Ақ қаз су жағасында мамырлай жайылып жүр еді, құлағына шаң-шұң керіскен дауыс естілді. Дауыс шыққан жаққа мойын созып қараса, о, ғаламат, кәдімгі ағаш қаламсап пен болат қаламұш! Екеуі терезенің алдына шығып алып, біріне-бірі кіжініп, салғыласып тұр.
— Менің пайдам адамға сенен гөрі он есе артық тиеді. Мен оның көңілдегісін қағазға айнытпай жазып беретін қолғанатымын. Менсіз сен түкке де аспайсың, — дейді Қаламұш шіңкілдек жіңішке үнмен.
— Мен болмасам, сиясауыттың ішіне күмп етіп, батып кетер едің, болмаса иеңнің қолын былғап, сөгіс естіп жатар едің, — дейді Қаламсап оған дау айтып.
Ақ қаз бұл сөздерді естіп, өз-өзінен мырс етіп күліп жіберді. Содан соң мойнын одан бетер созыңқырап:
— Әй, достарым, сәл сабыр етіңдер. Екеуіңнің таластарың менің күлкімді келгіріп тұр, — деді.
— Неге? — деп үрпиісті Қаламсап пен Қаламұш.
Ақ қаздың бұған ашуы келіп кетті де:
— Мен болмасам, сендер дүниеге келмес едіңдер. Бүйтіп таласып тұрмас едіңдер. Мен сендердің аталарың болам! Сендер, екеуің де менің қауырсынымнан жаралғансыңдар! — деді.
— Қайтіп?
— Білмесеңдер, тыңдаңдар әулекіленбей, — деп, Ақ қаз әңгімесін шұбырта жөнелді. — Адам бір кезде менің қауырсынымды ұштап, ұшын екі айырық қып үшкірлеп, жазуды сонымен жазатын еді. Оны қауырсын қалам деп атайтын. Арада талай заман өтті. Жер бетінде жазу білетін адамның саны көбейді де, қаздың қауырсыны оларға жетпейтін болды. Содан соң адам ағаштан қаламсап жасап, оған қаз қауырсынынан қаламұш тіліп орнататын амал тапты. Бұлай еткенде бір қауырсын талай адамның пайдалануына жа- райтын еді.
Арада тағы да көп-көп жылдар өтті. Жазу білетіндер бұрынғыдан да молайды. Қаздың қауырсынына мұқтаждық арта түсті. Сонан соң адам әрі толғанып, бері толғанып мына сені, болат Қаламұшты ойлап тапты. Екеуіңнің дүниеге келу тарихтарың, қысқартып айтқанда, міне, осындай, — деп Ақ қаз сөзін түйді.
Ағаш Қаламсап пен болат Қаламұш бұл жайды бұрын-соңды естімегендіктен, екеуі бір-біріне таңырқаса қарасып тұрып қалды.
@Медеу Сәрсеке
дереккөз: bilim-all.kz