Қазақ фольклорында көп кездесетін, фольклорлық мұралардың көпшілігінде әйел кейпінде суреттелетін, бойында жойқын күші бар, адамға қас кейіпкердің бірі – жезтырнақ. Ол – мифтік бейне.
Жағымды кейіпкерге қарсы, оның қас дұшпаны ретінде сипатталатын жезтырнақ халықтан шыққан батырлардан жеңіліп қалып отырады. Ертегілерінде, аңшылар туралы аңыз-әңгімелерде жезтырнақ бейнесі жан-жақты сомдалады. Ертегілердің көпшілігінде жезтырнақ бейнесін ұзын бойлы, тырнақтары пышақтай өткір, жапандағы жалғыз әйел түрінде суреттейді. Алайда аңшы аңыздарында жезтырнақтар адам тәрізді жұптасып өмір сүреді, олардың балалары болады деп баяндалады.
«Бір күні Төлебай батыр бір баласын ертіп, аң аулау үшін тауға шығады. Олар тау аралап жүріп, осы тауда мал жайып жүрген жат адамдарға жолығады, бірақ бұлар Төлебайларға жылы жүз көрсетпейді. Осы кезде Төлебай сол маңда тұрған тастан қаланған үйлерді көреді де, соған қарай тартады. Шеткі үйге жақындай бергенде ішінен жезтырнақ шығып, Төлебайға жылы шыраймен сәлем беріп, батырға: «Аттан түсіп, үйге кіріп шай ішіп кетіңі, – дейді» – деген үзіндіден жезтырнақтардың адамзат қауымы тәрізді күн кешетіндігін байқаймыз.
Ал келесі мәтінде жезтырнақ бейнесі жан-жақты суреттеледі: «Өте ертеде өзі батыр, ақылды Арық мерген деген болыпты. Құла түзден аң аулап, от жағып, атқан елік етін қақтап, алдыға алған шақта, бір сұлу қыз бұлғалақтап жетіпті:
«Үстінде асыл киім, теңге таққан,
Аяғын басқан сайын сылдыр қаққан.
Қылмиып бір тізелеп бұраң қағып,
Қыз келіп орын алды еңіс жақтан.
Қыз отыр бір шөп алып шұқыланып,
Мергеннің бар қылығын көзбен бағып.
Кезіккен елсіз жерде сұлу қызға,
Мерген де таңданады қайран қалып».
Жоғарыдағы үзіндіні, басқа да фольклорлық үлгілерді зерделей келе, бұл бейне туралы мынадай суреттемені бере аламыз:
Жезтырнақ – имек жез мұрынды, үлкен жез тырнақты, сұлу жас әйел кейпіндегі жын-пері тектес мақұлық. Жезтырнақ – ғаламат зор қара күш иесі. Оның ащы даусы жер жаңғырықтырады. Өзінің айқайымен ол құстар мен ұсақ хайуанаттарды өлтіре береді.
Көрнекті ғалым С.Қасқабасов: «Жезтырнақ туралы хикаялар албасты, жалғыз көзді дәу жайындағы әңгімелерге қарағанда біршама көркемделген, тіпті шежірелік (генеалогиялық) циклге де түсе бастаған, яғни ертегі жанрына ойыса түскен.
Мұнда құр адамның жезтырнақпен кездескен оқиғасы ғана айтылмайды. Оқиға әрлене баяндалады, жезтырнақ келер алдындағы адамның жай-күйі, маңайдағы табиғат, түн сипатталады, тіпті жезтырнақтың сыртқы киімі, кескіні суреттеледі.
«Жезтырнақтың келер мезгілі – түн, адам әр дыбыстан сескенетін уақыт. Оның үстіне маңайда тірі жан да жоқ, айдала. Бұның бәрі тыңдаушыға үрей туғызары сөзсіз. Демек, жезтырнақ жайындағы хикаяларда тек оқиғаны айтуға ғана мән беріліп қоймайды. Мұнда тыңдаушыға қажетті дәрежеде әсер ету керектігі де ескеріледі, ал бұл – көркем фольклордың белгісі. Демек, хикая жанрында көркемделудің алғашқы нышаны елес бере бастайды, – деп қорытады.
Зерттеуші П.Т.Әуесбаева «Түркі халықтарының хикаялары» атты ғылыми зерттеуінде «Жезтырнақ персонажы түркі халықтары ішінде қазақтарға ең көп танымал. Қырғыздар «жезтырнақты» сондай-ақ «джез тумшук» деп атайды. Яғни, оның тырнақтары ғана емес, сондай-ақ мұрны да жез не темірден жасалғанының белгісі болып табылады» деген пікірін білдіреді.
Кейбір мифтік ертегілерде жолы болғыш аңшылар жезтырнақтарды айламен жеңеді. Сондай аңыздардың бірінде іңір қараңғысында бір жас келіншектің алаулатып от жағып отырған аңшының қасына келгені баяндалады. Аңшы оны дәмге шақырады. Ол үнемі, тіпті тамақ жеп отырғанда да мұрнын жеңімен көлегейлей бергеніне қарап әйелдің пері екенін аңғарады. Әйел кеткеннен кейін аңшы оттың қасына бөрене тастап, оны өз киімімен жабады да, мылтығын оқтап, ағаш басына шығады. Түнде жезтырнақ қайтып келіп, бөренені тарпа бас салады, тырнағы ағашқа бойлай кіріп кетеді. Сол кезде аңшы әзәзілді дәл көздеп атып өлтіреді.
«Мамай батыр» жырында жезтырнақ ерекше жылдамдықпен қозғалатын, ұзын бойлы, әйел сипатты, қара сұр түсті, көздері өткір, аузы үлкен, сұсты бейне түрінде сипатталады.
Ал «Боран есімді батыр» және «Шора батыр» аңыздарында «Жезтырнақтардың киімдері басынан аяғына дейін теңгелермен, моншақтармен, алтын және күміс түймелермен, жапсырма-ілгектермен әшекейленген. Олар жүргенде осының бәрі сыңғырлап, тіпті қаңғырлап кетеді. Жезтырнақтар мойнына моншақтардан жасалған алқа, аяқ-қолдарына жүзік-білезіктер таққан» деп суреттеледі.
Ал «Шора батыр» ертегісінде «кіндігі кәдімгідей, осы екі-үш қарыс болат болады екен, тырнағының бәрі болат болады екен. Үстіне салған өңкей сөлкебай – алтын менен күміс шашбауы» деп сипаттайды. «Арық мерген» ертегісінде де жезтырнақты үстінде тоқсан қабат торғыны бар, алтын-күміске малынған, жез тырнақты әйел кейпінде суреттейді.
Қорыта айтқанда, қазақ фольклорындағы жезтырнақ – тау мен тасты, болмаса орманды мекендейтін, жұптасып өмір сүретін, адамнан өткір тырнақтарымен ерекшеленетін, бар күш-қуаты өткір тырнақтарына жиналған сұлу келіншек сипатындағы қаскөй күш.
"Қазақ мифтік кейіпкерлері" кітабынан