Ерте-ерте ертеде бір патша болыпты. Ол нөкерлерін ертіп тау баурайына барады. Көктем мезгілі еді, бір кезде ойламаған жерден жаңбыр жауып кетті. Жолаушылар ағаш тасасына тығылды. Бірақ таудан құлай аққан жаңбыр суы көл боп жиналды. Осы сәтте патшаның ойына бір идея келді. Ол дереу нөкерлеріне қала тұрғызуды бұйырды. Қала тау бөктеріне салынды.
Қаланың басты көшелері жоғарыдан төмен қарай орналасқан, көше бойына жаңбыр суы ағатын арнайы арық жасалды. Еріген тау мұздары жылжып барып, бір арнаға тоғысып, көлшікке айналатын етіп жасады патша. Сол табиғатты тамашалап отыру үшін өз сарайын ең жоғарыға салғызды. Төменге қарап, бүкіл қаланы, қала халқының тұрмыс-тіршілігін бақылап отыратын.
Бұлақ аңғары патша сарайынан бастау алатын еді. Патшаның пошта қызметі де осы жағалауда орналасқан. Ол әлдекімге хат жібергісі келсе, бөтелкеге жазып, бұлаққа тастайды. Барлық хат тұрғындар үйіне арық бойымен жетуші еді. Міне, бұл – өнертапқыш патшаның идея жемісі. Бұл ой бір кезде жаңбыр жауып тұрғанда, ағаш саясын тасалап тұрған кезде келіп еді.
Патша халқына жиі-жиі үндеу жолдап тұрды. Олар немен айналысып жатқанын білгісі келді. Балконға шығып, төменге қарағанда халық қарапайым тіршілік кешіп жүргендей көрінді.
Патша қанша тұрғынға хат жіберсе де жауап ала алмады. Адамдар маған жауап жазуға жұмыстан босамайтын шығар, әйтпесе бір жағдай болса маған хат жіберер еді деп ойлады.
Бірақ қала көлбеу орналасқандықтан хат тек жоғарыдан төменге қарай баратынын ескермеді. Ағыс төменнен жоғары қарай ақпайды ғой. Сондықтан халық мұң-шағымын патшаға хат арқылы жолдай алмайтын еді. Ал бұл патшаның қаперіне келмеді.