Ит неліктен ырылдайды? (Ертегі)

Ит неліктен ырылдайды? (Ертегі)
Фото: freepik.com

Бұрынғы заманда бір байдың бір ит, бір мысығы бар екен. Иті кәрі, мысығы жас екен. Күндердің бірінде әлгі бай ит пен мысыққа жұмыс тапсырыпты. Ол:

— Екеулерің ана ауылдағы қызыма мына алтын жүзікті апарып келіңдер, мысық сен жүзікті алып жүр. Ит саған жол бастасын, сақтанып жүріңдер, жүзікті жоғалтып қоймаңдар, — дейді.

Олар жолға шығып, жарым жолға келгенде алдарынан бір өзен кез болады. Өзенде көпір жоқ екен, сонан олар өзеннен малтап өтбек болады. Мысықтың малтауға онша шебер емес екенін білетін ит жүзіктен алаңдап:

— Ей, мысық, өзеннен өткенше жүзікті маған бер, сен жоғалтып аласың, — дейді.

— Болмайды, — дейді мысық, — қожайын маған: «Жүзікті сен алып жүр» деген, саған бере алмаймын.

— Мен саған қарағанда мұқияттаумын, өзеннен өткенше жүзікті маған бер, аузыма салып алайын, өзеннен өткен соң өзіңе беремін, — дейді ит.

Ақыры, мысық жүзікті итке береді. Олар өзеннің ортан беліне барғанда ит:

— Ойбай! Жүзік аузымнан түсіп кетті, — дейді.

— Енді қайттік! — дейді мысық.

— Мен іздеп көрейін — дейді ит. Алайда қанша іздегенімен жүзікті таба алмайды. Ақыры олар жағдайды қожайынға айту үшін үйге қайтады. Үйге таяғанда ит жазаланудан қорқып, орманға кіріп, ғайып болады.

Мысықтың тез қайтып келгендігін көрген қожайын алаңдап:

— Ит қайда? — дейді.

— Жүзікті жоғалтып қойып қашып кетті, — дейді мысық. Ашуланған бай иттің танауын тартпақ болып, ауылдағы басқа иттерді жинап алып оларға:

— Қайтсеңдер де әлгі итті тауып келіңдер, — дейді.

— Біз ол итті басқа бейуаз иттерден қалай парықтаймыз? — деп сұрайды әлгі иттер.

— Ол ерекше қартайып кеткен, аузында бір де тіс жоқ, сендер оның тісіне қарасаңдар, оңай тани аласыңдар, — дейді бай.

Сонымен, иттердің барлығын әлгі кәрі итті ұстап келу үшін жан-жақтан іздеуге аттандырады. Талай тау-тасты басып іздеуге аттанады. Олар талай тау-тасты басып, өзен-тоғайды аралап, алыс-жақындағы қалалардың барлығына барады. Алайда әлгі итті ешқандай жерден таба алмайды. Күні бүгінге дейін иттер алтын жүзікті, сол итті таба алмапты. Сол үшін қазір де иттер бірін-бірі көріп кездесе қалғанда "Байдың алтын жүзігін жоғалтқан ит мен емес, сенбесең қарап көр, тісім сау" деп тістерін ақситып, ырылдап қояды екен.

дереккөз:bilim-all.kz
Т. Есқали