- Негізгі бет
- Ертегі
- Қайсар гүл жайлы...
Қайсар гүл жайлы ертегі
Мұнда қашан түскенін білмейді. Жер бауыры жылынғалы өзінің бас көтергісі келіп, ерекше бір сезім өн бойында тулап жатқанын сезді. Бірақ, еңсесін қанша көтерейін десе де, бойын тіктей алар емес. Әсіресе соңғы кездері жаңбыр көп жауып, топырақпен бойына нәр жүгіргелі асау сезім тіпті бұлқынып кетті. Бұрынғыдай емес, денесіне жылу да көп келетін болды. Ол өзін құрсауынан шығармай тұрған асфальттан сұрады:
— Білесіз бе, маған бұл жерден басқа бір керемет әлем бар сияқты сезіледі. Ол туралы естіген бе едіңіз?
— Естідім. Тіпті, мен сол әлемді күнде көремін.
— Керемет! Мен де сол әлемді көрсем бола ма? – деп үміт оты оянған нәзік сабақ қуанып.
— Жоқ, сен оны ешқашан көре алмайсың! Өйткені, сен тым әлжуазсың. – деп міз бақпады асфальт. Нәзік сабақтың ұнжырғасы түсіп кетті.
Расымен де әлжуаз сабақтарымен қайда бармақ? Бірақ, ол арманынан бас тартпады. Бірде илеу қазған бір құмырсқаның жолы тура бүк түсіп жатқан нәзік сабақтың үстінен өтті. Жыбырлаған тіршілік иесін көрген гүл одан да жарық әлем туралы сұрады:
— Сіз жарық әлемнен келдіңіз бе?
— Иә. Ал сен неге бүк түсіп жатырсың?
— Мен тым әлжуазбын. Жарық әлемді көрсем деген арманым бар. Бірақ, оны ешқашан көре алмайсың деді.
— Кім айтты?
— Асфальт.
— Соны да сөз деп! Тас айтты деп басыңды тасқа соқпақсың ба? Арманыңнан бас тартпа. Жә, мен кеттім. Жұмысым бастан асады. Жарық әлемде кездескенше, - деп құмырсқа асығыс жүріп кетті. Қысқа тілдесу нәзік сабақтың жігерін жаныды. Ол төбесінен төнген асфальттан бір саңылау табуға тырысқан нәзік сабақтарымен әлсіз жапырақтарын тіреу қылып титтей жарықтардан алға ұмтылды. Бұған міз бақпаған асфальт біраз уақыттан кейін өзін жарып шығуға тырысып жатқан тіршілікке қарап мысқылдай күлді:
— Әй, әлсіз сабақ, қайда асықтың? Сен не, менің мықты құрсауымды жарып шыға аламын деп ойлайсың ба?
— Әрине! Қиындықтың құрсауы бір күнде емес, әр сәт сайынғы күреспен қирайды емес пе? – деп жауап қатты әлсіз сабақтар.
— Көрерміз, - деп мырс етті асфальт. Ол өзінің беріктігіне ешқашан күмәнданған емес.
— Көрерміз, - деді нәзік сабақ. Ол нәзік болса да, қайсар еді.
Осылайша күнде әлжуаз сабақтарымен асфальттың қабатын итере берді. Әр күнгі күрес сайын ол тамырының тереңдеп, сабағының жуандай бастағанын сезді. Асфальт та қарысып бақты. Нәзік сабақтар да алған бетінен қайтпады.
Бүгін бойын ерекше қуат пен қуаныш билеген сабақ бар күшін салып кішкентай саңылаудан кең әлемге шықты. Күннің нұры! Қандай керемет едің! Бойына бірден жылу жүгірді. Жарық әлем, кең әлем осы екен ғой. Тап-таза көк аспанда аппақ кемедей ақша бұлттар жүзіп жүр. Құстар сайрап, құрт-құмырсқа жүгіріп, тіршілік қазаны қыз-қыз қайнауда. Оның алып-ұшқан көңілі осы керемет әлемнің бар екенін білген екен ғой. Болаттай берік асфальтты жарып шыққан нәзік сабақтарға бар тіршілік таңырқай қарады. Оның қайсарлығына таң-тамаша қалды. Алыстағы күннің өзі оған жылуын аямай төкті. Ертесі жапырақтарын жерге бекіткен нәзік сабақтардан әдемі күлтелер бас көтерді. Бұл әдемі Гүл екен. Қайсар Гүл. Асфальттің өзі жеңілгенін мойындап, Қайсар Гүлге төменнен қарап жатты. Зу-зу етіп өтіп жатқан көліктегі адамдар да, «Ананы қара, асфальтті жарып гүл өсіп шығыпты! Қандай керемет!» деп таңырқасты. Өмірде көптеген қиындық көріп, күресе алмай жүрген жандар асфальтті жарып шыққан нәзік гүлден үлгі алып, өмірлерін қайт бастапты. Қайсар гүл осылайша басқалардың арманына жігер беріп, өз арманына жетіпті.
А. Оралқызы