Бала ертегімен өседі, қиялы дамиды, дүниеге көзқарасы қалыптасады. Әр кеш сайын балаларыңызға ертегі оқып беруді әдетке айналдырсаңыз, одан данышпан бала шығатынына кепілдік бере аламыз.
Бір кісі керуенінен көз жазып қалып адасып кетіпті. Құм арасында қаңғып жүріп, есігінің алдында кемпір отырған, оның қасында ит байлаулы тұрған қыңырайған лашыққа кездесіпті. Әлгі кісі келіп сәлем бергенде, кемпір жылы шыраймен қарсы алып, қасына отырғызады.
– Керуеннен көз жазып қалып едім, - дейді кісі, – нәр татпағаныма әлденеше күн болды. Қаужаңдар бірдеңең болса бере көр.
– Е, балам, - дейді кемпір, – алыстағы сонау жазықты көрдің бе? Сонда жылан көп, біреуін ұстап әкел, пісіріп жейік.
Қайран қалған жолаушы:
– Мен жылан ұстай алмаймын! - дейді.
– Олай болса, - дейді кемпір, – екеуміз бірге барайық.
Кемпір итін босатады да, екеуі жазыққа қарай кетеді. Екі үлкен жылан ұстап алып, құйрықтарын, бастарын кесіп тастап, отқа қойып, қуыра бастайды. Жыланның еті піседі. Жолаушы өлердей аш болған соң, амалсыз жыланның етін жейді. Содан соң қаталап шөлдейді.
– Үй алдында әне жерде бұлақ бар,- дейді кемпір.
Кісі бұлақтың басына келіп, суын ішіп көріп, сасық иісі барын сезеді. Сонда ол кемпірден:
– Осындай жайсыз жерде несіне тұрып жатырсың? - деп сұрайды.
– Бұдан жақсы жер таппайсың, - дейді кемпір, - кең жазық, бұлағының суы мол, бұдан артық жалғанда жақсы жер табыла ма?
– Біздің жерімізде, - дейді кісі, – арналы өзендер ағып жатады, ағаштардың бұтақтары жемістен майысып тұрады, тәтті-дәмді тағам мол. Жыланның етін жеу деген өңім түгіл түсіме де кірген емес.
– Оның бәрі жөн ғой, - дейді кемпір. – менің сұрағыма жауап берші ендеше, сондай рахат тіршілікте сендерге әмірін жүргізетін, қыспаққа салатын біреулер бар ма, жоқ па?
– Иә, - дейді кісі, – онда хан да, хакімдер де бар, олар өздерінің қол астындағыларға салық салады.
– Сендердің рахаттарың өктемдіксіз, езушіліксіз болмайды, сондықтан ол жыланның уынан жаман, - дейді кемпір. У ішсем де, ондай рахатқа қарағанда, еркіндікте жүргенге не жетсін.
Аударған: Ә.Ахметов
Ұқсас жазбалар:
Қос қораз (орыс ертегісі)
Жолтерек. Ертегі