнің садағының оғы бұғыға бұрын тисе, басын сол алады. Мұнда да солай: кім бұрын тапса, ақшаның денін сол алу керек!
Жолаушылар даурыға таласып қызыл шеке болады. Бұларға қарсы май сатушы ұшырап, даулары оның құлағына тиеді. Май құйған күбісін жолдың жиегіне қоя салып, төрелік айтуға кіріседі:
– Былай болсын, жолаушылар! Алдымен тапқан ақшаны мына жерге салыңдар!..
Сонда да болмай, жолаушылар жұдырықтаса кетеді. Бір-бірінің басына таяқ ойнатады. Ұшқыны саудагерге де тиіп кетеді, онымен қоймай күбісін төңкеріп тастап, бар майын төгеді.
– Тоқтаңдар, тоқтаңдар! – деп айқай салады саудагер. – майымды төгіп тастадыңдар! Мұнда әкеліңдер отыз сомды!
– О не қылған отыз сом? – деп таңырқайды жолаушылар. – Біз әлі тапқан жоқпыз қой!
Үшеуі жөнге көшіп, әрі қарай жүріп кетеді.
Талас не үшін болғанын байыптап біліп алмай, біреудің ісіне бет алды киліккеніне өкінген май сатушы бармағын тістеп қала беріпті.
Аударған: Шағыбан Рақымбеков
Ұқсас жазбалар:
Еркіндікті көксеген кемпір (парсы ертегісі)
Баланың қиялын жетілдіру үшін #2