- Негізгі бет
- Ертегі
- Құс өсіруші Гретаның...
Құс өсіруші Гретаның бабалары (ертегі)
Мырзалар ауласындағы үйрек пен тауыққа арнап салынған әсем жаңа үйшікте Грета дейтін құс өсіруші әйел жападан-жалғыз құстармен бірге туратын. Бұл үйшік мырзаның қамал сияқтандырып айнала op қазып, оған аспа көпір салып, маңдайшасын кереге бастандырып оюлап тастаған көне үйінің орнында бой көтерген еді. Ал оның нақ түбі қалың тоғай. Бір кездерде тап осы жерден сонау көлге дейін ұласқан бау болыпты, қазір оның да орны ми батпаққа айналған. Не заманнан бері өсіп тұрған нән ағаштың үстінде топ-топ қарға, ұзақ пен қаратаған у-ду болып, айналып ұшады. Бұларды қанша атса да, көбеймесе азаятын емес. Олардың даусы тіпті, құс қораның ішінде де естіліп жатты. Ал бұл кезде құс қорада қарт Грета отыр еді. Оның аяғындағы ағаш кебісіне-үйректің балапандары өрмелеп жүр. Құс өсіруші Грета мұндағы әр мекиен, әр үйректі жұмыртқаны жарып шыққан күнінен біледі. Ол мына мекиендері мен үйректерін, оларға арнап салынған сәнді үйшігін мақтаныш ететін. Оның бөлмесі дәйім мұнтаздай таза тұратын, өйткені құс қораның қожасы әйел соны талап ететін, ол мұнда өзінің аты шулы маңғаз меймандарын жиі-жиі ертіп келіп, оларға өзі айтқандай «мекиен-үйрек қазармасын» көрсететін еді.
Гретаның бөлмесінде киім шкафы да, кресло, тіпті комод та тұратын. Ал оның үстінде жалтыратып сүртілген мыс тақтайша жататын. Оған «Груббе» деген жалғыз ауыз сөз ойылып жазылған. Бұл баяғы бір заманда осы мырзалар үйін мекен еткен байырғы дворян тұқымының аты. Мыс тақтайшаны осы жерді қазып жатқанда тауып алыпты. Пономарьдың айтуына қарағанда, көненің көзі дегеннен басқа бұл мыс табақшаның көк тиындық құны жоқ. Пономарь бұл өңірдің тау-тасының барлық сырын бес саусағындай біледі. Мұны ол кітаптардан оқып алған. Тап қазір столының үстінде де неше түрлі жазулы қағаз жатыр. Пономарь сондай көзі қарақты жан еді. Бірақ сөйтсе де осы қарғалардың ішіндегі бір кәрі қарға одан да көп білетін де, сол білгендерін жұртқа жария етіп, өз тілінде өңеші жыртылғанша айқайлап айтып жүретін. Ал оның өз тілі деп отырғанымыз қарға тілі болғандықтан Пономарь қаншама білімді дегенмен қарғаның тілін ұқпай-ақ қойды.
Жазғы тұнық кештерде батпақты жерді түгел тұмшалап алатын қалың тұман бейне көл суы қатты көтеріліп қарға, құзғын мен ұзақ қонақтайтын қураған ағаштарды да көміп кеткендей әсер қалдыратын. Бұл жер Груббе сері мекен еткен жылдарда да және қабырғаларын қалың қып кірпіштен өрген көне үй бұзылмай тұрған кезде де тап осылай болған. Ол кезде иттерді өте ұзын шынжырға байлап қоятын да олар кейде жүгірген күйі тіпті қақпадан да шығып кететін. Мұнарадан мырзаның үйіне дейін тас төселген алаңқай жататын. Үйдің терезелері сығырайған кіп-кішкене шынысы да алақандай ғана. Тіпті би өткізілетін үлкен залдың терезелері де сондай еді. Залда күні бүгінге дейін көне барабан жатса да, онсыз музыка ойналмайтыны белгілі болса да, Груббелер әулетінің соңғы тұяғының тұсында ол жерде қашан би болғанын ешкім дәл айтып бере алмады. Бір шебер қолдан шыққан оюлы шкаф та осында. Онда сирек ұшырасатын гүлдердің баданасы сақтаулы. Өйткені Груббе ханым бағбандыққа әуес адам, ағаш отырғызып, не қилы көкөніс егеді. Ал күйеуі аңға шығып қасқыр, қабан атқанға құмар. Және ылғи Мария дейтін кішкентай қызын ертіп алады. Ол бес жасында-ақ атқа нық отырып, тостағандай қара көздерін төңкеріп, төңірекке жіті қарайтын. Әкесі мырзаларды көріп тамашалау үшін андыздап жүгіріп келетін кедей балаларын аластап қу десе-дағы қыздың өз қолына шыбыртқы алып, ит қуалағанды жақсы көретін.
Мырзаның усадьбасымен іргелес орналасқан жер кепеде тұратын шаруаның Мариямен құрдас Серен дейтін баласы бар еді. Оның бір кереметі ағашқа өрмелеуге шебер. Сондықтан да Мария оны үнемі құс ұясын алып түс деп көп жұмсайтын. Бір жолы ірілеу біреуі оның қабағын шоқып алғанда, тіпті қаны бұрқ ете қалды. Жұрт көзін ағызып жібермеді ме екен деп қатты шошынып еді, бірақ, әйтеуір, бәрі жақсылықпен бітті. Мария Груббе баланы «менің Серенім» деп атайтын, бұл кедей ұлы үшін аз олжа емес-ті. Мұның бірде Сереннің кедей әкесі Ионға пайдасы да тиді.
Күндердің күнінде ол бір ағаттық жасай қояды да, айыбы үшін аулада тұрған төрт аяқты тақтайды ат қылып мінуге мәжбүр болады. Аттың арқалығының орнына қырынан жалғыз тақтай қағылған. Міне, Ион осы тақтай атқа жайдақ мінді. Тақсіретін тартсын деп салбыраған екі аяғына кірпіш байлап қояды. Жаны қиналған шаруа қабағын тыржита түседі. Мұны көрген Серен жылап, әкеме арашашы болшы деп кішкентай Марияға жалына береді. Қыз Ионды дереу босатуға жарлық етеді. Бірақ сөзін ешкім тыңдай қоймаған соң ыза болған қыз жер тебініп тұрып әкесінің жеңін жұлқи береді. Қатты тартқыласа керек, әкесінің жеңі жыртылып кетеді. Мария өмірінде бетінен қайтпайтын және айтқанын орындатпай тынбайтын. Сөйтіп Ионды босатып жібереді.
Сол сәтте олардың қасына Груббе ханым келеді де, қызының басынан сипап, бетіне мейірлене қарайды. Бірақ Мария шешесінің неге олай жасағанын түсіне алмады.
Оған шешесімен бірге серуендегеннен гөрі аңшы иттерге бару көбірек ұнайтын. Сондықтан шешесі төмендегі бауға жалғыз өзі кетті. Ондағы көлде су астында өсетін ақ гүл су лаласы, шешек атып тұратын; ал су бетінде қамыс пен ақ қанат гүлдер жайқалып тұрар еді. Үлбіреген гүлдерге Груббе ханымның мүлде әуесі кетті.
− Қандай ғажап! – деді ол.
Бауда ханым өз қолымен отырғызған және ол кезде сирек кездесетін ағаш өсіп тұрған. Ол қанды шамшат деп аталатын, әрі өзге ағаштардың арасында бөлекше көрінетін жапырағы мүлде қызыл қоңыр ағаш еді. Қанды шамшат ыстық күн көзінде ғана солай көрінетін, ал көлеңкеде басқа ағаштар сияқты жасыл түске боялып, бар артықшылығынан айрылып қалатын. Көкпен таласқан талшын ағашына, бұта мен бойшаңдау шөпке мың-мың құс ұя салатын. Құстар бейне бау ішінің қауіпсіз екенін, мұнда оларға ешкім де мылтық кеземейтінін білетін сияқты.
Бірақ «жер астынан жік шықты...» дегендей кішкентай Мария мен Серен деген шықты. Ал біз оның ағашқа жақсы өрмелейтінін, құстың ұясын бұзып, олардың жұмыртқасы мен әлі қанаты қатаймаған сары ауыз үрпек бас балапандарын алып кететінін білеміз. Зәресі кетіп, азан-қазан болған ірілі-ұсақты құстар ию-қиқу болады. Шөпте отырған қызғыш құс шыж-быж болса, еңселі ағаштардың ұшар басына қонып алған қарға, қаратаған, ұзақтар жағы сембей байбалам салады. Осы тектес қауырсын қанаттылар тап күні бүгінге дейін солай қарқылдайды.
− Сендер осы не істеп жүрсіңдер, балалар?! – деп азар да безер болды жуас ханым. Құдайдан үміттерің бар ма өздеріңнің!
Серен қысылып қалды, ал игі жақсы қыз әуелде именіп төмен қарағандай еді, бірақ со мезет:
− Әкей рұқсат берген! – деп дүңк ете қалды.
− Құриық бұл жерден! Жоғалайық! – деп айқай салған үлкен-үлкен қара құстар сол замат қарасын жоғалтты. Бірақ олар ертеңіне-ақ қайтып келді. Өйткені олардың үйі осы жер ғой. Ал моп-момын қой аузынан шөп алмайтын ханым үйінде ұзақ өмір сүре алмады. Оны құдайдың өзі алып кетті. Ол жақ ханым үшін мына усадьбадан да жайлырақ болса керек. Оның мүрдесін шіркеуге алып бара жатқанда қоңыраулар күңіреніп зар қақты, ал кедейлердің көзіне жас толды. Себебі ол кедейлерге сондай қайырымды еді.
Ханым қайтыс болғалы бері ол отырғызған бау-бақшаға қамқорлық жасап, көз қырын салатын кісі болмаған соң, баудың да базары тарқап қалған.
Айтушылар Груббе мырза мінезі қиын адам дейтін, бірақ қызы шынашақтай болғанымен оны райынан қайтара білетін. Әкесін ебін тауып күлдіріп, дегенін істететін. Ол он екіде еді, өзі бойшаң, күшті болып өскен қыз қап-қара көзін тайсақтамай кісіге тік қадай қарайтын. Ер-азаматтар сияқты атқа салт мініп, құралайды көзге атқан мергендер тәрізді мылтық ататын.
Сол тұста бұл өлкеге мәртебелі меймандар, елдің ен бетке ұстар адамы жас король мен оның өкіл ағасы және айрылмас адам досы Ульрик Фредерик Гюльденлеве сап ете қалды. Олар қабан аулап, Груббе мырзаның иелігінде бірер күн қонақ болып қайту үшін келіпті.
Гюльденлеве дастарқан басында Мария Груббемен қатар отырды. Ол қызды басынан қапсыра құшақтап алып, бейне қарындасы секілді сүйіп алды. Ал қыз оның ерніне шарт еткізіп салып қалды да, оны өлердей жек көретінін айтты. Мұны көрген жұрт бір жарасымды әзіл-оспақ естігендей жамырай күлді.
Қыздың сөзі, шындығында да, оның көкейінен шықты ма кім білсін, арада бес жыл өтіп Мария он жетіге толғанда қолында грамотасы бар шабарман келді. Гюльден-леве мырза асыл текті қыздың өзіне қалыңдық болуын қалайтынын білдіріпті.
− Ол бүкіл корольдіктегі ең елеулі де ерекше жігіт, – деді Груббе мырза. Тәлімситін жөнің жоқ.
− Ол маған онша ұнап тұрған жоқ, – деп жауап берді Мария Груббе. Бірақ тәлімсімеді, бүкіл корольдіктегі ен бетке ұстар адамның, корольдің он көзі болған жігіттің қолын қақпады.
Күмістен істелген заттарын, жүннен тоқылған киімдері мен іш киімдерін, ас үйдің керек-жарағы, төсек, орындық заттар Копенгагенге түз түгіл теңіз арқылы жөнелтілді, ал Марияның өзі жермен жүріп отырып он күнде жетті. Әлде желі оңынан тұрмады ма, әлде мүлде жел соқпай қалды ма қыздың жасауы Копенгагенге тек төрт айдан кейін әзер келді. Бұл кезде Гюльденлеве мырзалар әлдеқашан кетіп қалған еді.
− Оның жібек төсегінде ұйықтағанша кедір-бұдыр кенептің үстінде жатқаным артық, – деді ол. Онымен бірге күймеге мініп ел аралағанша жалаң аяқ жаяу жүргенім жақсы!
Ноябрь. Кісі орынға отырар кезде Орхус қаласына екі әйел келіп жетті. Ол Гюльденлеве мырзаның әйелі Мария Груббе мен оның қызметші әйелі еді. Олар Вейледен салт атпен келген еді. Ал онда Копенгагеннен кемемен жеткен. Олар Груббе мырзаның айнала тас дуалмен қоршалған усадьбасына келді. Сері қашқан қызды жақсы қабылдаған жоқ. Қызын дөрекілікпен балағаттап қарсы алса да, қоналқылық орын берді. Таңертең қара нан мен сорпа берді, бірақ оның дастарқан басындағы әңгімесі әлгі тамағындай сүйкімді бола қоймады. Әкесінің кедір мінезі енді қызына қарсы бағытталды, ал қызы мұндайды көрмеген еді. Мария да кісіге ақысын жібере қоятын жан емес-ті, ә десе мә деп тұрғанның өзі. Сондықтан әкесін де сыбағасыз қалдырған жоқ! Ол өз ерін сондайлық бір жек көріп, ызалана еске алатын. Өзінің сол үшін тым адал да адамгершілігі мол адам болғандығын, сондықтан да онымен бұдан әрі тұрғысы келмегенін айтатын.
Осылайша бір жыл өтсе де, ол жыл ешқандай қуаныш әкеле қоймады. Әкесі мен қызының қатты сөзге келіп қалған кездері де болды, ал бұдан әрі не қалды? Бұл соңғы әңгіме. Жаман сөз жақсылыққа жеткізген бе? Мұның нақ қалай аяқталарын кім білсін!
− Біз екеуіміз бір шаңырақтың астында тура алмайды екенбіз! – деді ақыры әкесі. Біздің көне усадьбаға бар да, тіліңді тістеген күйі жүре бер, әйтпесе өсек-аяңның астында қаласың.
Олар осылайша ажырасты. Қыз қызметшісімен бірге өзі туып-өскен, жуас та момақан ханым анасы о дүниеге аттанған ескі үйіне көшіп алды. Бұл үйде қарт малшы тұратын. Тірі жаннан бары сол ғана. Үйдің ішін әбден шаң басып, өрмекшінің торы қаптап кетіпті. Баудағы егіс те қалай болса солай өсіп тұр. Құлмақ пен шырмауық ағаштар мен бұталардың ара-арасын әбден шарттап тастапты. Шонайна мен қалақай қаптап кеткен. Қызыл шамшатты қалың шөп басып кеткендіктен жапырақтары жап-жасыл болып өзге кәдуілгі ағаштардан айырмасы болмай қалыпты. Сөйтіп ол да бар сұлулығынан айрылыпты! Алып талшын ағашының үстінде ұшып жүрген қарға, ұзақ тағанда есеп жоқ, қарақұрым. Олардың қарқылдап, у-ду болғаны сонша бір-біріне үлкен жаңалық хабар жеткізіп жатқандай.
«Біздің ұямызды бұзғызып, жұмыртқамыз бен балапандарымызды ұрлайтын баяғы қыз келді! Ал оған бәрін алып беретін ұры қазір жапырақсыз қу ағашқа өрмелейді. Мұнараның ұшар басына дейін шығады, ал егер бірдемені дұрыс істемей қойса сазайын тартқызады!» десіп жатқандай.
Бұл хикаяны біздің тұсымызда Пономарь көріпті. Ол мұны мүлде ұмыт қалған ескі кітаптар мен қолжазбалардан оқып алыпты. Басқа да аңыз-әңгімелермен бірге оның столында Мария Груббе жайлы хикая да сақталыпты.
«Тағдыр бірде көтерсе, бірде төнкеріп тастайды, дейді ол. Мұндай әңгімені естігенде мүлде қайран қаласың!»
Келіңдер, ендеше, одан әрі Мария Груббенің өмірі не болғанын біз де тыңдап көрейік. Бірақ өткен күндерде өз усадьбасында Мария Груббе отырған жердегі өзінің әсем құс қорасында тап қазір отырған құс есіруші Гретаны да естен шығармағанымыз мақұл. Тек Марияның мінезі құс өсіруші Гретаның мінез-құлқынан мүлде бөлекше еді.
Қыс кетті, көктем мен жаз да өтті, жанға жайсыз ызғарлы сызды теңіз тұманы торлаған суық күз келді. Бұл усадьбадағы өмірі жалғыздықта, көңілсіз өтті.
Бір күні Мария Груббе қолына мылтық алып арша өскен алаңқайға қарай беттеді. Ол қоян да, түлкі де атты, көзіне іліккен құстың бәрін атты. Мұнда Нерребектің усадьбасының белгілі дворяны Палле Дюре де талай ұшырасты. Ол да ит ертіп, мылтық атып жүрсе керек. Еңгезердей Палле Дюре Мариямен әңгімелесе қалса-ақ болды, өзінің ерліктерін айтып желпініп отыратын. Ол Эгескоу усадьбасының қожасы бұл күнде марқұм болған мырза Брюкенхюспен күш сынасқан екен. Фюн аралында өмір сүрген бұл адамның ер жүректігі жайлы күні бүгінге дейін аңыз бар. Содан көргенін істеп Палле Дюре де аңшының дауылпазын өз қақпасына шынжырмен ілдіріп қойыпты. Ол салт атпен усадьбасына еніп келе жатқанда, әлгі шынжырдан ұстап ат-матымен қоса тартылып дабыл соғады екен.
− Келіп өз көзіңізбен көріңіз, Мария ханым, Нерребектің ауасы да таза, дейтін ол.
Мария оның усадьбасына келген кезде еш жерінде жазу жоқ еді. Бірақ бертініректе Нерребек шіркеуінің шырағдандарынан бұл жерді Нерребек усадьбасынан Палле Дюре мен Мария Груббенің құрбандық қылғанын оқып білуге болатын.
Палле Дюре өте қайратты еді, ал спиртті ішімдікті сорғыш сияқты сіміре беретін, түбі жоқ кеспектей ғұмырында тойдым демейтін. Қорылдағанда бір үйір шошқадай азан-қазан қылатын, ал беті ылғи қызара бөртіп, тершіп жүретін.
− Азбан шошқа сықылды, арсыз, еркек мысық секілді енжар, дейтін Груббе мырзаның қызы, Палле Дюре ханым өзінің күйеуі жайлы.
Паллемен бірге тұру оны көп ұзамай-ақ жалықтырды. Себебі бұдан олардың тіршілігі түзеле қойған жоқ.
Бір жолы усадьбада жайылған дастарқанның тамағы ішусіз қалды. Палле Дюре түлкі аулап кеткен, ал ханымды қанша іздесе де таба алмай-ақ қойды. Палле Дюре содан түн жарымында бір-ақ келді. Ал Дюре ханым түнде де, тіпті ертеңіне де келмеді. Ол Нерребек усадьбасынан мүлде кеткен еді, әрі қайыр-қош айтыспай кеткен.
Өңменіңнен өтетін суық жел соғып, ауа райы ылғалды, жағымсыз болып тұрды. Марияның нақ төбесінде қарқылдаған бір топ қара қарға айналып жүрді. Құс екеш сол құстардың өзі де тап Мариядай қаңғырып далада қалған жоқ еді.
Мария сол замат оңтүстікке жол тартты да, жолшыбай Неметчинге соғып, асыл тастан көз салған бірнеше сақинасын пұлдады. Содан шығысқа қарай жол тартып, артынша батысқа бет бұрды. Ол ешқандай мәнсіз, мақсатсыз күн кешіп, бүкіл тіршілік атаулымен, тіпті құдайының өзімен жауласып алды. Жаны жабырқау тартып, соншалық аянышты да әлжуаз күйге түсті. Көп ұзамай-ақ тәні де шөжіп, аяғын әзер сүйрететін шерменде болды. Жерге құлап бара жатқан Мария енді болмаса басып қала жаздаған қызғыш құс пыр етіп ұшып, безе жөнелді.
Чюв, чюв! Ой, өлім келгір ұры! – деп шаңқылдады қызғыш. Қызғыш құстың осылай шаңқылдайтын әдеті.
Мария өмірінде жақынының жақсысын алып қою, иемдену дегенді білген емес. Ал кішкентай қыз бала күнінде ұялардан құстың жұмыртқасы мен балапанын алғызып, ұя бұздыратыны енді есіне түсті.
Марияның жатқан жерінен жағалаудағы төбелер анық көрінетін, онда балықшылар тұратын. Бірақ Марияның әл-дәрмені құрығаны сонша оған жетіп бара алмады. Жағалауда ұшып жүретін үлкен-үлкен ақ шағалалар оның үстімен айналып ұшып, үйіндегі баудың төбесінде дүмеп жататын ұзақ қарға қара тағандар сияқты улап-шулап жүр. Құстар оған тым жақындап төмен ұшады. Оның көзіне әлгі ақ шағалалар енді қимайыдай қап-қара сияқтанып кетті, бейне түн болғандай көзі қарауытты.
Есін жиған кезде өзін біреудің көтеріп келе жатқанын сезді. Ол ұзын бойлы, күшті де жап-жас бір жігіттің қолында еді. Ол жігіттің сақал жауып кекен бетіне қарады, қабағында тыртығы бар екен. Онысы қасын екі жарып тұр. Ол бақытсыз әйелді шағын кемеге алып келді, ал бұл адамгершілігі үшін шкиперден ғайбат сөз естіді.
Ертеңіне әлгі шағын кеме желкенін көтеріп, теңізге шығып кетті. Мария Груббенің жағалауға қайтпағанына қарағанда, ол да жүзіп кетсе керек. Бірақ ол қайтып келген жоқ па! Келуін келді-ау, тек қашан және қайда келді, мәселе сонда ғой.
Мұның анық-қанығын Пономарь білер еді. Осы бір ерекше хикаяны оның өзі емес ойлап тапқан, сендер де біздер де оқуымызға болатын бір ескі кітаптан оқып, ақиқатына көз жеткізген.
Ол өзі өмір сүрген ғасыры мен сол заманның адамдарын көз алдымызда бейне тірі жандай ап-анық елестететін. Қаншама ғаламат кітаптар мен ішегің түйілетін комедиялар жазған Дания жазушысы Людвиг Хольберг Мария Груббе туралы хаттарында тағдыр өзін онымен қай жерде, өмірдің қай соқпағында тоғыстырғанын жазған еді. Бұл хикая құлақ түруге лайық хикая. Ал мұны тыңдай отырып, біз өзінің құс қорасында баз баяғы күйінде көңілді де баршаға разы отырған құс өсіруші Гретаны да ұмытып кетпейік.
Сөйтіп шағын кеме желкенін көтерді де, ашық теңізге жүзіп кетті. Онымен бірге Мария Груббе де кете барсын. Бұл әңгімені біз де осымен доғара тұрайық.
Арада талай-талай жылдар өтті.
Жылжып 1711 жыл да жетті. Копенгагенді оба ауруы жайлады. Дания падишасы туған елі Германияға қашты, өз астанасынан король де безді. Қойшы, әйтеуір, шамасы келген жан қаладан түгел босып кетті. Копенгагеннен тіптен студенттер де қашпақшы еді. Ең ақырында, Регенсеннің қасындағы Борхов коллегиясы дейтінде өзгелерден кешеуілдеп қалған соңғы студент те қашуға бет алды. Көйлек-көншектен гөрі кітап, жазбаларын көбірек сықап алған ранец арқалаған бұл ол түнгі сағат екіде қала көшесіне шықты. Қаланы ыбылыс, суық тұман бүркеп тұрған. Төңіректе тірі жан жоқ. Айнала барлық қақпалар мен аулаларға крест соғылыпты. Бұл үйлер не індет жайлаған үйлер, немесе адамдары түгел қырылып қалған. Неғұрлым кең де бұраланы мол Чедманнергаде көшесі де қаңырап тұрды. Жұмыр мұнарадан король сарайына алып баратын көше ол кезде осылай аталатын. Оның тап қасымен өлгендер тиелген үлкен арбалар етіп жатыр. Арбакеш қамшысын шартылдатқан сайын аттар да алаөкпе болып шабады. Жас студент спиртке малынған сорғыш салынған жез қобдишаны мұрнына тақап, өткір иісті ұзақ иіскеді.
Шолақ көшелердің біріндегі үй астынан қала тұрғындарының қатты айқайлап салған әні, қарқылдаған ерсі күлкісі естіледі. Түнді тынымсыз өткізген бұл жандар оба індетінің анталап тұрғанын, оның көзді ашып-жұмғанша-ақ өзгелермен бірге сені де анау өлік таситын арбаға теңдей салатынын еске алмауға тырысқандар еді. Студент Сарай көпірі жанындағы айлаққа қарай бет алды. Онда бірнеше шағын кеме қаңтарулы тұратын. Соның біреуі оба қапталған қаладан тезірек қашу үшін зәкірін көтеріп жатты.
− Егер тәңір жәрдемдесіп тірі болсақ, желіміз оңынан тұрса. Гренсундтегі Фальстерге жетерміз, деген шкипер өзімен бірге жолға шығуға бекінген студенттің атын сұрады.
− Людвиг Хольберг! – деді студент.
Ол жолы бұл есімнің өзге де кісі аттарынан түк айырмашылығы жоқ еді, ал қазір ол Даниядағы ең даңқты есімдердің бірі. Ол кезде Хольберг өрімдей жас, ешкім танымайтын студент болатын.
Шағын көше сарайдың қасымен өтіп, ашық теңізге шыққанда, әлі таң бозарған жоқ-тын. Аздап жел тұрып, желкенді кере түсті. Жас студент бетін желге беріп отырды да, қалғып кетті, бірақ оның мұнысы дұрыс болмады.
Үшінші күні таңертең шағын кеме Фальстерге жетіп, зәкір тастады.
− Сіз арзандау ақы алып пәтерге жіберетін үйді білмейсіз бе? – деді Хольберг кемешіге.
− Сірә, сіздің Буррехюс өткеліндегі паромшы әйелге барып жолыққаныңыз жөн болар, – деп жауап берді шкипер. Көңілінен шығу үшін оны Серен Серенсен Меллер ана деп атағанын мақұл. Бірақ алайда абайла, әйтпесе ол кісінің қылт ете қалуы киын емес. Күйеуін бір қаскүнемдігі үшін қамауға алған, паромды өзі жүргізеді, өзінің қолдары абажадай.
Студент ранецін арқалап алды да, паромшы қайдасың деп тартып отырды. Есік ілінбепті, оп-оңай ашылды да, еденіне тас төселген бөлмеге енді. Онда үстінде мал терісінен тігілген үлкен төсек жапқыш жатқан енді сәкі бірден көзге түсті.
Сәкіге аяғынан байлап қойған ұябасар ақ тауық су құйып қойған ыдысты аударып тастады да, еденді су жауып кетті. Аспа бесікте жатқан нәрестені есептемесек бұл бөлмеде де, келесі бөлмеде де тірі жан жоқ еді. Бірақ паром көрінген бойда-ақ, оның үстінде отырған адам да көзге шалынды. Оның бүркемелі кең плащын басынан аяғына дейін қымтанып алғаны сонша, отырған кісінің әйел екенін немесе еркек екенін ажыратудың өзі қиын. Паром жағаға жетіп тоқтады.
Іле бөлмеге әлі де әрі таймаған сымбатты әйел келіп кірді. Қара қастың астындағы қара көздері тәкаппарлана қарайды. Паромшы Серен ана дегені осы кісі еді. Ал ұзақ қарға мен қара таған сияқты құстар оны көре қалса басқаша, бізге едәуір таныс атын айтар еді.
Ол тұнжырап қарап, сараң сөйлесе де студентке келісімін берді. Копенгагендегі індет басылғанша осы үйде бой тасалай тұруына рұқсат етті.
Паромшының күзет үйіне жақын қалашықтан әр күні әрқилы адам келіп кетіп жүрді. Сиверт Таможняшымен бірге Франц Пышақшы да келетін. Олар бұл үйден бір-бір сапты аяқ сыра ішіп алатын да, жас студентпен әңгіме-дүкен құратын. Ол жағдайды ұға қоятын жан еді. Олардың айтуына қарағанда өз ісін білетін грекше, латынша оқи алатын, барша ілім атаулыдан хабардар еді.
− Неғұрлым аз білсең, өмірге де соғұрлым жанасымды, оңайырақ өмір сүресің, – деп ескертті бірде Серен ана.
− Сізге ауырлау соғып жүр ғой! – деп қалды тағы бірде өзі кір жуып әрі отын жарып жатқанын көрген Хольберг.
− Не істеймін десем де өзім білем! – деді әйел.
− Сонда сіз кішкентай күніңізден бері осылай өліп-өшіп еңбек етіп келемісіз?
− Міне, қолыма қарап-ақ ұқпайсыз ба? – деді ол кіп-кішкентай шымыр қолдарын көрсетіп. Рас, саусақтарының тырнақтары мүжіліп, сүйкімі қаша бастаған екен. Білгіш болсаңыз қолыма қарап біле қойыңыз. Сіз кісінің ішіндегісін білесіз ғой!
Жаңа жыл мерекесі алдында боран соғып, аяз күшейді. Бейне баршаның бетіне патша ағзамның арағын шашқысы келгендей жел де долдана түсті. Бірақ Серен ананы бұл да шошыта алар емес, плащын мықтап қымтап жамылып алады да, бүркенішін милықтата киіп отыра береді. Күзет үйі тал түсте-ақ мүлдем күңгірттеніп, қараңғылық басты. Ошаққа шөпшек, шымтезек тастап қойды да, шұлығын ұлтандауға кірісті. Себебі бұл аралда етікшілік етер тірі жан жоқ-тын. Кешқұрым бұрынғысындай емес, мүлде сөзуарланып кетті де, күйеуі жайлы әңгіме қозғады.
− Ол Драгерден келген бір шкиперді жазатайым өлтіріп қойды да, Хольмде қолы кісендеулі күйде үш жыл каторгалық жұмыс істеуге кесілді. Ол қарапайым ғана теңізші еді, яғни қол ұшын берер ешкімі жоқ. Демек, бәрі де заң бойынша, заң талабына сай аяқталды.
− Заң барша үшін бірдей, ақсүйектер үшін де солай, – деп наразылығын білдірді Хольберг.
− Сіздіңше солай шығар! – деді де Серен ана отқа қадалған күйі үндемей қалды. Сәлден соң әңгімені өзі жалғады. Ал сіз қай Люкке жайлы не білесіз? Оның өзіне қарасты шіркеулердің бірін бұзу жөнінде қалай бұйрық бергенін естіп пе едіңіз? Ендеше, тыңдаңыз. Бұл қылығы үшін шіркеу кафедрасынан пастор Маде оған айтпағанды айтты. Сол сол-ақ екен, Люкке пастордың қолына кісен салдырып сотқа береді де, өз әмірімен басын кесу жөнінде үкім шығартады. Сөйтіп Маде мырзаның басын сол бойда-ақ қағып алады. Ал мұны жазатайым өлтірді дей алмайсыз. Бұл сорақылық. Ал қай Люкке сол баз баяғыша құсша самғаған еркін өмір кешуде.
− Ол кез бен қазіргіні салыстыруға болмайды, – деді Хольберг. Оның есесіне қазір бәрі басқаша болып отыр ғой.
− Мұндай ертегіңді кем ақыл, кещелерге айтарсың! – деді Серен ана.
Ол орнынан тұрды да, нәрестесі, өзінің айтуынша қыз бала жатқан көрші қонақ бөлмесіне кетті. Үй иесі мен әйел бөлме ішін жиыстырып, нәрестесін дұрыстап жатқызды. Студентке сәкіге төсек салды да, көрпесін соған берді. Өзі Норвегияда туып-өссе де, Хольберг әйелден бұрын жаурады.
Жаңа жылдың алғашқы күні сондай бір шуақты да жарық болды. Аяздың қаттылығы сонша, жауған қар мүлдем қатып, сіресіп қалды. Бейне мұздақ сияқты үстімен жүре беруге болатын. Түске салым қала қоңыраулары күмбір қақты. Студент Хольберг икемсіздеу жүн плащқа оранып алды да, қалаға баруға қамданды.
Буррехюс өткелінің үстінде ұзақ қарға, қара таған айналып ұшып, ың-жың болып жатты. Олардың у-шуы тіпті қоңыраудың даусын да есіттірмей кетеді. Серен ана үйінен шықты да, жез қазанын қарға толтырды. Кейінірек оны ерітіп, ауыз су жасамақ. Сосын тас төбесінде айналып ұшып жүрген құстарға көзі түсіп еді, бірдеме есіне оралып, ойланып тұрып қалды.
Студент Хольберг шіркеуге бет алды. Жол қала қақпасының жанында тұрған Сиверт таможняшының үйінің қасымен өтетін. Қайтар жолында оны зімбір мен женте қосылған шалап іш деп шақырған. Ол жерде Серен ана жайлы сөз болды. Таможняшы ол әйел жөнінде мандырымды ештеме білмейтін және одан артығырақ білетіндер де көп емес-ті. Оның бар білетіні ол бұл жерлік емес, яғни фальстерлік емес. Бағы бір кезде молшылық өмір кешкен жан екені байқалады. Ал күйеуі жай теңізші, қызбалау болса керек, Драгерден келген бір шкиперді атып тастаған.
− Ол өзінің бәйбішесін де түймештейді де жатады. Ал ол әйел сөйтсе де оны қорғаштаумен әлек.
− Мен болсам ондай қылығына көнбес едім, – деді таможняшының әйелі. Мен де оңай адам емеспін! Менің әкем корольдің шұлық тоқушысы болған.
− Оның есесіне Сіз король чиновнигінің зайыбысыз, – деп Хольберг бипаз қашқақтады.
Сөйтіп Жаңа жылдық кеш те жетті. Жаңа жылдық кеш Иисус нәрестеге табынуға келген Шығыстың үш патшасын еске алу ретінде мерекеленеді. Серен ана Хольбергтің алдына «үш патша шырағданын» қойды да тұтатты. Яғни, былайша айтқанда, майдан құйып жасалған шырағданның үш тұқылын қойды.
− Әр еріңізге бір-бір шырақтан жақтыңыз ба? – деді Хольберг.
− Әр еріңе дейсің бе? Әйел оған көзін алмай қадалып, қайталап сұрады.
− Иә, Шығыстың дана үш азаматының әрқайсысына ма?! – деп жіктеп берді Хольберг.
− Ә, солай де! – деді де, әйел ұзақ үнсіз қалды.
Бірақ бұл бір мерекелі кеште студент оның бірсыпыра сырына қанықты.
− Сіз тиген күйеуіңізді шын жақсы көресіз бе? – деді Хольберг Серен анаға. Ал жұрттың айтуына қарағанда, ол сізді күн сайын жәбірлейтін көрінеді ғой.
− Онда жұрттың шаруасы қанша! – деді ол. Егер мені бала күнімде солай ұрғанда, бәлкім, пайдасы да тиер ме еді, ал қазір бұл, сірә, істеген күнәларым үшін тартқан жазам шығар! Ал оның маған қаншама жақсылық жасағанын бір ғана мен білемін, – деп ол бойын түзеп алды. Пана болар тұлдыры жоқ қу медиен далада сырқат, әл-дәрменсіз құлап жатқанымда қарға мен құзғын айналдырмаса кім қарады маған?! Сондай халде жатқанымда алақанына салып, шағын кемесіне алып барған сол еді. Бұл олжасы үшін қожасынан дөрекілік көрді, балағат естіді. Мен анау айтқандай әлжуаз кісі емеспін, сауығып кеттім. Әркімнің өз әдеті бар, Серен де солай. Көтерем атқа жүгеніне қарап сын айтпайды. Корольдің қол астындағы барлық жұртының ішіндегі ең сыпайыгершілігі зор, ен әйгілісі атанғандардан гөрі мұнымен өткізген өмірім әлдеқайда әсерлі болды. Мен корольдің шешесінің бөле ағасы, мұрагері Гюльденлевеге күйеуге шықтым ғой. Содан соң Палле Дюреге тидім. Екеуінің де өз ерекшеліктері бар-ды, әркімнің жөні басқа, мен де сондаймын! Көп мылжыңдап кеттім бе, есесіне сіз бәрін де естіп білдіңіз.
Осыны айтты да, бөлмеден шығып кетті. Бұл Мария Груббе еді. Ол тағдыр тақсіретін көп-ақ тартты.
Шығыстың үш патшасының мұндай мерекелерін көп көре алмады. Хольбергтың жазуына қарағанда ол 1716 жылдың маусымында қайтыс болыпты. Бірақ Серен ана табытта жатқанда Буррехюс өткелінің тас төбесінде дөй-дөй қап-қара құстар топ-топ болып айнала ұшып жүргенін ол жазбапты, бірақ ол мұны қайдан білсін. Олар бейне жерлеу рәсімі бойынша тыныштық сақтау қажеттігін түсінгендей үнсіз ұшты. Олар Серен ананың мүрдесін жерге көмген бойда ғайып болды. Бірақ нақ сол кеште Ютландиядағы көне усадьбаның үстінде ұшқан қарға, ұзақ қара тағанда қисап болмады. Олар жамырай шулап жатты. Әлде құстардың жұмыртқасы мен әлі қанаттанбаған үпелек балапандарын алып ұясын бұзған, бұл күнде Король аралы Хольмде кісендеулі зар шегіп отырған шаруа баласы жайлы айтпақшы болды ма, жоқ әлде өз ғұмырын Гренеунд түбінде паромшылықпен тамамдаған зиялы бәйбіше жайын жеткізбекші болды ма, әйтеуір, бәрі де тап бір жаналық хабар айтып жеткізуге асыққандай.
− Қарр, қарр! Ғаж-жап! Ғаж-жап! – деп шулады олар.
Ал ескі замокты бұзған кезде енді олардың үрім бұтағы тап солай:
− Қарр, қарр! Ғаж-жап! Ғаж-жап! – деп шулады. Олардың күні бүгін де жағы семген жоқ. Тек басқа айтары болмай жүр, – деп аяқтады бұл хикаяны Пономарь.
Груббелердің тұқымы құрыды да, олардың үй-жайын бұзып тастады. Ал оның орнында қазір төбесіне алтын жалатқан желбағдар ілінген әсем құс қорасы тұр. Онда қарт құс өсіруші Грета отыр. Ол өзінің әдемі баспанасына қанша қараса да көзі бір тойған емес! Егер мұнда келмегенде өмірі ғибадатханада өтер еді.
Оның төбе жағында көгершін уілдесе, төңірегінде күрке тауық құрқылдап, үйрек барқылдайды.
− Оны тірі жан білмейді! – дейді құстар. Ол тексіз.
Оны мұнда аяушылықпен ғана тұрғызып жүр. Оның әкесі де, шешесі де жоқ, біз тәрізді балапан да өсірмейді.
Сөйтсе де Гретаның да туыстары бар еді. Тек оны Гретаның өзі білмейтін. Неше түрлі жазбалары бар қағаз жинап жүрсе де мұны Пономарь да білмейтін. Бірақ Гретаның бабаларын бір көрі қарға білетін, өзгелерге сол айтып берді. Ол құс өсіруші Гретаның шешесі мен әжесі болғанын өз анасынан, әжесінен естісе керек. Оның әжесі кішкентай күнінде көпір арқылы салт атпен шауып өтіп, дүниедегі барлық құстың ұясының да, бар әлемнің қожасы бір өзі сияқтанып төңірегіне мұрнын шүйіріп қарайтынын біз де ұмытқанымыз жоқ, сендер мен біздің де есімізде. Біз оны жағалаудағы төбелерге тақау жердегі аршалы алаңқайдан, сосын Буррехюс өткелінен көргенбіз. Оның немересі, яғни сол тұқымнан қалған соңғы тұяқ сонау бір замандарда көне усадьба тұрған, қап-қара жабайы құстары шулаған жерге, үйіне қайтып келді. Бірақ ол қолға үйренген үй құстарымен бірге отырды. Бұл құстарды ол да біледі, мұны құстары да таниды. Құс өсіруші Гретаның енді өмірден күтері де жоқ еді, асарын асап, жасарын жасаған, қазір өліп кетсе де өкінбейтін.
Қарр, қарр! – деп айқайлайтын қарғалар. Күндердің күнінде құс өсіруші Гретаны да табытқа салып, көрге көмеді. Ал қайда көмілгенін әлі тірі жүрсе сол кәрі қарға ғана білуі мүмкін.
Сөйтіп ескі усадьбаның, байырғы дворяндар тұқымының тарихын және құс өсіруші Гретаның барлық ата-бабасын біз де біліп алдық.
Ганс Христиан Андерсен
Аударған: Жарылқасын Нұсқабаев
А. Қажиев