Ертеде бір хан болыпты. Ол күндердің күнінде өзіне әйелдікке алуға қыз іздейді. Кім ханның әйелі болғысы келмейді дейсіз. Көпшілік қыздар өзі иілгісі келмей, ибалықтан аттай алмай, үміткер болудан бас тартады. Ал кей қыздар инабаттылықты сырып қойып, хан бұйрығын екі етпеу қажет деп ханшайым болуға үміткер ретінде өздерін ұсынады. Алдында көп сынақ тұрғанын біле тұра батылдық танытқан қыздардың саны көп еді. Алғашында бірінші іріктеу кезеңіне жүз қыз келеді.
«Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген мәтелді тура түсінген ханның уәзірлері сынға шашы ұзын қыздар қатыстырылмайтынын айтады. Ол кезде көпшілігінің шашы ұзын еді, алпыс қыз амалсыз үйіне қайтып, қырық қыз қалады.
Қырық қыздың өнері ортаға салынады. Барлығы да жез таңдай, күміс көмей әнші, мың бұралған биші екен. Қырық қыз ішінен ең үздіктерін таңдау оңайға соқпайды. Сөйтіп соңында отыз қыз қалады.
Қалған отыз қыз өрмек құрып, алаша тоқып, кесте тігуден сайысқа түседі. Бұл кезде де жеңімпаздарды анықтау қиын болады. Әділ қазылар көп тер төгіп, отыз қыздан тоғыз қызды үздік деп табады.
Тоғыз қызға тамақ пісіру сыны қойылады. Ең дәмді етіп пісірген қызды хан алады дейді. Ең соңында екі қыздың ғана пісірген тамағының дәмі тіл үйірерліктей болып, ханның көңілінен шығады. Екеуі де бірінен бірі өткен сұлу, бірінен бірі өткен ақылды болады. Хан қайсысын таңдарын білмей, соңғы шартымды қоямын дейді. Сөйтеді де екеуіне ендігі шартта тағамның дәмді болуы, құрамы маңызды емес, тек ең бастысы кім бірінші пісіріп әкеледі, сол қызды жар етемін дейді. Екі қыздың бірі тағамға қажетті барлық азық-түлікті қазанға салып қояды да, үнсіз күтіп отырады. Ал екінші қыз соңғы сынақта қобалжығандықтан тамағым қашан піседі деп қайта-қайта қазанның қақпағын ашып қарайды. Әрине, буы далаға кетіп қалған соң қазанның ішіндегі тамақ пісіп болмайды. Сөйтіп қазанға тиіспей, тыныш қана жанында күтіп отырған қыздың тамағы бірінші піседі. Тапқырлығы мен шыдамдылығының арқасында осы ару ханға жар болады да, қазанды қайта-қайта аша берген қыз ханшайымдықтан құр қалады.