- Негізгі бет
- Ертегі
- Құдық суы. Ертегі...
Құдық суы. Ертегі
Ертеде қос тұлымшағы желбіреген, құралай көздері жәудіреген кішкене ғана қыз бала болады. Оның мекені алып шаһардың ортасынан ойып орын алған зәулім сарай да емес, биік ғимарат та емес, лашық күрке де емес, қарапайым ауыл ішіндегі шағын үй болатын. Ата-әжесінің шуақты құшағында ерке-бұла боп өсіп, оларды нәзік те қызық қылықтарына бір тоймастай етіп, тамсантып, табындырып күндер кешті.
Ол тамылжыта ән салғанда торғайдың шырылдағаны, құзғынның құрқылдағаны, тырнаның тыраулағаны, сандуғаштың сайрағаны да түкке тұрғысыз, көңілге қонымсыз болып қалушы еді. Оның сырлы сынына, қызық қырына қанық ел-жұрт, ауыл адамдары үйлеріне арнайы шақырып, ән салдырып қоятынды да шығарды. Тақылдақ таңдайынан тамған тамаша дауысын, судың сылдырынан да сұлу, әсем әуенін естімей көңілдері көншімейтіндер де көбейді.
Өнерін өнеге тұтатын ауылдастарының көңілін аулап жүрген бір күнінде ауыл ішінде елеусіз тұрған ескі құдықты көзі шалды. Тамағы құрғап, ерні кеберсіп, тілі аузына сыймай келе жатқанда «тілегені алдынан іздемей табылғанына» жүрегі жарыла қуанған ол қайтсе де су ішіп, шөл қандырмай кетпейтін болды. Құдықтың ескі екеніне, жанындағы қауға шелегінің шаң басып, тозып қалғанына қарамастан, құдықтың тереңіне шелекті «күмп» еткізіп тастап жіберіп, «сырт-сырт, сырт-сырт» еткізіп шелекке байланған арқан жібінен тартып, құдық үстіне шығарып алды да, өз көзіне өзі сенбей аңтарылды да қалды.
«Ескі құдықтан осыншалықты мөлдір су шығады екен-ау. Тіпті, әлгі тоз-тозы шыққан көне шелектің түбі күнге шағылысып, жылтылдап қоятынын қайтерсің» деген ойда қалды. Осындай ойларымен үйіне де жетті, болған жайды ендігі ұмытып та кетті.
Сағаттар сырылдап, күндер күлімдеп өтіп жатты. Әр күн сайын әр үйге шақыру алып, үніне сүйсіндіріп қайту алғашында қызық көрінгенімен, енді мұны мезі қылайын деді. Бірде бара алмайтын сылтау ойлап тауып, өтірік айтты. Сол күні бірнеше уақыт бұрын кезіккен кереметі есіне түсіп, құдықтың басына барып келуді ойлады. Ойға алғанын орындап, тағы да су тартты. Бірақ өткен жолғыдай тұп-тұнық емес, сәл сарғыш тартқандай сезілді...
Ол қызға көрші тұратын, жас шамасы өзі қатарлас тағы бір қыз болды. Оған ата-анасының «көршінің қызы керемет», «көршінің қызы күміс көмей», «көршінің қызы өте өнерлі» деген сөздер жүйкесін жұқартса керек. Көрші қызын арандатуды ойлады да, оған былай деді: «Өнеріңді жоғары бағала. Сен бергенін ұстап, бермегенін қыстамай жүре бересің. Лайықты сыйлық бермесе, әр үйге барма». Көрші қыздың өтірік көлгірсіп, жаны ашығансып айтқан ақылын ақ жүрек, ашық көңілімен тыңдап, көкірегіне қондырып алды. Сөйтіп, «Құтты қонағымыз бол»,- деп шақырған қоңсыларына лайықты сыйлық ұсынбаса бармайтын сыңайын танытты. Дандайсыған мінезін мұрнынан шығарайын деп ойлаған бір ауылдасы алдап шақырып алып:
– Мүйіз сұраймын деп, сақалыңнан айырылмай тұрғанда желкеңнің шұңқырын көрсет, кет,- деп қуып шықты.
Қатты көңілі түсіп, тұнжырап келіп, бұрынғы киелі құдығына жетті. Әдеттегідей, шелекпен су тартып еді, қоңырқай, былғанған суды көрді. Алғаш алған мөлдір суы қалайша қоңыр тартып кеткенін қанша ойласа да шеше алмады. Терең ойдың тұңғиығына түсіп кеткендей болды.
«Сенің көкірегің қарайып барады. Әлдекімдердің азғыруына ерме, сөздеріне сенбе. Құдық суының түсі сенің көңіліңнің, ішкі ойыңның айнасы еді. Есіңді жи... есіңді жи... жи... жи... жи...»,- деген дауыстан шошып оянды. Жасаған қателігіне өкініп, өзіне енді жақсы қыз боламын деп уәде етті. Түсінен шошынған жүрегінің дүрсілін тағы да сол құдықтың суы басты. Ағарып, мөлдіреп келеді екен...
Авторы: Әсел Асанова
@. @assel_assanova