Кей ертегілердің кейіпкерлері қиялдан жасалады, ал енді бірінің прототибі бар. Әрі әр ертегі үнемі жақсылықпен аяқталады. Ал әлгі айтқан прототипке ие болған адамдардың өмірі немен аяқталғанын білмейтін боларсыз. Олай болса, оқып көрейік.
Кристофер Робин және Винни-Пух
1926 жылы 16 қазанда Алан Милннің «Винни-Пух» кітабы Methuen & Co баспасынан алғаш рет жарық көрді. Осы кезден бастап әлем назарына іліге бастаған ертегі оқырмандарын жинай бастады. Винни-Пух ертегісінің басты кейіпкері Кристофер Робин - аталған туындының авторы Алан Милннің ұлы. Кристофер өз естелігінде былай дейді: «Менің өмірімді екі нәрсе қапаландыратын және олардан бойымды алыс ұстайтынмын. Оның бірі – әкемнің атағы мен «Кристофер Робин».
Кристофор өмірге келмес бұрын Милн жанұясы дүниеге қыз келеді деп ойлаған. Бірақ тағдырдың жазуымен ұл бала өмір есігін ашады, оған айтарлықтай көңіл бөлінбеген екен: анасы өзінің сұлулығын күткен, ал әкесі шығармашылықпен айналысқан.
Бала Крис мейірімді, ұялшақ әрі жүйкесі тым әлсіз болып өскен. Оның тәрбиесімен күтушісі айналысқан. Бір кездері әкесі Кристің туған күніне Лондоннан әкелген әдемі Тэдди ойыншығын сыйға тартқан екен. Сол Тэдди Кристің ең сенімді досына айналған. Алан Милннің басты кейіпкерінің бірі – осы Тэдди (Винни-Пух)
Крис әкесімен сыр алыспайтын. Анасы тастап кеткенде ғана әкесімен жақын араласа бастаған. Крис сол шағын ең бақытты кездері санайды.
Кристің тағдыры ертегідей болмай шығады. Ер жеткен соң, әкесі қарсы болса да, өзінің Лесси есімді туысымен шаңырақ көтереді. Әкесі дүниеден өткен соң, Крис пен Лессидің шаңырағында қыз дүниеге келеді, алайда нәресте тума сал ауруымен ауыратын болған. 76 жасында Кристің жүйке жүйесі сыр беріп, науқастанып, ұйықтап жатқан жерінде бақилық болады.
Алиса ғажайыптар елінде
Алиса Лидделл – Льюис Кэрроллдың (Чарльз Лютвидж Доджсон) «Алиса ғажайыптар елінде» кітабының прототибі. Оксфорд университеті ректорының қызы Алисаның жанұясы автормен өте жақын араласқан. Алиса мен Льюис үнемі бірге қыдыратын. Сол отбасының кішкентайларына ертегі айтып беретін. Кейін Алиса Льюиске сол ертегілердің басын құрап, бір үлкен туынды жазуын өтінген. Екі жылдан кейін «Сүйкімді қызға жазғы демалыс естелігі ретінде рождестволық сый» деген жазумен тарту етеді. Қолжазбада өзі салған Алисаның суреті де бар екен.
Алисаның Льюиске деген қарым-қатынасы өте нәзік болатын. Тіпті, бірде Льюис қыздың ата-анасына қалжыңдап, «қыздарың бой жеткен соң, қолын сұраймын» деген екен.
Алиса ұзақ өмір сүрді. Тұрмыс құрып, өмірге үш ұлды әкеледі. Оның екеуі бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан. 1926 жылы күйеуі өмірден өткен соң, Алисаның тұрмыстық жағдайы нашарлаған. Коммуналдық қызметті төлеу үшін бір кездері Льюис өзі жазып берген қолжазбаны бәссаудаға қойып, 15 400 фунтқа сатып жіберген.
Питер Пэн
Шотландтық жазушы Джейм Барридің «Питер Пэн» ертегісіндегі кейіпкер – автордың жақын достары Сильвия мен Артур Дэвистің ұлы Майкл Дэвис. Негізі ешқашан қартайғысы келмейтін, мәңгі өмір сүргісі келетін бала туралы таңғажайып ертегі Барридің 9 жасында коньки теуіп жүріп қаза тапқан ағасы туралы екен.
Барри Дэвис жанұясымен бұрын таныс болатын. Бес ұлдың ішінде Майкл (керемет жан болатын дейді автор) – осы ертегінің прототибі. Анығында, оның жасы, мінезі мен түстері аталған ертегіге арқау болған.
Майкл 21 жасқа толған туған күнінде Оксфордқа жақын жердегі су қоймасына батып кеткен. Қайғылы жағдайға түсінік берген кезде, Майклдың суда жүзе алмайтындығы айтылған. Оның жанында серігі болған деседі. Ол Майклды суға түсуге көндірген болуы мүмкін деседі. Ал кей деректер бұл қылмысты алдын ала жоспарланған суицид деп есептейді.